Сарапшылардың пікірінше, кезінде көліктер қоғам үшін қауіпті жаңалық ретінде қабылданған. Бірақ уақыт өте келе адамдар жол ережелерін, жаяу жүргіншілер өткелдерін және қауіпсіздік стандарттарын енгізіп, жаңа технологияға бейімделді. Сол сияқты қазіргі күні адамдар үшін жасанды интеллект технологиялары да бір қауіптің бастауы секілді қабылдануы заңдылық саналады.
Жаһандық жаппай цифрландыру үдерісінен Қазақстан да шет қалып жатқан жоқ. Биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қоғамның барлық саласына дерлік жаңа бастамалар енгізіліп, ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мәселен, білім жүйесінде қолданыла бастаған AI-SANA бастамасы мен MIT университетімен бірлескен Day of AI Qazaqstan бағдарламасын айтар болсақ, бұл жобалардың мақсаты – оқушыларды жасанды интеллектіні тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету, олардың цифрлық құзыреттерін қалыптастыру. Сала мамандарының пікірінше, жаңа білім беру моделі оқушылардың дайын ақпаратты жаттауынан гөрі талдау, зерттеу және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға басымдық береді. AI күрделі физикалық процестерді визуализациялауға, химиялық тәжірибелерді модельдеуге, математикалық есептердің бірнеше шешу жолын көрсетуге мүмкіндік береді.
Дегенмен жоғарыда айтқанымыздай, кез келген технология секілді жасанды интеллектінің де көлеңкелі тұстары бар. Бүгінде мектеп оқушысы интернетке тек сабақ оқу үшін кірмейді. Оның күнделікті өмірінің едәуір бөлігі әлеуметтік желілермен, бейнеплатформалармен және мессенджерлермен тығыз байланысты. Мысалы, «Касперский зертханасы» атты халықаралық компания жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, елімізде балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Олардың 28%-ы барлық бос уақытын гаджеттерге үңілумен өткізеді. Жасөспірімдердің 74%-ы TikTok желісін, 59%-ы YouTube-ты, 57%-ы Instagram-ды белсенді қолданады. Сонымен қатар ата-аналардың 62%-ы балалардың экран уақытын бақылауға арналған арнайы бағдарламаларды пайдаланбайды. Ал 4-6 жас аралығындағы балалардың 17%-ы интернет арқылы сауда-саттық жасайды. Сондай-ақ егер оқу үдерісі де толық цифрланса, балалардың экран алдында өткізетін уақыты бұрынғыдан да көбейетіні белгілі. Сондықтан алдымен баланың құқығы, оның амандығы мен қауіпсіздігін бәрінен жоғары қою маңызды.
– БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ ұйымы Қазақстанның мектептерге жасанды интеллектіні асықпай, кезең-кезеңімен енгізуін құптайды. Бұл жаңа технологиялар баланың сабақ оқуына, ой-өрісін дамытуға және заманауи болашаққа дайындалуына көмектесуі керек. Бірақ ең бастысы – баланың құқығы, оның амандығы мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруға тиіс.
Бүгінде «цифрлық сауаттылық» дегеніміз – жай ғана компьютерді қосу немесе интернетке кіру емес. Балалар бұл ақылды бағдарламалардың қалай жұмыс істейтінін, оның қандай пайдасы мен зияны барын түсінуі керек. Олар өздері туралы мәліметтерді қайда жазып жатқанын, интернеттегі ақпараттың өтірік-шынын қалай ажыратуды және бұл технологияны сабақта қалай дұрыс пайдалануды үйренуі тиіс. ЮНИСЕФ жасанды интеллект мектепте тек балаға нақты пайда әкелетін болса және қауіпсіз болса ғана қолданылуы керек деген ұстанымды қолдайды. Сондықтан бұл жаңашылдықпен бірге баланың жеке деректерін қорғау, интернетте бірін-бірі қорлаудан (кибербуллинг) сақтау және өтірік ақпаратқа сеніп қалмауды үйрету шаралары қатар жүруі қажет, – дейді БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілінің орынбасары м.а Раушан Ибрашева.
Себебі цифрлық кеңістіктегі қатерлер күн өткен сайын күрделеніп келеді. Кибербуллинг, онлайн алаяқтық, жеке деректердің таралуы, интернет-тәуелділік, онлайн груминг, тіпті жасанды интеллект көмегімен жасалатын жалған бейнелер мен дауыстар – мұның бәрі баланың психологиялық және ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Инфрақұрылым фильтрлеуге дайын, бірақ...
Соңғы жылдары халықаралық сарапшылар балаларға төнетін ең үлкен интернеттегі қауіптер қатарына онлайн грумингті қосып жүр. Мамандардың айтуынша, груминг термині психологияда бұрыннан бар. Яғни адамның сеніміне кіріп, оған манипуляция жасау процесі груминг деп аталады. Ал онлайн-груминг – осы құбылыстың интернет арқылы жүзеге асатын түрі, яғни әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде баламен байланыс орнатып, біртіндеп психологиялық ықпал ету және қысым жасау.
– Әдетте мұндай процесс бірден қауіпті сипатта басталмайды. Алдымен қарапайым таныстық, лайк басу, пікір жазу, жылы сөз айту сияқты әрекеттер болады. Уақыт өте келе әңгіме жеке сипатқа ауысады. Грумер балаға жеке фотосуреттер немесе бейнежазбалар жіберуді сұрауы мүмкін, сондай-ақ интимдік немесе жеке тақырыптарға көшуге де итермелеуі мүмкін. Кейін бұл әңгіменің «қалыпты» екенін айтып, оны ешкімге айтпауды талап етіп, қорқыту, қысым жасау әдістерін қолдануы мүмкін, – дейді психолог маман Ғайни Ықылас.
Оның сөзінше, онлайн-грумер – кәмелетке толмаған баламен интернет арқылы әдейі байланыс орнатып, оның сеніміне кіріп, кейін зиян келтіруді мақсат ететін ересек адам. Бұрын мұндай әрекеттердің артында нақты адам тұрса, бүгінде жасанды интеллект олардың мүмкіндігін бірнеше есе арттырды. deepfake технологиялары адамның дауысын айнытпай көшіруге мүмкіндік берсе, AI көмегімен жасалған фотосуреттер мен бейнелерді қарапайым адам шынайы материалдан ажырата алмайтын жағдайлар көбейді. Автоматтандырылған чат-боттар тәулік бойы сөйлесіп, адамның мінез-құлқын зерттеп, сеніміне кіруге қабілетті. Бұл – цифрлық қауіпсіздік мәселесінің енді тек ақпараттық емес, психологиялық әрі құқықтық сипат алып отырғанын көрсетеді.
Қазір Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу туралы норма қарастырылып жатыр. Жалпы, балаларды кибербуллингтен, интернет алаяқтарынан, онлайн грумингтен және зиянды контенттен қорғау үшін белгілі бір дәрежеде шектеулер енгізу әлемдік тәжірибеде бар. Мысалы, Аустралия 2025 жылдың желтоқсанында 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға толық тыйым енгізген. Қазір Ұлыбритания үкіметі де осыған ұқсас бастаманы қарастырып жатыр. Сондай-ақ Канада, Франция және Дания да осыған ұқсас бастамаларды әзірлеуге кіріскен. Ал Швеция мектептері iPad құрылғыларынан бас тартып, қайтадан қағаз оқулықтар мен қолмен жазуға көше бастаған.
Шектеу туралы сөз болғанда, Раушан Ибрашеваның айтуынша, интернет сайттары мен бағдарлама иелерінің жауапкершілігі, баланың жасын тексерудің қауіпсіз жолдары, баланың жеке мәліметтерін қорғау және құпиялылықтың түсінікті әрі автоматты түрде орнатылған параметрлері болуы керек.
– ЮНИСЕФ мұндай бастамаларды, ең алдымен, бала құқықтары тұрғысынан қарастырады. Балаларды интернеттегі жаман нәрселерден, біреудің тиісуінен, алдап-арбаудан және сананы улайтын бағдарламалардан қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бірақ біздің айтарымыз: тек «болмайды» деп жасқа шектеу қою жеткіліксіз. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Мұндай шаралар балаларды зияннан қорғайтын, олардың жеке өмірге және қатысуға деген құқықтарын құрметтейтін, сондай-ақ оларды реттелмейтін және қауіптірек цифрлық кеңістіктерге ысырып тастамайтын кеңірек жүйенің бір бөлігі болуы керек. Сонымен қатар ата-аналарға көмек беру және балалардың интернеттегі сауаттылығын арттыру маңызды, – деді маман.
Дегенмен балаларды интернетте қорғаудың бүкіл әлемге ортақ бір ғана ережесі жоқ. Сарапшының сөзінше, Қазақстан үшін заңды қатайту, платформаларға жауапкершілік жүктеу ең тиімді жол саналады. Сонымен қатар балалардың жас ерекшелігін растаудың тиімді жүйесін енгізу, оларға ұсынылатын контентті сүзгіден өткізу және қауіпті аккаунттарды жедел анықтау секілді халықаралық тәжірибелерге сүйену маңызды.
– Қазақстанға басқа елдің істегенін айнытпай көшіре салудың қажеті жоқ. Біз өзімізге ең тиімділерін таңдап, біріктіруіміз керек: мектепте балаларды интернетке баулу, олардың жеке мәліметтерін қорғау, платформаларға талап қою және осы ережелерді жасағанда балалардың өз пікірін де тыңдау маңызды, – деді Р. Ибрашева.
Ал қарсы пікірдегі сарапшылар әлеуметтік желілерді толық шектеу техникалық жағынан да, әлеуметтік тұрғыдан да күрделі екенін айтады. Өйткені балалардың басым бөлігі жасын өзгертіп көрсету арқылы аккаунт аша алады. Оның үстіне, әлеуметтік желілер бүгінде білім алу, шығармашылықпен айналысу және қоғамдық өмірге араласудың маңызды алаңына айналған. Бұл тұрғыда көптеген маман мәселенің шешімі тыйым салуда емес, тиімді реттеуде екенін айтады.
Елімізде балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу бастамасының техникалық орындалу мүмкіндігін CyberX компаниясының бас директоры, ақпараттық қауіпсіздік маманы Батыржан Шақманов түсіндірді. Оның айтуынша, елімізде әлеуметтік желілерді бұғаттауға қажетті барлық негізгі техникалық құрал бар.
«Техникалық тұрғыдан белгілі бір деңгейде шектеу енгізу мүмкін. Қазақстанда IP және домен деңгейінде блоктау, трафикті баяулату (throttling), DPI сияқты құралдар бұрыннан қолданылады. Яғни «TikTok немесе YouTube-ты толық өшіру» – техникалық жағынан орындалатын нәрсе», – дейді Батыржан Шақманов.
Алайда ол белгілі бір жас санатына ғана шектеу қою қиындық тудыратынын атап өтті.
«Бірақ 16 жасқа дейінгі балаларға ғана шектеу қою – өте күрделі механизм. Байланыс операторлары немесе интернет-провайдерлер трафик арқылы қолданушының жасын көре алмайды. Ол үшін SIM-карта иесінің жасын есепке алып, балаларды бөлек санат ретінде фильтрлеу керек. Бұл – үлкен техникалық өзгерістер және қателік қаупі жоғары процесс», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, елдің инфрақұрылымы фильтрлеуге дайын болғанымен, нақтылық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету әлдеқайда қиын міндет. Сондықтан бүгінде бізге ең алдымен ақылды технология емес, сол технологияны саналы пайдаланатын ұрпақ қажет.
Тілекгүл Есдәулет
