Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Жолаушылар тасымалы» АҚ биылғы жылдың алғашқы бес айындағы көрсеткіштерін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Компания мәліметінше, осы уақыт ішінде ұлттық тасымалдаушы пойыздарымен 500 мыңнан астам бала сапарлаған.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, ата-аналарға бөлек орын алмаған жағдайда 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін алып жүруге рұқсат етіледі. Егер бірнеше бала бірге сапарласа, олардың біреуіне ғана тегін жол жүру қарастырылып, қалғандарына балалар билеті рәсімделеді.
7 мен 15 жас аралығындағы балалар үшін билет құнына 50 пайыз жеңілдік беріледі. Ал 15 жастан асқан жасөспірімдер ересектер тарифімен жол жүреді. Олар заңды өкілінің нотариалды куәландырылған келісімі болған жағдайда өз бетінше сапарлай алады.
Сондай-ақ барлық бағыттағы пойыздарда балаларға арналған мультимедиялық контент ұсынылады. Ал мейрамхана вагондарында кішкентай жолаушыларға бейімделген арнайы мәзір қарастырылған.
Компания өкілдері балаларға арналған қызмет түрлерін кеңейту және сервистің сапасын арттыру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
