Елімізде халықтың басындағы несие көлемінің тым артып кеткені жиі айтылады. Сол қыс­пақ­тан шығудың жолы деп билік жаңа несие беру тәртібін заңмен қатаңдатып жіберді.
Несиенің кебін киген халық па, Үкімет пе?
256
оқылды

Тек қара халықты тәртіпке салуға келгенде тайсалмайтын Үкімет өз тәртібін түзеуде тайсақтап отыр. Онсыз да сыртқа 17 млрд доллар қарыздар болып отырғанда екі бірдей банктен тағы несие алмақшы. Бұл – ешқандай квазимемлекеттік секторды қоспағандағы, таза Үкіметтің сыртқы қарызы. Бір қызығы, Мәжілістің өткен аптадағы отырысында «бір қарызды екінші қарызбен жауып жатыр» деген сөз айтылып қалды. Неге мұндай күйге түстік? Осы біздің халық тұрмақ, Үкіметтің өзі несиеге белшесінен батып кеткен жоқ па?

Айтып отырған екі қаржы институты – Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвес­ти­циялар банкі. Біріншісінен алатын несие – 600 млн доллар. Екіншісінен 62,3 млрд жапон иені несиеге беріледі, ол шама­мен 400 млн доллар. Екі несие де 11 жыл мерзімге берілген. Жалпы көлемі 1 млрд доллар Қаржы ми­нистрі Мәди Такиевтің айтуын­ша, бюджет тапшылығын қаржы­ландыруға жұмсалады. 

2026 жылғы бюджет шығыс­тары – 27 трлн теңге. Бюджеттің өз табысы 19,3 трлн теңге болған. Осыдан қалыптасқан жыртықты жамау үшін Ұлттық қордан келетін 2,8 трлн теңге кепілді трасферт бар. Содан қалатын бюджет тапшылығы қазір 4,6 трлн теңге. Оған осы 490 млрд теңге қосылады. Сосын халық­ара­лық нарықта 1-1,5 млрд доллар көлемінде еурообли­га­циялар шығару көзделген. Қал­ғанын жыл бойы тағы түрлі қарыз алып, жыртықты осындай әдіс­пен жаппақшы.

Көршілер арасында қарыз алудан үздікпіз

Бюджет тапшылығын жою әлбетте, Үкіметтің ең маңызды жұмысы. Бірақ оны қарызбен толтыра беру қаншалықты тиім­ді? Сыртқы қарызға қатысты түрлі статистика осындай кү­мән­ді сұрақ тудырмай қоймайды. Мәселен, ТМД Статистика комитеті мен Еуразиялық эконо­микалық комиссияның мәлімет­тері бойынша, Орталық Азия елдерінің (оның ішінде Түрік­менстан жоқ) сыртқы қарызы соңғы бес жылда 34,9%-ға өскен. Өткен жылдың қорытындысында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз­стан және Тәжікстанның жиын­тық сыртқы берешегі шамамен 290,8 млрд долларды құраған. Бұл мәліметті ranking.kz сарапта­ма сайты берді. 

Енді қызығы, осы қомақты қарыздың ішінде орасан үлесін – 62,5%-ын Қазақстан алып тұр. Егер 2020-2023 жылдары қарызы­мыз 161,1-164,7 млрд доллар ара­лығында өзгеріп отырса, был­тыр 181,8 млрд долларға бір-ақ жетіпті. Алдыңғы жылдары өсім 0,1%-2,8% шамасында болып жүрсе, былтыр бірден 10,4%-ға артқан. Мұндай қарқын көр­шілерімізде байқалмайды. Де­ген­мен осы миллиардтардың ішінде меморгандарының үлесі – небәрі 8,8% екен. Бірақ бұл да жұбаныш емес. Өйткені былтыр 12,8 млрд доллар болып тұрған қарызды бір жылда 16 млрд долларға дейін өсіріп жіберіппіз. 

Ақыры бюджет жыртығын жа­маймыз деп қарызданған екен, ендеше республикалық бюджет салаларды қаржылан­дыруға қабілетті болып тұрса, қанекей?! Өкінішке қарай, жағ­дай бәрібір кері кетіп тұр. Бұл жайындағы Мәжіліс депутаты Ай­дарбек Қожаназаровтың мә­лім­­демесіне қарайық. Үкімет жариялаған ЖІӨ-нің 6,5%-дық өсімі құр қағаз жүзінде болып отыр. Жұрттың табысы тек тіршілігі мен несиелерін төлеуге жұмсалып келеді.

Осыларды айтқан депутат мына бір жөнсіздіктерге наразы­лық білдіреді. Былтыр Үкімет депутаттармен келіспей, бюд­жетті 8 рет түзеткен. Стратегия­лық бағдарламалардан қаражат алынған. Соның ішінде әлеумет­тік қорғау мен денсаулық сақтау салаларынан 125 млрд теңге қысқартылған. Сонымен қатар 75 млрд теңге көлеміндегі 99 инвестициялық жоба тоқтатыл­ған. Демек, неше мәрте сағаттап отырып талқыланған парла­мент­тік тыңдаулар, депутаттар мен қоғамның орасан еңбегі зая кетті деген сөз.

Әсіресе, салық саясатына ерекше назар аудартқысы келеді. Үкімет экспорттаушыларға қай­тар­ылуға тиіс қосылған құн салығын тоқтатып қойған. Бұл дегеніңіз – кәсіпорындардың қаражат айналымында жүруге тиіс 898 млрд теңге Үкіметтің өз қалтасында қалды деген сөз. Бұдан бөлек, 2025 жылғы бюджет тапшылығын жабу үшін Мем­лекеттік кірістер комитеті 2026 жылға тиесілі 154 млрд теңге сал­ық­ты алдын ала жинап алған. Оның арты бизнес өкілдері жаппай сотқа жүгінуге әкеліп, мемлекет әрбір екінші істе ұтыл­ып жатыр. Салық төлеушілердің пайдасына шығарылған сот ше­шімдерінің үлесі 52,6%-ға дейін өскен.

Экономикаға деп алып, несиеге жұмсаймыз

Егер халықаралық қаржы ұйымдарынан осыған дейінгі алынған қаражат экономиканы қаржыландыруға жұмсалып жатса, нәтижесі қайда? Мемле­кет неге кәсіпкерлердің қалтасы­на қол сұғады? Бір жағынан, бюджет тапшылығы анау-мынау емес, бірнеше триллион теңгеге жетіп жатқанда бұл да түсінуге болатын жағдайға ұқсайды. Әйтсе де, Мәжіліс депутаты Ер­лан Стамбековтің сөзі тағы ойландырмай қоймайды. Деп­утат­тың сөзінше, мемлекет аза­мат­тардан қаржылық тәртіпті талап ете отырып, өзі қарыз жүк­темесін арттыруды жалғас­тырып отыр. Сөйтіп, берешекті арттырып, бұрынғы қарыздарын қайта қаржыландыруға көп шы­ғындалып жатқанына налиды. 

                                                                               © коллаж: Елдар ҚАБА

Депутаттың айтуынша, бү­гін­де банктер қарыз алушы­лар­дың төлем қабілеті мен борыш­тық жүктемесін бағаламай несие бере алмайды. Ендеше дәл осындай тәртіп мемлекеттік қаржыға да қолданылуға тиіс деп санайды. Әсіресе, 2025 жылы тартылған қаражаттың жарты­сы­нан көбі, яғни 8,2 трлн теңге­нің 51%-ы экономиканы дамы­ту­ға емес, бұрыннан бар қарыздарды өтеуге жұмсалған атап өтті. 

