Алғашқы «Ойыншықтар хикаясы» мультфильмінің көрермені қазір қамал алар қырық жасты еңсерді. Осыдан 31 жыл бұрын аталмыш комедиялық-драма мультфильм тұңғыш рет кейіпкерлерін көрерменіне ұсынса, күні кеше «қартайған» ойыншықтар жаңаша мазмұнда бесінші рет әлем көрерменімен қайтадан қауышты.
Ойыншық пен гаджет тартысы
207
оқылды

Disney&Pixar студияларының «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмі биыл әлемнің 40-тан аса тіліне аударылып, дубляждалған. Соның ішінде қазақ тілі де бар. Елордалық көрерменмен бірге біз де сиквелдің қазақ тіліндегі арнайы көрсетіліміне қатысып, бірнеше буын алмасқан кейіпкерлер оқиғасын тамашалап қайттық. 

Астронавт Базз Лайтер, ков­бой Вуди мен қайсар Джесси – «Ойыншықтар хикаясы» әлемінің ажырамас кейіпкерлері. Оларсыз бұл мультфильмді елестету мүмкін емес. Қанша уақыт өтсе де «Біз балаларды бақытты етуіміз керек» деген миссиясынан айныған жоқ. Жаңа бөлімнің оқиғасына ойысар алдында бұрынғы маусымдарына қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік. Сонау 1995 жылы жарық көрген алғашқы 3Д үлгісінде тү­сірілген «Ойыншықтар хикаясы» бірден талайдың жүрегін жаулады. Сондағы ойыншықтардың иесі Энди есімді сүйкімді бала еді. Энди үшін ең қымбат ойыншық – ковбой Вудидің орнын сол кездегі заманауи ғарышкер Базз Лайтер басып, Вудидің беделіне қауіп төн­діреді. Бәсекелестіктен бас­тал­ған тартыс уақыт өте келе шы­найы достыққа ұласып, мульт­фильмнің басты идеясына ай­налды. Төрт жылдан кейін шық­қан жалғасында Вуди өзін қа­жетсіз сезіне бастайды. Дәл осы бөлімде көрермен Джесси, Булзай және Алтын іздеуші секілді жаңа кейіпкерлермен танысты. Олар ойыншықтар әлемін бұрынғыдан да байыта түсті. Үшінші бөлімде Энди есейіп, балалық шағымен қоштасады. Ол өзіне ең қымбат ойыншықтарын кішкентай қыз Бонниға табыстайды. Вуди дос­тарынан бөлініп, өз жолын таң­даған еркін ойыншыққа айналып иесіз қалды. Ал соңғы маусымы ті­келей қазіргі жағдаймен бай­ланысты. Яғни бұл кезең «ойын­шықтар дәуірі бітті» деген түсі­нікке қарсы шыққан ойын­шық-тардың шытырманға толы оқи­ғасы баяндалады. Мультфильмге жаңа кейіпкер Лилипад деген ақылды планшет-трансформер қосылды. Үйге Лилипадтың кел­гені ойыншықтар әлеміндегі тепе-теңдікті бұзып, командаға үлкен сынақ әкелмек. Сөйтіп, техно­ло­гия үстемдік құрған әлемде олар өз орнын сақтап қалу жолында тал­пынады. Ойыншық-қаһарман­дар гаджеттер баланы ерте есейте­тініне алаңдап, смарт-құрылғы­ларды бүлдіршін өмірінен ал­шақ­татуға тырысады. Сонымен қатар мультфильмде жарамсыз деп та­­ныл­ған 50 шақты ойыншық-нео­вирусқа қарсы тұру секілді қызық­ты сюжеттік желілер бар. Жаңа бө­лім қазіргі өмір салты мен бала­лардың технологиямен қа­рым-қа­тынасын көрсету арқылы маңызды әлеуметтік мәселелерді көтереді.

Фильмдерді түрлі елдің ауди­ториясына бейімдеп, жергілікті тілдерге дубляждау – Disney ком­паниясында бұрыннан қалып­тасқан тәжірибе. Компания жыл сайын фильмдерінің 40-тан астам тілдегі нұсқасын әзірлейді. Соңғы үш жылда Disney студиясы «Ой­жұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» және басқа да туындыларды қоса алғанда, 10-нан астам фильм­ді қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырды. Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қоға­мы­ның президенті Рауан Кенже­ханұлы қазақ тіліндегі мазмұнға деген сұраныстың жүйелі түрде артып келе жатқанын атап өтті. 

«Бүгін біз қазақша дубляжды қолдап жүрген тіл жанашырларын арнайы жинадық. Мұндай көрсе­тілімдердің мақсаты – қазақ ті­ліндегі сапалы мазмұнға деген қолдауды күшейту және көрермен назарын аудару. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі фильмдерге деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Ки­нотеатрларға қазақша сеанстарға келетін көрермен көбейді, ата-аналар балаларын қазақ тіліндегі фильмдерге жиі алып келе бас­тады. Бұл – қазақ тіліндегі кон­тент нарығының қалыптасқанын көрсететін маңызды өзгеріс. Әлем­дік студиялардың қазақ тілін­дегі дубляжға тұрақты түрде инвестиция салуы да осы сұра­ныстың нәтижесі деп ойлаймын. Сондықтан қазақ тіліндегі фильм­дерді қолдауға шақырамыз», – деді Рауан Кенжеханұлы.

Ұлттық фильмдердің сапасы мен бәсін арттыруды мақсат еткен осындай ауқымды жобаның дуб­ляж режиссері Шах-Мұрат Ор­дабаевтың айтуынша, мультфильм – баласын гаджет пен цифрлық буллингтен қорғай алмай отырған ата-анаға сабақ. Жаңа қырынан ашыла беретін бітпейтін фран­шизаның жалпы мәтінін аударуға, кастингі және дыбыстау жұмыс­тарына шамамен бір айға жуық уақыт алыпты. 

– Бесінші бөлімінің де сәті келді. Фильмде бүгінгі қоғамдағы басты мәселе көтеріледі. Балалар смартфоннан, планшеттен бас кө­термейді. Тіпті, бір-бірімен де сөйлеспейді. Міне, осындай жа­һан­дану, цифрландыру, жаңа гаджеттер дәуірінде онлайн өмір мен әлеуметтік желілер әлі санасы бекімеген, бұғанасы қатпаған балалар үшін қаншалықты кері әсер тудыратыны туралы ойды жақсы қозғайды. Бұл  жағдаймен бала емес, әке-шешесі емес, осы ойыншықтар күреседі. Туындыда балалар арасындағы буллинг мәселесі де назардан тыс қал­маған. Жобаның дубляж құрамы­на кәсіби мамандар, театр және кино актерлері тартылған. Басты кейіпкерлерді тәжірибелі дубляж шеберлері дыбыстаса, қосалқы рөлдерге де көрерменге жақсы таныс өнер иелерін шақыруға тырыстық. Оның ішінде Асан Мә­жит, Әбілмансұр Серіков, Зарина Кәрмен сынды көпшіліктің көзайымына айналған әртістер бар, – дейді ол.

Дубляж режиссерінің ай­туынша, фильмдегі басты кейіп­керлерге кастинг үшін түрлі эмо­циялық сахнаның видеокескіндері жіберілген. Онда кейіпкердің ашу­лануы, айқайлауы секілді әр­түрлі көңіл күйін дубляж актерлері қазақ тілінде дыбыстап, өз қабі­летін көрсетуге тиіс. Қазақтілді жоба болғандықтан, басты та­лаптың бірі – тілдің тазалығы мен табиғи әуезін сақтау. Бұдан бөлек, әртістің кәсіби біліктілігімен қатар, төзімділігі де маңызды.

– Дыбыстау процесі кейде 3-4 сағаттан 10 сағатқа дейін созы­ла­ды. Басты кейіпкерлердің бірі – жас қыз Боннидің дауысын дуб­ляждаған Айзере Беркімбай үшін бұл үлкен сынақ болды. Ол кейіп­керді қазақ және орыс тілдерінде қатар дыбыстап шықты. Бұл жас актрисаға оңайға соқпаса да, оның қайсарлығы мен еңбек­қорлығын айқын көрсетті, – дейді Ш. Ордабаев. 

Қуантатыны сол – соңғы жылдары қазақша дубляждалған фильмдерге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Бұл көрер­меннің ана тіліндегі сапалы кон­тентке сұранысының көбейгенін көрсетеді. Бүгінде қазақ тілі тек тұрмыстық деңгейде ғана емес, заманауи мәдениет пен цифрлық кеңістікте де өз орнын нық қа­лып­тастырып келеді. Арнайы көрсетілімнен шыққан көрермен Айым Балабек те балалардың қа­зақ тілінде шығып жатқан ани­ма­цияларды көруге ерекше құл­шы­ныс білдіріп жатқанын айтады.

«Бұл мультфильмді баламмен бірге көріп шықтым. Ең алдымен қазақша дубляжы көңілден шық­ты, балаларға түсінікті, жеңіл әрі табиғи жеткізілген. Бала да қы­зы­ғып отырып көрді. Маған ұна­ға­ны – ойыншық ойнаған бала ғана шын бақытты болатынын түсін­діруінде. Меніңше, бұл ба­ла­ларға ғана арналмаған, ке­рісінше ата-ана көруі керек сияқты. Бала­сы­ның достарымен қандай қарым-қатынаста екенін бақылап отыруы керек. Сон­дықтан «Ойыншықтар хикаясын» кез келген ата-ана еш қымсынбай баласымен бірге көруге тұрарлық туынды деп есеп­теймін», – дейді көрермен. 

«Ойыншықтар хикаясы 5» анимациясын ойнақы кино мен компьютерлік графиканың сапа­лы симбиозы десек те болады. Өйт­кені негізгі кейіпкер ойын­шық­тардан бөлек, эпизодтық рөл­дегі үй жануарлары мен қор­шаған ортаның басқа да деталь­дары визуалды шешімнің шы­найылығын арттырып, оқиғаға ерекше реңк береді.

Бір кездері ойыншық арқылы достықты, адалдықты, қиялды үйреткен алпауыт компанияның «бітпейтін» туындысы бұл жолы балалардың гаджетке тәуелділігі, шынайы қарым-қатынастың си­реуі, буллинг секілді әлем бо­йынша өзекті мәселелерге назар аударғандықтан, анимациялық фильм шеңберінен шығып отыр. Бұрын бұл мультфильмді бала болып көрген буын бүгінде ата-ана атанды. Сондықтан «Ойын­шықтар хикаясы 5» бірнеше буын­ды байланыстыратын әрі ересек сананы да селт еткізер отбасылық фильм деуге болады. Ал оның қазақ тілінде сөйлеуі – балалардың ана тілінде сапалы әлемдік контент көруіне жол ашатын қуанышты қадам. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