2026 жылғы 27 маусым мен 3 шілде аралығында Болгарияның Варна қаласында өткен Еуропалық география олимпиадасында (European Geography Olympiad, EGeo) Қазақстан ұлттық құрамасы ел тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
13 мемлекеттен 100-ге жуық оқушы қатысқан халықаралық білім додасында Қазақстанның 9 оқушыдан құралған құрамасы 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, команданың барлық мүшесі жүлдегер атанды.
Олимпиада барысында қатысушылар физикалық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық география бағыттары бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларды орындап, картографиялық материалдар мен географиялық деректерді талдау дағдыларын сынға салды.
Алтын медаль иегерлері:
-Андрей Енбахтов – Қостанай қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;
-Сырым Амантай – Қарағанды облысындағы Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
Күміс медаль иегерлері:
Дарын Бекбол – Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы;
Азамат Жумажанов – Ақтөбе облыстық "Білім-инновация" лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
Айдос Серікбай – Алматы облысы, Есік қаласындағы А. Мәлкеев атындағы "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
Шыңғыс Мүрсәлім – Павлодар қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;
Нұрай Бакеева – Солтүстік Қазақстан облыстық "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Қола медаль иегерлері:
Амир Дарынов – Шығыс Қазақстан облыстық "Білім-инновация" лицейінің 11-сынып оқушысы;
Алан Козленко – Шығыс Қазақстан облыстық "Білім-инновация" лицейінің 11-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманы халықаралық олимпиадаға география пәнінің мұғалімі Нұрмағамбет Данат Мұратұлы (IQanat High School of Burabay) мен "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Шайхина Орал Бекболатқызы дайындап, жетекшілік етті.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан құрамасы Еуропалық география олимпиадасында 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған еді. Ал биылғы нәтиже — 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль — Қазақстанның осы беделді халықаралық додаға қатысу тарихындағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді.
Қазақстан құрамасын тарихи жетістігімен құттықтай отырып, алдағы 2026 жылғы Халықаралық география олимпиадасында (IGeO) жаңа белестерді бағындыруына тілектеспіз.
