Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшім­баевтың төр­аға­лығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар Үкі­мет­тің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы рес­публикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері мен күн тәртібіне шығарылған заңды қарады.
Қаражат нақты нәтижелерге бағытталуы керек
250
оқылды

Есептерді талқылау бары­сында өткен жылдың қорытын­дысы бойынша ұлттық эконо­миканың өсімі 6,5 пайызды құ­ра­ғаны атап өтілді. Бұл оң дина­ми­ка инвес­тиция көлемінің ар­туы­ның, іскерлік белсенділіктің жандануының және өңдеу өнер­кәсібі секторының нығаюының нәти­жесінде қамтамасыз етілгені де назар­ға алынды. Сонымен қатар сақталып отырған бюд­жет­тік ынталандыру инфляциялық қысымды күшейтіп, халықтың нақты та­бы­сының төмендеуіне әсер етті. Осыған байланысты сенаторлар бюджетті жоспар­лаудың сапасын арттыру қажет екенін айтып, бірқатар жүйелі мәселеге назар аударды.

«Бүгін біз Үкіметтің және Жоғары ауди­торлық палатаның 2025 жылғы рес­пуб­ликалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есеп­терін қарап, талқыладық. Был­тыр ин­вестициялар тарту, іс­кер­лік белсен­ді­ліктің артуы және өңдеу секторын дамыту нәти­же­сінде экономикалық өсім 6,5 пай­ыз­ды құрады. Сонымен қатар сенаторлар бюджетті жоспар­лаудың сапасына, борыш­тық жүктеменің өсуіне, өңірлердің орта­лық­қа тәуелділігіне, бюд­жет­тен тыс қор­лардың қызметіне және басқа да мәсе­ле­лерге қа­тысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Жалпы, Бюджет кодексі Үкіметтің қаржы ресурстарын басқарудағы мүмкіндіктерін кеңейтті. Алайда бюджетке сегіз рет түзету енгізілуі және қара­жат­тың ауқымды түрде қайта бөлінуі жоспарлау дәлдігінің төмендігін көрсетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджет қара­жатын формалды түрде игеру тәжірибесін тоқтату керектігі жөнінде айтқанына назар аударды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев қаржылан­дыру нақты экономикалық нәтиже беретін және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін жобаларға ғана бағыт­та­луға тиіс екенін тілге тиек етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бюджет қаражатын формалды түрде игеру тәжірибесін тоқ­татып, қаржыны азаматтары­мызға және ел экономикасына нақты пайда әкелетін жобаларға ғана бағыттауды тапсырды. Бү­гінгі талқылау бюджет процесінің сапасын арттыру жоғары жауап­кершілікті, атқару­шылық тәр­тіпті және нақты нәтижеге бағ­дарлануды талап ететінін көр­сетті. Сонымен қатар жаңа Салық кодексі мемлекет кірістері мен бизнестің дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тиіс. Үкімет айтылған барлық ескерту мен ұсыныстарды мұ­қият зерделеп, оларды іске асыру үшін қажетті шаралар қабыл­дай­ды деп сенеміз», – деп, палата Төрағасы мазмұнды әрі сын­дар­лы пікір алмасуға қатысқан Үкімет мүшелеріне, Ұлттық Банк пен Жоғары аудиторлық пала­таның басшылығына алғыс білдірді.

Отырыста Қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық Банк Төр­ағасы Тимур Сүлейменов және Жоғары аудиторлық палата Төр­ағасы Әлихан Смайылов баян­дама жасады. Палата отырысына сенатор­лармен қатар Премьер-министрдің орын­басарлары, министрліктердің, агент­­тік­тердің және ұлттық компания­лардың басшылары қатысты.

Сенат депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық пала­таның есептерін тал­қылағаннан кейін Парламент палата­ла­рының алдағы бірлескен отырысында осы мәселе бойынша Сенат аты­нан қосым­ша баяндама жасай­тын депутат Нұрлан Бек­еновтің кандидатурасын мақұл­дады.

Сонымен қатар Палата оты­ры­сында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және эко­но­миканың жекелеген салаларын жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң бірінші оқыл­ымда қаралды. Аталған заң ая­сын­дағы түзетулер экология сала­сын цифр­ландыруға, кли­мат­тық реттеуді дамытуға және экологиялық бақылауды күшей­туге бағытталған. Қабылданатын өзгерістер Қазақстанның Ұлттық гидромете­оро­логиялық қызметі­нің жұмысын жетіл­діру­ге, эко­логиялық сараптама мен қоғам­дық тыңдаулар өткізу рәсімдерін оңтайлан­дыру­ға, сондай-ақ инвестициялық жоба­лар үшін рұқсат беру тәртібін жеңілдетуге жол ашады. Бұл ретте көмір­су­тектерді теңізде барлау жұмыс­тарына қатысты қатаң эколо­гия­лық талаптар сақталатынын атап өткен жөн.