Жәрмеңкеге 40-тан астам отандық кәсіпкер қатысып жатыр.
Елорда күні «Астана Арена» маңында мерекелік жәрмеңке өтіп жатыр
Фото: Астана әкімдігі
408
оқылды

6 шілде күні таңертең Елорда күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында «Астана Арена» стадионының екінші автотұрақ аумағында мерекелік жәрмеңке ашылды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.    

Жәрмеңкеге 40-тан астам отандық кәсіпкер қатысып жатыр. Келушілер ұлттық нақыштағы қолдан жасалған зергерлік бұйымдарды, қазақстандық дизайнерлердің авторлық киімдерін, Астана мен еліміздің өзге өңірлерінің қолөнер шеберлерінің туындыларын сатып ала алады. Сондай-ақ мұнда ұлттық кәдесыйлар, аксессуарлар, сәндік бұйымдар және Қазақстанның бай дәстүрі мен заманауи мәдениетін дәріптейтін басқа да өнімдер ұсынылған. Қонақтар үшін фуд-корт, сауда павильондары, қолөнершілер жәрмеңкесі, ойын-сауық алаңдары, интерактивті аймақтар мен балаларға арналған ойын алаңдары ұйымдастырылған. 

Нұра ауданы Кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Айым Советованың айтуынша, мерекелік жәрмеңкенің басты мақсаты – тұрғындар мен қала қонақтарына отбасылық демалысқа қолайлы жағдай жасау. 

«Мерекелік жәрмеңке Елорда күніне арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындар мен қала қонақтарына бүкіл отбасы болып демалатын жайлы кеңістік ұсыну. Алаңда 40-тан астам кәсіпкер өз өнімдерін ұсынып отыр. Келушілерге сауда павильондары, фуд-корт, қолөнершілер жәрмеңкесі, балалар тауарлары, ойыншықтар мен тәттілер сатылатын орындар қызмет көрсетуде. Отандық өндірушілер мен қолөнер шеберлерін қолдауға ерекше көңіл бөлінді. Олар қолдан жасалған бұйымдарын, ұлттық киімдері мен әшекейлерін таныстыруда. Барлық қатысушы қажетті тексерулерден өтіп, тиісті рұқсаттарын алған», – деді ол. 

Жәрмеңкеге қатысушылардың бірі – елордалық дизайнер Жангүл Жұманбаева. Ол жәрмеңкеде өз әпкесімен бірге құрған қазақстандық брендтің өнімдерін ұсынды. 

«Біз әпкем екеуміз ашқан қазақстандық брендті жұртқа таныстырып жатырмыз. Этностиль бағытында жұмыс істейміз, табиғи әрі сапалы маталардан киім тігеміз. Коллекцияларымызда ұлттық ою-өрнек пен заманауи дизайнды үйлестіруге тырысамыз. Қазір этностильге қызығушылық артып келеді. Бұл бағыт бізге де жақын болғандықтан, ерекше үлгілер жасап, маталарды Қазақстанның және шетелдің әртүрлі қалаларынан алдырамыз. Алғашында өз топтамамызды жасауды мақсат еттік, кейін бұйымдарды өзіміз тіге бастадық. Негізінен өнімдеріміз дүкен арқылы сатылады және оған сұраныс жоғары. Бұл бізге жаңа топтамалар әзірлеуге шабыт береді», – деді дизайнер. 

Келушілердің айтуынша, мерекелік жәрмеңке отбасылық демалыс өткізуге қолайлы орынға айналған. 

«Біз мұнда отбасымызбен Елорда күнін атап өтуге келдік. Мұндағы атмосфера өте керемет. Балаларға арналған ойын-сауық көп, дәмді тағамнан ауыз тиіп, отандық шеберлердің еңбектерімен танысуға мүмкіндік бар. Осындай іс-шаралар мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, қазақстандық өндірушілерді қолдауға да ықпал етеді», – деді елорда тұрғыны Назым Исмағұлова. 

Мерекелік жәрмеңке сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар елорда тұрғындары мен қонақтарын алаңға келіп, отбасымен бірге уақыт өткізуге және Елорда күніне арналған мерекелік іс-шараларға қатысуға шақырады

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.