2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан халқының 4,9%-ы немесе шамамен 1 миллион адам кедейлік шегінен төмен өмір сүрген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жоғары. Ал кедейлер саны бір жылда 10%-ға көбейген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, табысы нақты күнкөріс минимумынан (64,2 мың теңге) төмен азаматтар 173 мың отбасын құрайды.
Өңірлер арасында кедейлік деңгейі ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді – 8,5% (182 мың адам). Одан кейін Абай облысы – 7,6% (44,9 мың адам) және Маңғыстау облысы – 7,2% (60 мың адам). Әсіресе Маңғыстау облысында кедейлер саны бір жылда 31,5%-ға өскен.
Ең төмен көрсеткіш Астанада байқалды – 2,7% (44,5 мың адам). Одан кейін Қарағанды облысы – 2,8%, Атырау облысы – 3,5%. Алайда елордада да кедей тұрғындар саны бір жылда 34,8%-ға артқан.
Кедейлік шегінен төмен өмір сүретіндердің 77,5%-ы бес және одан көп адамнан тұратын көпбалалы отбасыларда тұрады. Бұл шамамен 788 мың адам.
Сондай-ақ елде 25,4 мың адамның айлық табысы азық-түлік қоржынының құнын да жаппайды. Олардың табысы 35,3 мың теңгеден төмен, ал мұндай азаматтардың саны бір жылда 1,5 есеге көбейген.
