Олардың әрқайсысы өткенді ұмытпауға, тарихи жадыны сақтауға және жазықсыз құрбан болғандардың рухына тағзым етуге арналған туынды десек қателеспеспіз
Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ән мен күй
327
оқылды

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл дата қазақ халқының ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңдерін еске түсіреді. Ашаршылық, күштеп ұжымдастыру, саяси қудалау, жазықсыз атылған және айдалған азаматтардың тағдыры – ел жадында сақталуға тиіс тарихи қасірет. Бұл тақырыпқа мемлекет тарапынан да баға беріліп, еліміздің әр өңірінде қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштер қойылды. Архивтер ашылып, зерттеулер жүргізіліп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытында түрлі жұмыстар атқарылып келеді.

Қасіретті тарих өнерде де өз ізін қалдырды. Ән мен күй арқылы халықтың мұңы, азасы, сағынышы мен рухани қарсылығы жеткізілді. Көптеген өнер адамдары қуғын-сүргін құрбандарына, Алаш қайраткерлеріне, ашаршылық жылдарының зобалаңына арнап шығармалар жазды. Осы топтамада біз оқырман назарына мазмұны мен сарыны әртүрлі бірнеше музыкалық шығарманы ұсынамыз. Олардың әрқайсысы өткенді ұмытпауға, тарихи жадыны сақтауға және жазықсыз құрбан болғандардың рухына тағзым етуге арналған туынды десек қателеспеспіз.

Алғашқы туынды – Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйі. Бұл шығарма қазақ күй өнеріндегі қасіретті кезеңнің үнін жеткізетін ерекше туындылардың бірі саналады. Әбікен Хасенов Сәкен Сейфуллинмен жақын араласқан, қиын уақытта оның жанынан пана тапқан өнер иесі болғаны айтылады. Сондықтан Сәкен репрессияға ұшырағанда, бұл жағдай Әбікенге ауыр тигені анық.

«Қоңыр» күйінің шығу тарихына қатысты ел ішінде бірнеше дерек бар. Бір әңгімеде күй белсенділердің қолынан қаза болған отбасыға арналғаны айтылса, енді бір деректе Сәкен Сейфуллинді жоқтау ретінде түсіндіріледі. Тағы бір нұсқада бұл шығарма сол жылдары атылып, айдалып, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың бәріне арналған азалы күй ретінде сипатталады. Қай деректі негізге алсақ та, «Қоңыр» күйінің табиғаты сол ауыр заманмен тікелей байланысты. Оның сарынында жеке адамның мұңы ғана емес, тұтас бір дәуірдің қайғысы, үнсіз зары сезіледі. Сондықтан бұл күйді қуғын-сүргін жылдарының музыкалық естелігі ретінде қабылдауға болады.

«Үш арыс» – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлинге арналған ән. Әннің сөзін Кәкімбек Салықов жазған, музыкасын Мұратхан Егінбаев шығарған. Ашық дереккөздерде бұл ән жайлы Кәкімбек Салықовтың келесідей  естелігі қалған екен:

1975 жылы СОКП Орталық коми­те­тіне инс­пекторлық қызметке ал­ын­дым. Ал­ғашқы жылдары жауап­ты­лығы бей-жай қалдырмайтын жұмыстың қызуы жеңіп кетті. Бес жылдан аса бір ор­ында қызмет істеген соң «ЦК» болса да елге сағынышым үдей берді...

... Сол кездегі ерекше көзге кө­рініп менің сөзіме жазылған «Ғашық кез» деген әні бар жас композитор Мұратхан Егінбаев Мәскеуге бір жұ­мыс­пен келетіндігін білдірді. Кел­геннен кейін қа­был­дасам орта бойлы, күлімдеп тұрған өңі жылы, көзі өткір, қараторы жігіт екен. Ол «Ға­шық кез» деген әннің сө­зін менің «Аққу мен ару» атты поэ­мамнан ал­ыпты... Ма­хаббат мұ­ңын шеккен ән тез тарап кет­ті. Оның ең үлкен таратушысы Қа­зақ­станның халық әртісі, бұл күн­дегі әй­гілі әншіміз Қайрат Байбосынов болды. Міне, сол өзім бір көріп, рахмет айтуға ынтығып жүрген Мұратхан да кездесті. Ілияс Жансүгіров аға­мыз­ға Тал­дықорған облысындағы Ақсу ауда­­ны­ның орталығы, Жан­сүгіров қала­шы­ғын­да қойылатын ескерткішті қо­ладан жасату үшін одақтық ко­мис­сиядан өткізіп қайтуға келген екен. Орталық комитеттің Мәдениет бө­лімінде нұс­қау­шы Цвет­ков Анатолий Васильевич деген до­сым бар еді. Ол қатты қолдап, ко­миссияның жұ­мы­сына қаты­на­сыпты, ке­лесі күні қорытынды оты­ры­старына мен де бардым. Істің сәті түсті, әйтеуір көңілді болдық, елден келген інімнің жұмысын өз жұ­мы­сым­дай көріп, Ал­м­­­ат­ыдағы Саятпен (Ілиястың ұлы) қуаныш бөлістім. Отырыстан шық­қан­нан кейін Мұратханнан: «Ал­ма­тыда не жаңалық бар», – деп едім: «Сәкен, Ілияс, Бе­йім­беттің ту­ған­дарына 90 жыл то­луына байланысты тойға дайындық жүріп жатыр», – деді. «Қанша боласың?» – дегенімде: “Мүсінді құйдыратын Мы­ти­щеводағы зауытпен келісуім керек екен. Бір жұмадай уақытсыз кет­пейтін шығармын», – дегенді айтты. Бұл сөзіне ішім жылып кетті. Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арнап өлең шығару ойға оралды. Ендеше ертең жұмыстан кейін жатқан жеріңе соғып үйге алып кетемін, орныңда бол деп келістім. Сол күні кешке басталып түн ортасында аяқ­талған “Үш арыс” деген өлең дүниеге келді....

