Елімізде жазғы демалыс жа­­қындаған сайын ата-ана­­­лардың алаңдауы да ар­та түседі. Әр ата-ана ба­­­­­ла­ларының денесін сауық­­ты­рып, жазғы демалы­сын қы­зықты әрі пайдалы өт­кізу­ге тырысатыны сөзсіз.
Балалар лагері: күйреу мен үміттің арасындағы сала
161
оқылды

Бұл орайда көпшіліктің көңі­­­ліне кірбің шалғызатын түйт­­кіл­дің бірі – жазғы лагерь­лер­­дің жетіспеушілігі. Со­­­ны­мен қатар лагерьлер­де ба­лалардың уланып қалуы, жа­рақаттануы секілді оқи­ғалары да жиілеп тұр. Үшін­­шіден, лагерьлердің ба­ға­сының қымбат екенін жа­сыра ал­маймыз.

Статистикалық деректерге жүгінсек, соңғы 30 жыл­да еліміздегі балалар лагерьлерінің саны екі еседен астам қысқарған. 90-жыл­дар­дағы тоқырау тұсының өзінде 470-тен астам лагерь болса, бү­гінде 200-ге жетер-жетпес қал­ды. Оның өзінде жыл бойы жұ­мыс істейтіні саусақпен са­нар­лық. Ал басым бөлігі тек жаз мезгілінде ғана есігін ай­қара ашады. Бұл – жай қара­пайым статистика ғана емес, ұлттың болашағына жасалып жатқан үнсіз қысым екені айтпаса да түсінікті. 

Қағаз жүзіндегі қамту мен шынайы жағдай

Бұл орайда тұтас әлем ел­де­рін әсем табиғатымен таңдайын қақ­тырған Көкшедегі жазғы ба­лалар лагерьлерінің жағдайы мүшкілдене бастағанын айта ке­­тейік. Мәселен, бір кез­дері жүз­деп саналатын лагерьлер қа­зір жаппай қысқарған. Ресми де­ректерге сүйенсек, Ақ­мола об­лысында биыл 14 қана жазғы сауықтыру лагері жұ­мыс істе­мек. Оған қо­са, 226 мектеп жа­­­­­­­нындағы алаңдар ашы­лады. Бар­лығы қосы­лып 132 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланыпты.

Бірақ осы көр­сет­кіш­тердің ар­тында іс жү­зінде байқалмай кө­леңкеде қалатын бір үлкен айла бар болып шық­ты. Сарап­шы­лар атап өткендей, бұл есеп­­ке толыққанды ла­­герьлермен қа­тар, мек­­теп жанындағы қыс­­­қамерзімді алаңдар да ен­гізіліп ке­теді. Ал ту­ған жермен етене та­нысып, жұпар ауа­ны құ­шыр­лана жұ­туға мүм­кіндік беретін таб­иғат ая­сын­дағы на­ғыз демалыс ба­ла­­лар­дың бар бол­ғаны 5,7 пайызына ғана қол­жетімді.

Балалар демалысы әлеу­мет­тік маңызы бар сала бол­ғанына қарамастан, жүйелі мем­лекеттік қолдау іс жүзінде жоқ­тың қасына айналған. Бұ­рын ауыл балаларына мүм­кін­дік беріп келген бағдарламалар да қысқарып қалған. Мәселен, «Қазақстан халқына» қоры ар­қы­лы берілетін жолдамалар са­ны 20 мыңнан 10 мыңға, ал биыл небәрі 200 балаға дейін азай­ған болып шықты. Яғни, әлеу­меттік теңсіздікті азайту­дың орнына, керісінше терең­де­тіп жатқанын айғақтап бере­ді. Қала баласы қандай да бір мүм­кіндік тапқанымен, шал­ғай­да жатқан ауыл баласы үшін жаз төрт қабыр­ға мен шаң басқан ауладан әрі аса алар емес.

