Ақмола облысында 17 жастағы студент кене шаққаннан кейін ауыр халде ауруханаға түсті.
Кене шаққан 17 жастағы студент жансақтау бөліміне түсті
206
оқылды

Қазіргі уақытта ол облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Дәрігерлер алдын ала оған кене арқылы таралатын вирустық энцефалит диагнозын қойған.

Мәліметке сәйкес, жасөспірімді кене 16 мамыр күні шаққан. Алайда отбасы бірден медициналық көмекке жүгінбеген. Біраз уақыт өткен соң науқастың жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, студенттің санасы бұзылған. Қазір оған барлық қажетті тексерулер жүргізіліп, қарқынды ем көрсетілуде.

Дәрігерлердің айтуынша, кене шаққаннан кейін ауру белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Кей жағдайда адам өзін бірнеше күн, тіпті апта бойы қалыпты сезінеді.

Мамандар кене энцефалитінің өте қауіпті екенін ескертеді. Өйткені вирус орталық жүйке жүйесін, соның ішінде ми мен жұлынды зақымдап, ауыр әрі қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін.

Биыл маусым айының басынан бері Ақмола облысында кене шаққаннан кейін шамамен 500 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның үшеуінде кене энцефалиті расталған.