... Ол кезде Сәкен, Ілияс, Бейімбет үшеуінің де ең­бектеріне қанық болғанмын, олардың ел өмірінде, қазақ әдебиетінде алатын орындарын айтарда Алла аузыма сөз салды, дүлдүл ағаларымның аруақтары жебеді-ау: Тар кезеңде бірлесіп, Бар қатерді бір кешіп, Еңіреп туған елім деп, Қазақтың ірілері – Абайдың інілері Сәкен, Ілияс, Бейімбет – деген әннің қайырмасы туғанда көзімнен бір тамшы ыстық жас ыр­шып түсті. Ақынға берген тағ­дыр­дың қуа­нышты сәті де осы шығар. ... Әншіл әуен, күйшіл күмбір шырқау шегіне жетіп, құм­а­рымыз тарқаған кезде, жаңа жазылған, кеше ғана жа­зыл­ған «Үш арысты» оқыдым. Мұ­рат­хан көп ойлан­­­бас­тан: «Аға, бұл өлеңді басқа біреуге беріп қоймай, маған беріңіз», – деп інілік ілт­и­пат­пен қолқа салды. Олай демесе де бе­ремін деп отыр едім. Маған өжеттігі мен жылдамдығы ұнады, бір үзім ой тол­ғантты ма деп қалдым. Кеш тә­мам­далып, шығарып саларда қонақ үйге домбырамды да сұрап ала кетті. Әрі қарай қалай толғанғанын өзі бі­­леді, екі күннен кейін: «Аға, жұ­мы­сымды да сәтті тындырдым, Іле­кең­нің мүсіні шамалы уақытта құ­йы­ла­ды, «Үш арысқа» ән де туды, бүгін кеш­ке келіп тыңдап кетіңіз», – деп қат­ты қуантты.

Бүгінгі таңда қазақтың белді күйшілерінің бірі Шәміл Әбілтай та Алаш арыстарына арнап бірнеше күй шығарған. Күйшінің авторлық туындылары қатарында «Ұлт көсемі – Әлихан», «Ұлт ұстазы – Ахмет» сияқты шығармалары бар. Бұл күйлер соңғы жылдары дүниеге келіп, орындаушылық ортада ғана емес, академиялық және рухани-мәдени кеңістікте де таныла бастады.

Соның ішінде «Ұлт ұстазы – Ахмет» күйі Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасына арналған. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым, ағартушы, Алаш қайраткері әрі саяси қуғын-сүргін құрбаны. Сондықтан бұл күйді тек бір тұлғаға арналған арнау ғана емес, ұлт руханиятына, тіл мен білім жолында құрбан болған арыстардың рухына жасалған музыкалық тағзым ретінде қабылдауға болады.

«Ерте солған гүлдер» – 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған реквием-ән. Шығарманың сөзін ақын Жарасбай Нұрқанов, әнін композитор Ерсайын Нарымбаев жазған.

Бұл туындының тууына ақынның отбасылық жады да әсер еткен. Жарасбай Нұрқановтың жары Қазына Нұрқанованың айтуынша, ақынның анасы Күлсім сол зұлмат жылдардың ауыртпалығын өз көзімен көрген. Өзі депутат бола тұра, саясаттың салқынын сезіп, қуғын-сүргінге ұшыраған. Сол кезеңдегі үрей, әділетсіздік, жазықсыз жандардың тағдыры бала Жарасбайдың санасында терең із қалдырған болса керек.

Сондықтан ақын өмір бойы репрессия тақырыбына, АЛЖИР тұтқындарының тағдырына, жазықсыз жапа шеккен аналар мен арыстардың қасіретіне қайта-қайта оралып отырған, -  дейді Қазына Нұрқанова

Торғайлық күйші-сазгер Айтбай Мұздахановтың да осы жылдарға арналған "37-жыл" атты күйі бар. Бір естелігінде келесідей еске алған екен:

...Отызыншы жылдардағы ашар­шылыққа арнаған «37-жыл» деген күйім бар. Оның шығуына анамның басынан өткен оқиға себеп болды.

Елді аштық жайлап, жұрт жан-жаққа босады. Анамның да жақындары аштықтан көз жұмғасын, қасына жеткіншек қайнысы мен қайын сіңілісін ертіп, жолға шығады. Қырдан аса бере, өзен жағасында тұрған киіз үйден жылаған баланың дауысын естиді. Барса, біреуі ересек, екіншісі еңбектеп жүрген сәби екен. Әке-шешесі жоқ, есікті тіреп кеткен. Ересегі «Апа, нан берші» дегесін дорбасының түбіндегі талқаннан кішкене бөліп береді. Сосын «Апа, бізді ала кетші» деп айтыпты. Оларды алып кетуге өзі екі бала жетектеп келе жатқан анамның шамасы келмейді. Әлгі баланың «Апа нан берші» дегені менің жан-жүйемді босатып жіберді. Осы сөздің әсерімен күй туды. «37-жыл» деген туындымды, сол жылдары жаппай қуғынға ұшырап, ату жазасына кесілген қазақ зиялыларына арнадым.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді  гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.