Ресми фактілерге назар сал­сақ, 2026 жылдың 1 сәуірінен бас­тап лагерьлерді міндетті ли­цен­зиялау енгізілген. Қағаз жү­зінде бұл дұрыс қадам екені дау­сыз. Бірақ іс жүзінде жүйе әлі ­дайын болмай шықты. Олай дейтініміз, 6 нормативтік-құ­қық­тық актінің екеуі ғана келі­сіл­ген. Қалғаны қайта қаралып жатыр. Яғни, заң бар болғаны­мен, бірақ оны жүзеге асыратын механизм жоқ. Нәтиже­сін­де не болады? Тағы да бей­­­­берекет на­рық. Тағы да са­пасыз қызмет көрсететін, бір­ақ тендерді «оп-оңай» ұтып ала­тын «біркүндік» ұйымдар­дың қатары арта түсе­ді.

Өкінішке қарай, еліміз­дің лагерьлердің басым бөлігі сонау кеңес заманынан қал­ған тозығы жеткен ғи­марат­тар мен инфрақұрылымда ілде­бай­лап күн көруге мәжбүр. Ескі бөз­дей ыдырай тозған ғима­рат­тар, ескірген асханалар, та­лап­қа сай емес санитарлық жағ­дай­­лар – бұл әлі де көптеген ла­­герьлердің ащы шындығы. Са­ланың жілігін шағып, майын іш­кен мамандардың пікірінше, ла­герьлер жағдайды өз бетінше түзетуге қауқарлы емес. 

– Бір ғана асхана жабдығын жаңарту шамамен 20 миллион теңге тұрады. Ал мұндай инвес­тицияны мемлекет қол­да­май­тын жағдайда кәсіпкер қайдан ал­мақ? Сондықтан көп лагерь ие­лері таңдаудың алдында тұр. Не қарыз­ға белшесінен батып ла­герьді жаңарту, не бизнесті түбегейлі жабу. Өкініштісі сол, көбі екіншісін таңдауға мәжбүр бо­лып отыр, – дейді Қазақстан­ның балалар және жасөспірім­дер туризмі мен демалысы рес­публикалық ассоциация­сы­ның төрағасы Қайрат Сұлтанов. 

Талап көп, мүмкіндік аз

Қазіргі талаптар бойынша ла­герьлер бейнебақылаумен, күзетпен, дабыл жүйелерімен жаб­дықталуға тиіс. Бұл дұрыс еке­ні түсінікті. Бірақ тағы да бір қайшылық бар. Бір жағы­нан, лагерь аумағы қоршалуы ке­­рек. Екінші жағынан, заң бойынша су айдындарына ер­кін қолже­тімділік те сақталуға тиіс. Ал лагерьдің көбі көл жа­ға­сында орналасқан. Сонда ба­лалар қауіпсіздігіне кім жауап бермек? Бұл сұраққа әлі нақ­ты жауап жоқ.

Ең алаңдатарлық жайт­тардың бірі – бүгінге дейін лагерьлердің 75 пайызы ин­тернетке қосылмаған.  Яғ­ни, кейбір лагерьлерде тө­тен­ше жағдайда ата-анамен де, жедел қызметпен де байланысу мүмкін емес. Бұл XXI ғасырда ақыл­ға сый­майтын жағдай еке­ні айтпаса да түсінікті. 

Сарапшылар ауыл мек­теп­терінде қолданылып жүрген спут­никтік интернетті жаз мез­гілінде лагерьлерге беруді ұсы­нады. Бірақ бұл ұсыныс та іс жүзінде еш назарға ілінбестен сол күйі әлі қағаз жүзінде қа­лып отыр.

Түйткілдің түйінін тарқата әң­гімелеген сала мамандары лагерлердің жаппай жабылуына себепкер болған тағы бір аса маңызды мәселені атады. Елде ла­герьлер туралы толыққанды мәлімет беретін бірыңғай ақ­парат­тық  платформа жоқ. Бұл бірінші кезекте бала­лары­ның қауіпсіздігіне алаң­дай­тын ата-аналар үшін аса үлкен тәуекел болары анық.

Мұндай жағдайдың кесірінен   ел­­дің әр қиырында заңсыз лагерьлер пайда бола бастаған. Бұрын мұндай ондаған жағдай анықтал-ған. Яғни, мемлекет бақылауды күшейтудің орнына ақпараттық вакуумға жол беріп қойған десек артық айтпаспыз.

