Алматыда заңсыз базар орнына қоғамдық кеңістік пен автотұрақ салынады
Алматыда бұрынғы «Рахат» базары аумағын көркейту жұмыстары басталды
129
оқылды

Алматының Жетісу ауданында бұрын заңсыз орналасқан «Рахат» базарының аумағын көркейту жұмыстары басталды. Бұл шаралар «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында қолға алынып, тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

«Барахолка» аталып кеткен аумақта орналасқан «Рахат» базары 2018 жылдан бері жұмыс істеп келген. Алайда жер телімі «ТКМ» ЖШС тарапынан тиісті рұқсат құжаттарсыз пайдаланылып, бұл жер және кәсіпкерлік заңнамасының талаптарына қайшы болған.

2026 жылы 6 сәуірден бастап Жетісу ауданы әкімінің аппараты заңды күшіне енген сот шешімдерін орындау мақсатында аумақты босату бойынша кешенді жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде түсіндіру жұмыстарының арқасында 150-ден астам кәсіпкер базар аумағынан көшірілді. Кәсіпкерлік қызметтің үздіксіз жалғасуын қамтамасыз ету үшін әкімдік тарапынан көршілес базарлардан жеңілдетілген шарттармен баламалы сауда орындары ұсынылды.

Жұмыс барысында кәсіпкерлер сауда контейнерлерін өз бетінше шығарып, шатырлар мен қоршау құрылымдарын бөлшектеді.

Қазіргі уақытта босатылған аумақты көріктендіру жобасы әзірленіп жатыр. Мұнда базар келушілеріне арналған көгалдандырылған әрі жайлы демалыс аймағын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар аумақтың бір бөлігі автотұрақ ұйымдастыру мақсатында «Алматы паркинг» ЖШС қарамағына беріледі. Бұл өз кезегінде көлік қозғалысын реттеп, ауданның көлік қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Алматы қаласының әкімдігі қала аумағында тәртіп орнату және заң талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда. Жер телімдерін заңсыз пайдалану мен құқықтық алаңнан тыс кәсіпкерлік жүргізуге жол берілмейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполис аумағында заңдылық пен тәртіпті сақтаудың маңызын ерекше атап өткен болатын. Қазіргі таңда қала аудандарында заңсыз сауда нысандарын анықтау және жою, сондай-ақ босатылған аумақтарды тұрғындар игілігіне қайтару бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.