Әйтсе де, Қаржы министрі қазіргі мемлекеттік қарыз дең­гейі әзірге қауіпсіз шекте екенін тағы қайталады. Оның сөзіне қарағанда, жыл басындағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 36,4 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 22,8%-ын құраған. Қазір ол 36,6 трлн теңгеге дейін өскен. Бірақ эко­номика 6,5% өскендіктен, қар­ыз­дың қатынасы 20%-ға дейін түскен. Ал біздегі бекітілген талап бойынша мемлекеттік қарызды 32%-дан асырмау керек. 

Ал тікелей мемлекеттік қа­ры­зға келсек, ол – 17 млрд доллар. Ол ЖІӨ-нің шамамен 4,5%-ына тең. Такиевтің айтуын­ша, бұл көрші елдердің көбімен салыс­тырғанда әлде­қайда төмен.

Компаниялардың өз «кеселі» бар

Экономист Сапарбай Жо­баев­тың пікірінше, дамыған елдер­дің кейбірінде мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нен де өсіп кетіп жатады. Мысалы, Британия, Жапония, АҚШ-тарда ЖІӨ-ге жақын. Біздегі бюджеттің мойнына түсетін 17 млрд доллар өте аз. Ал жалпы қарыз сана­ла­тын 182 млрд доллардан қорқу­дың қажет жоқ. Мысалы, мұнай шығарылып жатқан «Қашаған­дағы» Солтүстік Каспий кор­порациясына 7-8 мемлекеттің инвесторлары жиналған. Солар Нидерланды банкінен 40 млрд доллардан артық қарыз алды. Енді оны төлейтін – «Қашаған­ның» өзі. Егер қарызынан құты­ла алмай жатса, оған Қазақстан бір тиын да төлемейді, яғни еш кепілдік бермеген. 

Сол сияқты Қазақстанда жұ­мыс істейтін шетелдік компания­лар шын мәнінде өз банктерінен өздері қарыз алады. Тек Қазақ­станда заңды тұлға ретінде тір­келген соң біздегі мемлекеттік қар­ызға қосып есептеле береді. Сөйтіп, әлгі 182 млрд доллардың шамамен 120 млрд-ы осындай компаниялардың еншісінде. Одан бөлек, тағы 40 млрд-тай банктердің қарызы бар. Оған да банктердің өздері жауап береді.

«Ал Үкіметтің 17 млрд дол­лары­на келсек, Қазақстан үшін бұл да қомақты қаражат. Соны жауып отыруға жыл сайын менің білуімше, 1,5 трлн теңге кетеді. Дамушы мемлекет үшін бұл көп. Дамыған елдер үшін қорқын­ышты емес. Себебі олар өте тиім­ді пайдаланады. Ғарышты игеру­ге, жаңа технологияларға, сол сияқты тиімді жобаларға жара­­тып, одан да көп пайда табады», – дейді ол.

Экономист тағы екі жайтты ерек­шелеп айтады. Біріншіден, біздегі жемқорлық мәселесі де жағдайды ушықтырып тұр. Transparency International рейтингінде Қазақстан 96-орында. Жалпы 80-орыннан әрі қарай жемқор елдер санатына кіреді десек, біздің жағдай мәз емес. Ақыр­ында қарызға алған қаражаттың біразы сол коррупционерлердің қал­та­сына кетеді. Мұнайда қарызға алған ақшаның дұрыс жұмсалуын қатаң бақылау керек. Бұл орайда Жоғары аудиторлық палатаның дүркін-дүркін беріп жатқан есебін құптайтынын айтады. 

Екіншіден, «Самұрық Қазы­на» ҰК-ға қарасты квази­мем­лекеттік алпауыт компаниялар өз жанынан 500-ге жақын серіктес компания ашып алған. Соның бәрі бюджеттен қаржылан­дыр­ылады. ЖАП та сол себепті елде жүздеген компанияны жабу қа­жет екенін туралы бекер айтып жүрген жоқ.  

Ербол ТҰРЫМБЕТ