Алматыда Бұқаралық ақпарат құралдары қыз­меткерлері күні қар­саңында әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­верситеті мен Қазақ­стан журналистика академиясының бірлескен көшпелі отырысы өтті. Жиында ғылым мен медианың өзара ықпалдастығының өзекті мәселелері сөз болды.
Ғылым мен медиа тоғысқан басқосу
220
оқылды

Көшпелі отырысты ашқан ҚазҰУ басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев БАҚ өкілдерін алда келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады. Уни­верситет басшысы өз сөзінде за­манауи медиа индустрия талап­тарына жауап беретін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мә­се­лесіне тоқталып, білім ордасының журналистика саласындағы тари­хи үлесін ерекше атап өтті.

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – отандық журналистика білі­мі­нің қара шаңырағы. Біздің мақсатымыз – кәсіби маман даяр­лап қана қоймай, қоғам алдын­дағы жауапкершілікті терең се­зінетін, ел мүддесіне қызмет ете­тін тұлғаларды қалыптастыру, – деді ректор.

Сондай-ақ Қазақстан журна­листика академиясының прези­денті Сағымбай Қозыбаев әріп­тестерін мерекемен құттықтап, қоғамдағы әділдік пен ашықтық қағидаттарын орнықтырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне айрықша назар аударды. Жиын соңында отандық журна­листиканың дамуына елеулі үлес қосқан сала үздіктеріне арнайы марапаттар мен алғысхаттар табысталды.

Көшпелі отырыс аясында жур­налистер университеттің ғы­лыми жетістіктерімен танысты. Кам­пус-тур барысында БАҚ өкіл­дері ҚазҰУ-дың заманауи зерттеу ор­та­лықтарын аралап, ғылым мен тех­нология саласындағы тың жо­ба­лардың жүзеге асу барысына куә болды. Әсіресе, Қазақстан – Қы­тай бірлескен зертханасы, Farabi Supercomputer Center мен Ми институты, Farabi Hub және Farabi Robotics орталықтарының жұмысы көптің қызығушылығын тудырды.

Онымен қоса, маңызды атап өтерлік жайт, іргелі оқу орнында Quantum AI зертханасы іске қо­сылды. Аталған зертхана Ақпа­рат­тық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің база­сын­да құрылған. Жоба Қытайдың кванттық жүйелер өндіретін же­текші компанияларының бірі – SpinQ Technology қолдауымен жү­зеге асырылды. Зертханаға ор­натылған жеті заманауи кванттық есептеу жүйесі бүгінде Қазақ­стандағы баламасы жоқ бірегей технологиялық кешен саналады. Бұл құрылғылар студенттер мен жас ғалымдарға күрделі ғылыми-зерттеулер жүргізуге, машиналық оқыту алгоритмдерін әзірлеуге және кванттық есептеулер сала­сындағы тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімде сөз сөй­леген ҚазҰУ басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы жаңа зертхананың университетті әлемдік деңгейдегі зерттеу уни­верситетіне айналдыру жолын­дағы маңызды қадам екенін баса айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллект, үлкен деректер және кванттық есептеулер жаһандық ғылым мен экономиканың даму бағытын айқындап отыр. Ал квант­тық технологиялар мен жа­санды интеллектің тоғысуы крип­тография, медицина және күрделі жүйелерді модельдеу сияқты са­лаларда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Университет басшысы білім, ғылым және өндіріс ара­сындағы байланысты нығайтуға бағытталған бұл жұмыстың әрі қарай жалғасатынын айтып, зертхана қызметі елдің техноло­гиялық әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенім білдірді.

Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект фа­куль­тетінің деканы Тимур Иман­құ­ловтың мәлімдеуінше, қазір отандық мамандар озық жабдық­тармен жұмыс істеуге толық да­йын. Мұнда жоғары курс сту­денттері тәжі­рибелі мамандармен бірге нақты өндірістік жобаларға қатысып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие құзыреттерді ме­ң­гере алады.

Бүгінде кванттық есептеулер әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан ғылыми бағыттардың бірі. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай технологиялар болашақта қаржы, медицина, логистика және киберқауіпсіздік салала­рын­дағы күрделі есептерді шешуге көмек­теседі. Осы үрдістен қалыс қалмау­ды көздеген ҚазҰУ жаңа зертхана арқылы студенттер мен жас ға­лым­дарға болашақ техно­логияларын игеруге жағдай жасап отыр.

А.МАЛИКАЖДАР,

Алматы қаласы