Жазғы демалыс жөнінде айт­қанда көп ата-ана баласын лагерьге жі­беруге ең біріншіден қалта кө­тер­мейтінін  айтады. 

– Жазғы лагерьге балалары­мызды жібергіміз келеді. Бірақ бағасын естігенде қалтамызға қарап үнсіз ғана іштен тынуға тура келеді. Жаз бойы баланың тек төрт қабырғаны күзетіп, ау­лаға шыққаннан басқа алданысы жоқ болатынын ойлаған­да ішкенің ірің, жегенің желім болады. Бірақ отбасылық бюджеттен бұл мақсатқа қаражат бөлуге қалта көтермейді. Қара­жат лагерь түгілі күнделікті қа­­жет­ті­лік­терден аспай қалады, – дейді Көкшетау қаласының тұр­ғыны Ғапура Райымбергенова. 

Расында да, бүгінде лагерь ба­ғасы 45 мыңнан 250 мың тең­ге­ге дейін жетіп жы­ғылған. Яғ­­ни, орташа есеппен әр бала­ның де­малып қай­туы 110-180 мың тең­геге баға­ла­нып отыр. Бұл табысы орта деңгейден ас­пай­­­тын қара­пайым отбасы үшін аса ауыр сал­мақ екені сөз­­сіз.

Сала мамандарының дере­гінше, бағаның 70 пайызы та­маққа кетеді. Оған қоса, ком­му­­­налдық қызметтер,  жа­­­­­­нар-жағармай, қыз­мет­кер­лер жалақысы бәрі өсіп жатыр. Бірақ ең қызығы – мектептерде бірреттік тамақтың өзі стандартталған, ал лагерьлерде күніне бес мезгіл тамаққа ар­нал­ған бірыңғай мәзір де жоқ бол­ып шықты.

– Мен бұл мәселені бірнеше жыл бойы айтудай-ақ айтып келемін. Бірақ, өкінішке қарай тың­дар құлақ табылмай тұр. Лагерьлерде күні бүгінге дейін берілетін бес реттік тағамның бірыңғай мәзірі құрылмаған. Бұл масқара емес пе? – дейді Қайрат Абайдоллаұлы. 

Расында да, бұл жүйесіз тір­лік­­тің тағы бір көрінісі екені шын­­дық.

Ресми деректерге сенсек, Ақ­­­мола облысының өзінде он­да­ған лагерь қаңырап, кейбірінің тіпті ғимарат­тары қирап, бұзылып, іс жү­­­зін­де тек іргетасы ға­на қал­ған. Кей­бірі жартылай сақтал­ғанымен, аса үлкен қаражат шы­ғындап, күрделі жөндеуді қа­жет етеді.

Оларды қалпына келтіру жаңа жұмыс орындары, жаңа мүмкіндік­терге жол ашпақ. Бір­ақ мемлекет оларды сатып ала алмайды, ал же­кеменшік ие­лері бағасын миллиардқа дейін көтеріп жіберген. Нәти­же­сінде, бос тұрған ны­сандар мен демалысқа бара ал­май отыр­ған балалардың қара­­сын азайту еш мүмкін болмайды.

P.S. 

Қысқасы, Қазақстандағы балалар лагерьлері нарыққа тас­тал­ған әлеуметтік сала болып отыр. Мұнда талап бар, бірақ өкініш­ке қарай қолдау жоқ. Жауапкершілік болғанымен, іс жүзін­де мүмкіндік жоқ. Егер мемлекет бұл саланы шын мәнінде маңызды деп санаса, кешенді реформа қажет болмақ. Ол үшін нақ­ты қаржылық қолдау, инфрақұрылымды жаңарту бағдар­ла­масы, цифрландыру, әділ және түсінікті лицензиялау, бірың­ғай ақпараттық платформа мен әлеуметтік топтарға арналған арнайы квоталар қажет. Олай болмаған жағдайда бүгінгі 5,7 пайыз ертең 3 пайызға да жетпей қалуы әбден мүмкін. Ал бұл – жай статистика емес. Бұл балалардың балалық шағы еке­нін естен шығарып алмасақ екен дейміз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы