Қаржысы жеткендер балаларын еліміздің ірі қалалары Алматы, Шымкентке, біреулер шетелге демалысқа жіберіп жатады. Енді біреулер мектеп, оқушылар сарайы жанындағы лагерьлермен шектеледі. Атырау облысында биыл жағдай қалай? Балалар демалысы қалай ұйымдастырылуда?
Атырау облыстық Білім беру басқармасынан білгеніміздей, биыл 147 мыңнан астам оқушының 95 пайызын жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 778,6 миллион теңге бөлінген. Алайда өңірде балалар тәулік бойы алаңсыз демалатын лагерьлердің тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Бүгінде облыста балаларды тоқсандық демалыс сайын қабылдайтын лагерь жоқ. Бір кездері өңірдегі басты демалыс орындарының бірі болған «Тұлпар» лагері бірнеше жылдан бері жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан мыңдаған баланың сапалы жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Білім беру басқармасының мәліметінше, жазғы маусымда өңірдегі үш сауықтыру лагерінде 3 018 оқушы демалады. Оның ішінде, Индер ауданындағы «Жас Өркен» лагерінде 1008 бала, Махамбет ауданындағы «Арай» лагерінде 420 оқушының тынығуы ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан 1 500 бала Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологі» емдеу пансионатына жіберілуде. Бұдан бөлек, 1 367 оқушы еліміздің басқа өңірлеріндегі лагерьлерде демалады.
Атырау облыстық Білім беру басқармасы тәрбие бөлімінің бас маманы Қадыржан Сапаровтың айтуынша, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жергілікті бюджет және демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда.
– Бұл бағытта «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жанынан 100-ге жуық лагерь ашу жоспарланған. Оның бір бөлігінде балалар тамақпен қамтылса, қалғандары бейіндік бағытта жұмыс істейді. Сондай-ақ шатырлы және киіз үй форматындағы лагерьлер ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам баланы қамту көзделген, – деді Қадыржан Сапаров.
Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиеваның мәліметінше, өңірдегі 137 мың оқушының шамамен 8 мыңы – ерекше қажеттілігі бар балалар.
– Демалысқа жіберілетін ерекше балалардың міндетті түрде медициналық қорытындысы болуы қажет. Бұған дейін лагерьлерде балалардың денсаулығына байланысты күтпеген жағдайлар тіркелген. Сондықтан қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Үйде білім алатын бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар лагерь бағдарламасына енгізілмейді, – деді Лаура Меңдіғалиева.
Жазғы маусым қарсаңында лагерьлердің санитарлық талаптарға сәйкестігі де тексерілуде. Атырау облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакованың айтуынша, Индер ауданындағы лагерь қажетті құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын аяқтап келеді.
– Қазіргі уақытта Индер ауданындағы лагерь санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу рәсімінің соңғы кезеңінде тұр. Ал Махамбет ауданындағы «Арай» лагерінде тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін анықталған кемшіліктер толық жойылған жағдайда жұмыс істеуге рұқсат беріледі, – деді Айгүл Искакова.
Сондай-ақ биыл Атырауда алғаш рет «Әке мектебі: дәстүр мен еңбек» атты екі күндік еңбек лагері ұйымдастырылды. Nurly tal этно-паркінде өтіп жатқан жобаға облыстың барлық аудандары мен Атырау қаласынан арнайы іріктелген 25 әке мен олардың 13-14 жастағы ұлдары қатысуда.
Атырау облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Шота Қанатовтың айтуынша, жоба аясында қатысушылар киіз үй құру, қой қырқу, ат әбзелдерін тану, ер-тұрман жабдықтарын пайдалану сияқты ұлттық тұрмысқа қатысты тәжірибелік сабақтардан өтеді. Қызылқоға ауданының тұрғыны Аслан Жалғасбаев мұндай бастамалар әке мен бала арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
– Басты мақсатымыз – жақсы азамат тәрбиелеу. Әке мен ұл арасындағы қарым-қатынасты күшейтіп, ұлттық тәрбиені дәріптеу маңызды, – дейді ол.
Дегенмен тағы бір мәселе бар. Басқарма жанынан ұйымдастырылып жатқан лагерьлердің дені әлеуметтік осал топтың балаларына арналған.
– Мемлекет әлеуметтік осал топтан да басқа отбасылар барын ұмытпаса екен. Мысалы, менің үш балам бар. Біз көпбалалы отбасы санатына жатпаймыз. Жолдасым бар, толық отбасымыз. Менің де балаларым Ресейдің Железноводск, мына тұрған Махамбет, Индердегі толық 10 күндік лагерьге барғылары келеді. Бірақ біздің балаларымыз ешқашан жолдама ала алмайды. Себебі қамтылатын – әлеуметтік осал топ балалары. Оқу озаттары, өнер, спортта жетістікке жетіп жүрген балаларға да арнап жолдамалар берілсе, жақсы болар еді. Әйтпесе, бала біткеннің бәрі мектеп жанындағы лагерьге бара бермейді. Онсыз да 9 ай мектепте сабақ оқып жүргендіктен, жаңа ортада демалғысы келеді. Жекелеген орталықтардың лагерьлері бар. Бағасы удай. Ең арзаны 80 мыңнан басталады. Бір аптаны ғана қамтитын 150 мың теңгенің лагерьлері де бар. Лагерь болған соң, үйдегі балалардың бәрін жібергіміз келеді. Үш бірдей балаға 80 мыңнан есептегенде, 240 мың теңге тауып беру оңай емес», – дейді қала тұрғыны Жаңылсын Отаралиева.
Айтса айтқандай, Атырауда жекелеген орталықтар, ұйымдар ұйымдастырып жатқан лагерьлер құны ұшып тұр. Балалардың жазғы демалысты телефонмен емес, емін-еркін жаңа ортада өткізуі үшін ата-ана қалтасына бәрібір салмақ түседі.
Атырау облысы Білім беру басқармасынан білгеніміздей, өңірдегі лагерь тапшылығын азайту үшін алдағы жылдары үш жаңа сауықтыру лагерін салу жоспарланған. Алғашқысы – Махамбет ауданындағы бұрынғы Президент резиденциясының базасында ашылатын 200 орындық «Жас дарын» лагері. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.
Сонымен қатар Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында әрқайсысы 300 орындық жаңа лагерьлердің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Мамандардың пікірінше, бұл жобалар толық іске асқан жағдайда өңірде жыл сайын қосымша 10 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамтуға мүмкіндік туады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы
