Университетке түскен жылы менің өмі­рімде ұлт тарихы мен бодандыққа қар­сы бас көтерген халық ақын­дарына деген махабба­­тымды оятып жіберген бірнеше оқиға болды.
Аңызға айналған АЗиЯ
232
оқылды

Тіл сындырып, сауатымызды аш­қан­нан білім беру саласының бәрінде де негізінен орыс әдебиеті мен мәдение­тіне баса назар аударылып, төл мұрамыз шет­қақпай қалып, ұлттық қайнарын іздеген біздің буын елдің рухани тыныс-тірші­лігіндегі кез келген жаңалыққа құлағын түріп, елеңдеп жатты. 

Жалғыз менің ғана емес, өліара шақта өзгерісті күткен жастардың елік көңілін елеңдетіп, сеңнің қозғалуына себепкер бол­ған қазақ ақынының дүниені дүрлік­тірген еңбегінің сол жылы қолыма түскені ойыма оралып отыр. Алматының шетін­дегі қара базардан алып-сатарлармен саудаласа жүріп тұтас бір стипендиямды қиып алған кітабым­ның аты – «АЗиЯ», авторы – Ол­жас Сүлейменов еді. 

Жүз мың данамен басылып шықса да Кремльдің пәрменімен сауда орындары­нан тәркіленген кітап, айналасы екі-үш ай ішінде диссидент атанған орыс қа­ламгер­лері Иван Буниннің «Қарғыс атқан күн­дер», Дмитрий Мережков­ский­дің «Қай­та тірілген Құдайлар», Варлам Ша­ламовтың «Колыма әңгімелері», т.с.с со­веттік цензура «тұтқындаған» туын­дыла­рының қатарын толықтырды. Сә­бидің кәмпитке құмарлы­ғындай, тыйым салын­ған дүниені оқуға елдің ынты­зарлығы қай заманда да күшті. Ендеше, күн ұясына қонуға таянған жал­қын кеште жұрттан жасырынып оқи­тын кітапты жүрегі лү­пілдеп қолына ұста­ған мендей жаны нәзік романтиктің қандай ұлы сезімнің ләззатына батқанын айтпай-ақ түсінетін шығарсыз. 

Ел-жұрт табанынан таусылып іздеп, таба алмай жүрген еңбекті қолға түсір­геніме бәрінен бұрын әкем қуанды. Көзі күлімдеп, сыртқы мұқабасын қызықтап, маған ме­йірлене қарады. Оқып-білгенімді жалпақ жұртқа жая беруімнің қажеті жоқ екенін ескертуді де ұмытпай, «уақыты келгенде бәрін өзің түсінесің, балам» деп басымнан сипаған. 

Орысшаға сауатты анамның ақшам­нан кейін басымызды қосып, тісіміз бат­пайтын күрделі тұстарын тәптіштеп түсін­діріп, «АЗиЯ»-ны дауыстап оқып беруі мен кітапты сатып алған қыркүйек айын­да қара шаңырағымыздағы қалыпты жағдайға айналды. Атақты ақынның орыс­тың азулы академиктерінің телпегін теріс айналды­рып жіберген мірдің оғын­дай дәлелдері оқылған тұстарында әкем таңданысын жасыра алмай «Олже­кеңнің білмейтіні жоқ қой, білмейтіні жоқ» деп сүйсініп қояды. 

Шамамен екі аптада кітап оқылып бітті. Іргелі зерттеудің соңғы парағын жа­уып, тынысымызды алған соң әкем маған «АЗиЯ» жарық көргеннен кейін Олжастың дауға ілігіп, басына қауіп-қатердің қара бұлты төнгенін әңгімелеп берді. Орыс шо­винизмнің дертіне шал­дыққан мәскеулік ғалымдар 10 сағат бойы үтір-нүктесіне дейін қалдырмай кі­тапты талқылап, қыз­ды-қыздымен ақын­ды «халық жауы» деп танып, тіпті ату жазасына кесу керек де­генді айтып тантыған. Қазақстанның бі­рінші басшы­сы Дінмұхамед Қонаевтың шатақ іске ара­ласып, араша түсуінің арқасында ғана ақын «ажалдан» аман қалған. Димекең кітапты алып, Брежневке көрсетіп, онда ешқандай ұлтшылдық арам пиғылдың бір мысқалдай да ізі жоқ екенін дәлелдеп, басы бәлеге қалған ақын тағ­дырына ба­лапанын қорғаған торғайдай шырылдап, араша түсіпті. 

Қиялымды тербеткен жұлдызды түн­нің бір уағына дейін әкеммен әңгімелесіп, талай-талай құпиялардың түндігін түріп, тереңінде жасырынған жұмбақ сырына қанықтым, «бүлікшіл» ақынды бұрынғы­дан да бетер жақсы көре түсіп, жүзін көріп тілдесуді армандадым. 

Қаланы қараңғылық қалжыратып, түн тыныштығына қарай бойсынып, марғау мысықтай маужырап кеткенімен, мына әңгімеден соң ұйқым шайдай ашылып қоя берді. Мектепте жүргенде бір оқыған­нан көбейту кестесіндей жа­дымда жат­талып қалған ақын өлеңдерін ішімнен Құран ақтарғандай күбірлеп оқып, өзгелер түгіл, өзім де түсінбейтін тәтті сезімнің бесігінде балқып барамын. Көңілімдегі көбелек ойлар дүниенің жалғандығын ұмыт­қызып жіберіп, қиял әлемінде қаң­ғыртып қойды. 

Мне удивительно: когда я весел, 

что ни потребуется – всё дают, 

когда захочется унылых песен, 

мне их с великой радостью поют. 

Бываю рад, и все – 

бывают рады, 

я убегу, и все за мной в кусты. 

Когда в жару я вижу дно Урала, 

мне кажется, что все моря пусты. 

И потому, когда кочевье выманит 

всё моё племя, – 

я один пашу, 

когда никто не смеет слова вымолвить, 

мне рот завяжут – 

я стихи пишу.

Иә, бұл әділетсіздікке жаны төзбей, ақындықтың қынабынан қылыштай суырылған Махамбеттің өлер алдындағы жаны алқымына тірелгендегі соңғы сөзі. «Жұрттың бәрі шындықты айтудан қорық­қан заманда, аузымды буып таста­са, мен өлең жазамын» дегенді ажалмен арпалы­сып жатып айту үшін, мінезден бөлек үлкен жүрек керек. 

Не деген мағынасы терең ұлы сөздер! Не деген жүрек жұтқан батырлық! Ақын­дықтың ақиқатты айтқаннан асқан қан­дай биік мақсаты, асыл мұраты болуы мүмкін? Жанымды бір оқығаннан сиқыр­лап, көңіл күйімді жыландай арбап алған Олжастың осы бір ғажайып өлеңінен на­ғыз батырлар­дың бойында ғана бола­тын өршілдіктің рухын сезетінмін. Ішкі түйсігім мені алда­мапты. Жетінші атасы Абылай хан әскері­нің оң қанатын бас­қарған Олжабай батыр болып шықты. Өз әкесі Омар қазақтың тұңғыш кавеле­рия полкінде офицер қыз­метін атқарып, 1937 жылы жала жабылып, итжеккенге айда­лып кетіп, Краснодар аймағындағы Но­рильск лагерінде әйгілі түркітанушы ға­лым Лев Гумилевпен бірге отырып, кейін ату жазасына кесіліпті. 

Жесір қалған шешесі уақыт өте келе белгілі журналист Әбдуәли Қарағұловты жолықтырып, тұрмысқа шығады. Олжас­тың қайраткер тұлға, азулы ақын, ойшыл қаламгер, білікті ғалым болып қалыпта­суына өгей әкесінің зор ықпалы тиіп, бала күнінен оны сауаттылыққа, жауап­кер­ші­лікке, еңбекқорлыққа баулып тәрбиелепті. 

Негізгі мамандығы геолог екен. ҚазМУ-дың геологиялық барлау маман­ды­ғын үздік дипломмен бітіріп шыққан соң Мәскеудің А.М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түскен. Алай­да қа­зақтарды келеке қылған орыс сту­денттері­мен төбелескен сотқарлығы үшін оқудан шығарып жіберіпті.... 

Қабат-қабат үйлердің шамдары сөнге­ніне қарамастан, әкемнің ертегіден де тәтті әңгімесінен кейін ұйқым үркек қояндай қашып, анам айнадай жалтыра­тып сүртіп қойған терезеден түскен ай сәу­лесіне тел­міріп, қиялым шартарапты шарлап кетті. Қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйеден қаймықпай, мүйізі қарағайдай орыс ғалымдарына қарсы шыққан ақын ерлігіне тамсандым. Кеудемдегі жапырақ­тай жүрегім жаныма тыныштық бермей дүрсілдеп, «АЗиЯ»-ға араша түскісі келіп жұдырығымен кеу­дем­нің қақпасын қайта-қайта ұрады. Әйт­кенмен, атағы дардай отандық ға­лым­дарымыз да оған болысуға қаймығып, тілдері кісенделіп отырған қысылтаяң шақта шындыққа шөлдеген мендей пақырдың әділетке арашашы болуға күш-қайраты жете қояр ма екен. Шіркін-ай, ғайыптан тайып осындай бір мүмкіндік туа қалса, халқымның тарихын, мәдение­тін, әдебиетін жоққа шығарып жатқан миғұлалардың бетінен алып, ағымнан ақтарылып, Олжасты қорғап, өзім білетін ақиқаттарды айтып-айтып тастар едім, қорықпай. Көңілдерін көң, көздерін шел басып «қазан төңкерісіне дейін қазақ­тарда мәдениет те, әдебиет те болған емес» деп төл тарихымызға топырақ ­ша­шып жүргендерге тойтарыс берсем, ұлы арманыма қол жеткізгендей бол­маймын ба. 

Бір қызығы, көктен сұрағаным жерден табылып, ондай мүмкіндік туып, мазамды алып, жанымның тыныштығын бұзған ұлы арманымның алдағы күндері орындала­тынын мен сол түні мүлде білген жоқпын. 

***

1985 жылы орыс халқының ХІІ ғасырда дүниеге келген деп айтылып жүрген жазба ескерткіші «Игорь жорығы туралы жыр­дың» 800 жылдығы Совет Одағында кең көлемде аталып өтетін болды. Әрине, мұндай елеулі оқиғадан еліміздегі ең ірі жоғары оқу орны С.М.Ки­ров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің де сырт қалмай, ғылыми конференциялар ұйымдастыруға білек сыбана кірісетіні айтпаса да түсінікті. Бірге оқып жүрген студенттерден орыс­шам көш ілгері бол­ғандықтан ба, біздің курстан мерейтойға арнап баяндама жасау міндеті менің мойныма жүктелді. «АЗиЯ»-ны оқып шық­қаннан кейін ­қы­зығушылығым оянып, даулы тақырып­ты ешкімге білдірмей зерттеп, ондаған кі­тап­ пен ғылыми басылымдарда жарық көрген жүздеген мақаланы шолып шық­қандықтан, конференцияда сөз сөйлеуге қуана-қуана келістім. Бірақ университет ұсынысынан бас тартып, өз еркіммен «Подлинность слово о полку Игореве» деген күрделі тақырыптың құлағына сырға тақтым. 

Түпнұсқасы өртеніп кетіп, А.И.Му­син-Пушкин жазып алған көшірмесі ғана қалып, біздің заманымызға жеткен орыстың ежелгі эпосы төңірегіндегі дау-дамай ХІХ ғасырда басталып, қызуы бір басылмай күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 1801 жылы неміс тарихшысы Ав­густ Шлецер эпостың алғашқы басы­лы­мының жарық көруіне орай мақала жа­зып, ежелгі орыс ескерткішінің түп­­нұс­­қалығына кү­мән келтіргеннен бері бас­талған айтыс-тар­тыс жылдан-жылға өрттей өршіп ба­рады. Әйгілі эпосты поляк тіліне тәржі­ма­лаған ақын Циприан Го­деб­ский, Мәс­кеу университетінің ­про­фес­соры М.Т.Каченовский да шығар­маның ХІІ ғасырда жазылғанына бай­ланысты көңіл­дерін қытықтаған кү­­­мәндарын жасыра алмай, шын­дықтарын айтты.  

1812 жылы жазба ескерткіштің қол­жаз­басы Мәскеудегі өртте сау тамтығы қалмай жанып кеткеннен кейін күдіктің қара бұл­ты бұрынғыдан бетер қоюлана түсті. Алып-қашпа әңгімелер туып, эпос­қа қатысты дау-дамай жаңаша сипат алды. Ка­ченов­скийдің шәкірті И.Бели­ковтың «Неко­торые исследования «Сло­ва о полку Игореве» зерттеуіндегі бол­жам­дар талас-тартыстың отына май құя түсіп, О. И.Сенковский сияқты беделді ғалымдарға дейін скептиктердің ыңға­йына жығылды. Күмәнданушыларға қарсы шыққандардың ішінде М.П.По­го­дин, С.П.Шевырев, М.А.Макси­мович, Д.Н.Дубенский, П.М.Строев, И.И.Да­выдов, М.Н.Катков, тіпті, орыс­тың ұлы ақыны А.С.Пушкин де болып, шығар­маның түпнұсқалығын дәлелдеуге бар күштерін салды. 

1852 жылы В. М. Ундольский тұңғыш рет «Игорь жорығы туралы жырмен» ұқ­сас­тығы көп ХV ғасырдың жазба ес­керт­кіші «Задонщинаның» мәтінін жа­рия­лаған соң күмәнданушылардың қатары әжептәуір сейілгендей болған. Алайда 1890 жылы француз слависі Луи Леже ғылыми ортада талас туғызып келе жат­қан эпостың «Задонщинаның» негі­зінде жазылған шығарма болуы ықтимал екендігі туралы болжамын жасады. Ле­женің айтуынша, бұл жыр халықтық туынды емес, бертінде жазылған білікті маманның төл шығармасы. 

Ғалымдардың дауыл күнгі дарияның толқынындай аласұрған талас-тартысы ХХ ғасырда да толастаған жоқ. Қайта бұрынғыдан да бетер күшейіп, шарықтау шыңына жетті. Орыстың ұлы суреткері Лев Толстой жырдың жалған туынды болуы әбден мүмкін екенін тілге тиек етіп, оны Краледворск қолжазбасымен (Славян әдебиеті мен фольклоры сала­сындағы жалған қолжазба) салыстырды. 

1938 жылы атақты ғалым Андре Ма­зон мен оның жақтастары француз слависі А.Вайян, эмиграциядағы орыс филологы Б.Г.Унбегаун мен ақын М.Г. Горлин, болгар ғалымы М.Арнаулов, жапон слависі Р.Кисакийдің жазба ескерткіштің түпнұсқалығына күмән келтірген сериялық мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. 1940 жылы про­фессор Андре Мазон жырды зерттеген кітабын шығарып, оның Оссианның поэтикасына еліктеп жазылған шығарма болуы ықтимал екендігі туралы ойын білдірді. Белгілі ғалымның пікірінше, мұндай жалған эпосты қолдан жасау қажеттілігі Екатерина ханшайымның жеке басының абыройын асқақтату, орыс отаршылдарының Қырым мен Галицияны өздеріне қосып алу құқығының бар еке­нін дәлелдеу мақсатынан туған. 

Әрине, жырдың түпнұсқалығын дә­лел­дегісі келген орыстың атақты ғалым­дары ауыздарын ашып, ай бағып отырған жоқ. Асыл мұраларының ХІІ ғасырдың туындысы екенін дәлелдеуге құлшына кіріскен ғалымдар Р.О.Якобсон, А.В.Иса­ченко, Е. А. Ляцкий, А. В. Соловьев, П.М.Бицилли, И.Н. Голенищев-Ку­тузов, В.П. Адрианова-Перетц, Н.К.Гудзий, Д.С.Лихачевтар күмәнданушы­ларға тойтарыс беріп, пікірталастың көрігі бұрынғыдан бетер қызып кетті. 

Өкінішке қарай, кейбір советтік ғалымдардың еңбектерінен кейін бұл мәселе идеологиялық бағытқа бет бұрып, ғылымидан гөрі саяси сипат алды. Мә­дениет саласындағы солақай идеологтар­дың пікіріне сүйенсек, «Игорь жорығы туралы жыр» орыс пен совет халқының мақтанышы, ендеше оған күмән келтіру лениндік құндылыққа қарсы шабуылмен пара-пар буржуазия­лық әрекет. Көне жырдың жауларына қарсы күрес қатты қарқын алып, жазалау науқаны күшей­гендіктен, қызыл импе­рия­ның қаһарынан қаймыққан ғалымдар енді бұл тақырыпқа қатысты ойларын абайлап айтуға көшті. Міне, осындай советтік идеология ғылым саласына да тізесін батырып, өктемдігін жүргізіп тұрған өліарада эпос туралы өз ойын айтқан бір үлкен ғалымның еңбегі мен орыстардың көбі жыға тани қой­майтын бір қазақ ақынының жарық көрген кітабы жұрттың көңілінде бейбіт күнде жарылған бомбадай әсер қалдырды. 

1963 жылы жазба ескерткішті зерттеп жүрген орыс ғалымы А.А.Зимин аяқ астынан «жауларының» жағына шығып, сөз сөйлейді. Эпосты жан-жақты зерттеп, текстологиялық жұмыс істеген ғалым Ленинградтағы Пушкин үйіндегі әйгілі баяндамасында «Игорь жорығы туралы жырдың» ХІІ ғасырда емес, «Задон­щинаның» негізінде, кейінгі ғасырларда жазылған шығарма екенін мәлімдеді. Баяндамашыны тыңдауға жиналған ғалымдардың ешқайсысы да Зиминнің дәлелдеріне қарсы уәж айта алмай, ауыздарына құм құйылды. 

