Дереккөздің мәліметінше, 2026 жылғы әлем чемпионатының Испанияға қарсы өткен финалдық матчынан кейін Месси шешімін командаластарына хабарлаған.
Лионель Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтады
1,083
оқылды

Аргентина құрамасының көшбасшысы, әлем футболының аңызы Лионель Месси ұлттық құрамадағы мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Айтуынша, ол киім ауыстыратын бөлмеде барлық ойыншыларды жинап, бұл кездесудің Аргентина құрамасы сапындағы соңғы ойыны болғанын мәлімдеген. Еске салайық, әлем чемпионатының финалы 20 шілдеге қараған түні АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында өтті.

Финал аса тартысты өтпегенімен, қызықты ойын өтті. Негізгі уақытта командалар есеп аша алмады. Кездесу барысында Аргентина құрамасы Энцо Фернандестің қызыл қағаз алуынан кейін азшылықта қалды. Қосымша уақытта Испания 97-минутта гол соққанымен, төреші шабуыл кезінде ереже бұзылғанын анықтап, голды есепке алмады. Алайда 106-минутта Ферран Торрес мергендігімен көзге түсіп, Испанияны алға шығарды. Бұл матчтағы жалғыз гол болып, кездесу 1:0 есебімен аяқталды.

Ойын аяқталғаннан кейін Аргентина футболшылары ұзақ уақыт алаңнан кетпеді. Сол сәтте Лионель Месси эмоциясын жасыра алмай, көз жасына ерік берді. Матчтан кейін аргентиналық шабуылшы әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне алғыс айтып, Испания құрамасын әлем чемпионы атануымен құттықтады.