Ел қауіпсіздігін сақтап, қылмыспен күресте алдыңғы шепте жүретін жедел уәкілдердің еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық. Солардың бірі – Астана қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция полковнигі Қуат Әлкеев.
Бала кезінен табиғатқа жақын болып өскен ол жануарлардың ізін бақылап, аңшылыққа қызыққан. Сол қызығушылық оның болашақ мамандығын таңдауға да әсер етті – ол әрдайым жедел қызметкер болуды армандаған. Бүгінде сол арманына жетіп, өз ісінің нағыз шебері атанып отыр.
Полиция полковнигінің ішкі істер органдарындағы еңбек жолы 2002 жылдан бастау алады. Содан бері ол саналы ғұмырын қылмыспен күреске арнап, жедел уәкіл қызметінде шыңдалып, мол тәжірибе жинақтады. Оның кәсіби шеберлігі мен табандылығы талай күрделі істің ашылуына себеп болды.

Қызмет барысында жедел уәкіл талай күрделі қылмыстың бетін ашқан кәсіби маман. Соның бірі – ірі қаржы ұйымына жасалмақ болған тонау әрекетінің алдын алу ісіне қатысуы.
Сондай-ақ оның қызмет жолында есте қалған ерекше оқиғалардың бірі – пәтер ұрлығын жасаған қылмыскерді ұстау сәті.
Күдіктінің ізіне түскен ол бір күні оның көпқабатты үйдің кіреберісіне кіріп кеткенін байқайды. Алайда нақты қай пәтерге кіргенін анықтай алмайды. Жедел уәкіл сабыр сақтап, сырттай бақылауды жалғастырады.
Біраз уақыт өткен соң үйден бір әйел адам шығады. Үстінде тон, аяғында биік өкшелі аяқ киім, басында ақшыл түсті парик, ерні бояулы – сырт көзге еш күдік тудырмайтын бейне. Кәдімгі тұрғын секілді жайбарақат жүріп келе жатқанымен, тәжірибелі жедел уәкіл оның жүріс-тұрысынан күмәнданады.

Қуат дәл сол сәтте кәсіби түйсігіне сеніп, әлгі “әйелді” тоқтатады. Тексеру барысында оның шын мәнінде ер адам екені, пәтер ұрлығын жасап, ізін жасыру үшін әйел кейпіне енгені анықталады.
Осылайша, қырағылық пен тәжірибенің арқасында қылмыскер дер кезінде ұсталып, қылмыс әшкереленді.
Бұл оқиға жедел қызметтің басты қағидасын дәлелдейді: кейде ең ұсақ деталь – шешуші рөл атқарады.
Тәртіп сақшысы отбасылы, төрт баланың әкесі – екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке.
Ол – үлкен әулеттен шыққан азамат. Отбасында тоғыз ағайынды. Ағасы Ішкі істер министрлігінің ардагері болса, жұбайы көші-қон полициясында қызмет атқарады.
Атасы - текті аңшы, аңшылықпен айналысқан, бұл да Қуаттың табиғатқа жақын болуына ықпал етті.
Қызметтен тыс уақытта ол балық аулау, аңшылық және атқа міну сияқты дәстүрлі ер-азаматқа тән істермен айналысқанды ұнатады. Бұл оның мінезіндегі төзімділік пен сабырлылықты қалыптастырады.
Еңбегі елеусіз қалған емес. Ол бірнеше медальдармен, “ІІМ-нің үздігі” төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай бағалы сыйлық – қолсағатпен наградталды.
Полиция полковнигі өз кәсібі туралы:
«Әрбір жедел уәкілдің өмірінде бәрін санаулы секундтар шешетін сәттер болады және олар жылдар бойы есте қалады», – дейді.
Бұл сөз оның қызметінің қаншалықты жауапты, әрі шешуші сәттерге толы екенін айқын көрсетеді.
