Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиынға өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының, республикалық медициналық және ғылыми орталықтардың басшылары қатысты.
Министрлік дерегіне сәйкес, елімізде 1 және 2 типті қант диабеті бойынша жалпы сырқаттанушылық деңгейі төмендеген. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 308,7 болса, өткен жылдың осы кезеңінде 313,5 болған.
Мамандар оң өзгерістерді эндокринологиялық қызметтің дамуы және алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейіндегі профилактикалық жұмыстың күшеюімен байланыстырады.
«Өңірлерде эндокриндік ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу бағытында құзырет орталықтары ашылуда. Сонымен қатар бейінді бөлімшелердегі төсек қоры кеңейтіліп, диабет мектептері мен мамандандырылған кабинеттер іске қосылып жатыр. Бұл қант диабеті және басқа да эндокриндік аурулары бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Министрлік аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау мәселесіне де ерекше көңіл бөліп отыр. 2026 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша профилактикалық мақсатта алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына жүгіну үлесі жоспарланған 27 пайыздың орнына 33,4 пайызға жеткен.
Созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылау жүйесін жетілдіру аясында динамикалық бақылау мен диагностика тәсілдері қайта қаралды. Жоғары сезімталдықтағы тексеру әдістері енгізіліп, зерттеулердің жиілігі жаңартылды және пациенттердің жағдайына бақылау күшейтілді.
Нәтижесінде инфекциялық емес аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылаумен қамту деңгейі шамамен үш есеге артып, 12 пайыздан 34 пайызға дейін өсті.
Дегенмен кейбір өңірлерде профилактикалық тексерулермен қамтудың төмендігі, емдеуге жатқызуды күту мерзімдерінің ұзақтығы және нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізбеу мәселелері әлі де өзекті болып отыр.
Алқа отырысының қорытындысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерге алғашқы медициналық-санитариялық көмектің негізгі көрсеткіштеріне ай сайын мониторинг жүргізуді, профилактикалық жұмысты күшейтуді және созылмалы аурулары бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын бақылауды тапсырды.
