Жалғыз үміт – жарықты сезу қабілеті сақталған бір көзі болған.
Алматыда дәрігерлер көру қабілетінен айырылудың алдында тұрған әйелге қайтадан жарық сыйлады
364
оқылды

Алматы қаласының тұрғыны көзінің түсін өзгерту мақсатында шетелде жасатқан операциядан кейін ауыр асқынуларға ұшырап, көру қабілетінен айырылудың алдында қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Дәрігерлердің айтуынша, операциядан соң әйелде глаукома дамып, көздің мөлдір қабығы бұлдырланған.

Асқынулар салдарынан пациенттің бір көзі толықтай көрмей қалған, ал екінші көзі тек жарықты ғана ажырата алатын күйге түскен. Соның нәтижесінде оған I топтағы мүгедектік белгіленген.

Көру қабілетін қалпына келтіру үшін әйел Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше клиникаға жүгінгенімен, мамандар тәуекелі жоғары болғандықтан операция жасауға келіспеген. Жалғыз үміт – жарықты сезу қабілеті сақталған бір көзі болған.

Күрделі жағдайды Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмолог-дәрігері Гүлзат Әбдірайымова өз мойнына алған.

«Гүлзат Әбдірайымованың күрделі операцияларды жасайтынын естіген соң, дәл осы дәрігерге жүгінуді жөн көрдім. Маған қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік берген кәсіби біліктілігі үшін дәрігерлерімізге зор алғысымды білдіремін», – деді пациент.

Дәрігерлердің айтуынша, операцияны жүргізуді көзішілік қысымның аса жоғары болуы қиындатқан. Сонымен қатар хирургиялық араласу кезінде экспульсивті қан кету қаупі жоғары болып, бұл көру қабілетін толық жоғалтуға әкелуі мүмкін еді.

Соған қарамастан мамандар тәуекелге барып, жарықты сезу қабілеті сақталған көзді аман алып қалуға шешім қабылдаған. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған операция барысында көзішілік қысымды төмендетуге арналған антиглаукомалық ем жасалып, кейін көздің мөлдір қабығы трансплантацияланған.

Нәтижесінде дәрігерлер көзішілік қысымды қалыпқа келтіріп, операцияға дейін тек жарықты ғана ажырата алған көздің көру қызметін қалпына келтірді. Хирургиялық емнен кейін пациент қайтадан көре бастаған. Қазір ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, оңалту курсынан өтіп жатыр.

Мамандардың айтуынша, мөлдір қабықты трансплантациялау офтальмологиядағы ең күрделі операциялардың бірі саналады. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай жоғары технологиялық оталар донорлық бағдарлама аясында жүргізіледі. Биылдың өзінде мұнда 12 мөлдір қабық трансплантациясы жасалып, көптеген пациенттің көру қабілетін сақтап қалуға және қалпына келтіруге мүмкіндік берілген.