Қазір елордада жалпы құны 265,7 миллиард теңгеге жететін 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Астанаға бір жылда 1,6 миллион турист келді
356
оқылды

Елорда күні қарсаңында Астана өңірдегі ең қарқынды дамып келе жатқан туристік орталықтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Былтыр бас қалаға 1,6 миллион турист келіп, салаға рекордтық инвестиция тартылды. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Астанаға 1,6 миллион турист келді. Оның ішінде 380 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар. 2026 жылы да оң үрдіс жалғасып келеді. Жылдың алғашқы тоқсанында елордаға 352,2 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға көп. Олардың 67,9 мыңы – шетелдік саяхатшылар. Астанаға ең көп келетін туристер Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ елдерінен. Сонымен қатар Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да мемлекеттерден келушілер қатары артып келеді.

Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де тұрақты өсіп отыр. 2025 жылдың қорытындысында туристік саланың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 438,3 миллиард теңгеге жетіп, Қазақстан өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Биылғы қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 250 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.

Қазір елордада жалпы құны 265,7 миллиард теңгеге жететін 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында халықаралық қонақүй желілерін салу, экотуризмді дамыту және заманауи туристік инфрақұрылымды қалыптастыру жобалары бар.

Саланың өсіміне серпін беріп отырған негізгі бағыттардың бірі – оқиғалы туризм. 2026 жылдың алғашқы үш айында Астанада 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Оның 11-і халықаралық деңгейде өтті. Алдағы уақытта BaiQymyz этно-гастрономиялық фестивалі, Comic Con Astana фестивалі, «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі және Энрике Иглесиастың концерті өтеді. Бұл іс-шаралар Қазақстаннан және шетелден мыңдаған қонақ жинайды.

Астана халықаралық туристік кеңістіктегі орнын да нығайтып келеді. 2026 жылы қала Германия, Қытай және Оңтүстік Кореяда өткен ірі туристік көрмелерге қатысып, Ресейде роуд-шоу өткізді. Сондай-ақ бірден үш халықаралық туристік ұйымның құрамына енді.

Қалада туристік инфрақұрылым жүйелі түрде жаңартылып, жаңа музейлер ашылуда. Цифрлық сервистер жетілдіріліп, қалалық навигация мен туристерге арналған қолайлы жағдайлар жақсарып келеді.