Алматы облысында жаңа Конституцияның ресми түрде күшіне енуіне орай «Ата заң – Қуатты Қазақстан!» атты конференция өтті. Конференцияға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етіп, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері және жастар қатысты.
Ата Заң – қуатты Қазақстан
172
оқылды

Олар енгізілген жаңашылдықтардың маңызы, қоғамның дамуына тигізетін рөлі мен ықпалы туралы пікір алмасты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Марат Елеусізұлы жиынға жиналғандарды жаңа Конс­титу­цияның заңды күшіне енуімен құттықтап, жаңа Ата заң еліміздегі саяси және мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртқанын айтты.

«Жаңа Конституция азамат­тардың мемлекеттік басқарудағы рөлін күшейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға, адам құқықтарын қор­ғауды нығайтуға бағытталған. Пре­зидент атап өткендей, «Заң мен Тәртіп – мемлекет саясаты­ның ғана емес, ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуы тиіс». Сон­дай-ақ Мемлекет басшысының «Тазалық ұғымы ұлтымыздың бол­мыс-бітіміне тән асыл қа­сиетке, қоғамдық мәні зор құн­ды­лыққа айналып жатыр. «Таза Қа­зақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі» деген сөзін негізге ала отырып, облысымыздың бар­ша тұрғынын «Таза Қазақстан» акциясына белсенді атсалысуға шақырамын. Бұл – ой-сананың тазалығымен келетін дүние. Бүгінгі күнге дейін облысымызда 104 мыңға жуық ағаш отырғызыл­ды және 440 мың адам белсенділік танытып, жобаның жанашырына айналды», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ жаңартылған Конс­титуцияда білім беру мен ғылым мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындал­ғанын, тегін орта білім алуға бе­рі­летін кепілдіктер күшейтіліп, ал­ғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін жеткізді. Облыс әкі­мінің айтуынша, биыл өңірде білім беру саласына 409,8 млрд теңге бөлінген. Облыста 1 748 білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 470 мыңнан астам бала білім алып, тәрбиеленуде. Соңғы үш жылда облыста 69 мектеп бой көтерді. 2025-2027 жылдары 91 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Биыл 11 нысанда жөндеу жұмыстары жалғасып, 2026-2028 жылдары 11 жаңа мек­теп салу жоспарланған.

«Жаңа Конституцияның қа­ғидаттары адамдардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістер ар­қылы көрініс табуы қажет екенін атап өткім келеді. Бұл әрбір мемлекеттік қызметшіден жоғары жауапкершілікті талап етеді. Фор­мализмге, бюрократияға және азаматтардың мәселелеріне нем­құрайды қарауға жол жоқ. Әрбір басшы өз саласында өзгерістердің бастамашысы болып, қабылдан­ған шешімдердің нақты нәтиже­сіне жауап беруі тиіс», – деді Ма­рат Елеусізұлы. Сондай-ақ елі­міздегі бұрын-соңды болмаған, ең үлкен, ең ауқымды жоба – «Алатау сити» шаһары Алматы облысы аумағында бой көтеріп келе жатқанын айтып, жобаның сәтті жүзеге асуына жан-жақты кірісу керегін жеткізді.

Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәутәлиев жа­ңа Конституцияның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, заң үстемдігін нығайтуға және аза­маттардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашқа­нын тілге тиек етті. Оның ай­туынша, Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғам­дық кеңестер мен Халық кеңесінің рөлі артып келеді. Бұл институттар мемлекеттік органдар мен аза­маттық қоғам арасындағы тиімді диалог орнатып, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ше­шім қабылдау процесіне енгізуге, қоғамдық бақылауды күшейтуге ықпал етуде.

Конференцияда кәсіпкерлер қауымы атынан сөз сөйлеген «Дәу­лет-Бекет» шаруа қожалығы­ның басшысы Сыдық Даулетов ел­дегі экономикалық реформалар өнді­рісті дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орын­дарын ашуға бағытталғанын айтты.

Алматы облысының белсенді жасы Алина Кан жаңа Конститу­цияның заңды күшіне енуі Қа­зақстанның жаңа даму кезеңінің басталғанын білдіретін тарихи оқиға екеніне тоқталды.

«Жаңа Ата заңда заң үстемдігі, әділеттілік, қоғамдық келісім, адам құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғау, азаматтардың тең мүм­кін­діктері мен болашақ ұрпақ ал­дын­дағы жауапкершілік сияқты іргелі құндылықтар бекітілген. Бұл қа­ғидаттар әрбір азаматтың, әсіресе жастардың өмірлік ұста­нымына айналуға тиіс», – деді Алина Кан.

Конференция соңында бір­қатар азаматқа Мемлекет басшы­сының атынан Жаңа Конститу­ция­ның арнайы басылымы сал­­танатты түрде табысталды. Сон­дай-ақ сиясы кеппеген 2200 дана Ата заң облыс аумағындағы бар­лық мемлекеттік мекеме мен кі­тапханаға таратылды.

М.Төлеу