Әйткенмен, ғылыми ортада дүрлігіс туғызған оқиғадан кейін Советтер Одағы коммунистік партиясының идеологиялық бөлімі Зиминнің концепциясының саяси қауіпті екенін мәлімдеп, ғалымға қатаң ескерту жасалып, баяндамашының ма­териалдарын жариялауға цензуралық тыйым салынды. 

Он жыл өткен соң қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің тартысты тақырыпқа араласып, өз болжамын жасауы тағы да елеулі оқиғаға айналды. Күтпеген жерден ол «АЗиЯ» кітабында қөне эпостың екі тілді оқырманға арнап жазылған, қос тілді меңгерген, яғни, орысшамен бірге түрк тілін де жақсы білетін автордың шығармасы болуы ықтимал екендігі туралы жорамалын жария етіп, ежелгі орыс қайнарларынан ондаған мысал, жүздеген дәлел келтірді. 

Бұрынғы тарих ғылымы далалықтар мен татар-монғол басқыншылығы ке­зінде орыс тіліне түркілердің екі-үш қана сөзі енді дегенді жағы талмай айтумен келген еді. Ал Олжас бұл кітабында орыс тілінің еншісіндегі көптеген сөздің түркі тілінен алынғанын өз тұрғысынан дә­лелдеп, «Игорь жорығы туралы жыр­дағы» көзге көрінбейтін тюркизмдер ту­ралы мәселе көтерді. Бодандығында болып, үстемдігін жүргізуге дағдыланған «жа­байыларға» жоғарыдан қарап үйрен­­ген ресейлік академиктердің қазақ ақы­нының аузынан мұндай жаңалықты естігенде ашу-ызалары келіп, қандары қайнады. 

Шын мәнісінде, Олжас Сүлейме­новтің айтып отырған сөздерінің қи­сыны бар-тын. Тіл де химиялық эле­менттер сияқты мәдени байланыстардың, со­ғыстардың, саяси және экономикалық қарым-қатынастардың арқасында ұдайы өзгеріске ұшырап отырады. Мысалы, корей тілінің 75 пайызы қытайдікі, ал француз тілінің 25 пайызы араб сөздері екені дәлелденген. Ендеше көне эпостағы көптеген сөздің түркі тілінен алын­ғанына қатысты қандай күмән тууы тиіс. Тіпті, бұл шығарма орыс ақынының емес, түркі шайырының жазба мұрасы болуы да ықтимал ғой. Баяндамамды дайындау барысында әйгілі туынды түркі халқының көне заманда туған мадақ жыры емес пе екен деген ойға беріліп кеткен кезім де болды. 

Ғылыми конференцияға мен бар ынта-жігерімді салып дайындалдым. Оқытушылардың дәрісін тыңдап бола салысымен, түстен кейін жол-жөнекей тамағымды іше салып, бірден Орталық кітапханаға тартамын. Тақырыпқа қатысты дүниелерді жаздырып алып, кітапхана жабылғанға дейін тапжылмай отырып, ғылыми еңбектерді, журнал­дарды, тіпті, орыс ақыны Игорь Шкля­рев­скийдің эпосты қотарып аударып шық­қан сол жылдары жасаған тәржі­масына шейін оқып шықтым. Қазақ ақындары Берқайыр Аманшин мен Не­сіпбек Айтовтың эпосты ана тілімізге аударған тәржімасымен де таныстым. 

«Игорь жорығы туралы жыр» эпосы­ның 800 жылдығына арналған басқосуда біраз жұрт төбе көрсетті. Төменгі, жоғар­ғы курстың белсенді студенттері де қа­тысты. Маған сөз конференция аяқталар кезде тиді. Жүрегім дүрс-дүрс соғып, қобалжып кеттім. 

Көне жырдың түпнұсқалығына қатысты мәселелерді ғана қозғауым керек екеніне қарамастан, баяндамамның соңына таман тақырыпты басқа жаққа бұрып әкеттім. Шешіліп сөйлеп, Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»-сын қорғап, кө­кейімде жүрген ойларымды айтып-айтып тастадым. Қызды-қыздымен орыстың мүйізі қарағайдай ғалымдарының еңбегін сынап жіберіппін. Қазақ мәдениетіне Ресей немесе Еуропа ғалымдарының кө­зімен ғана қараудың қате екенін айттым. Конференцияға амалсыздан келіп, қал­ғып-шұлғып отырғандардың өзі басын көтеріп алып, менің сөзіме таңырқай қарасты. 

– Өз халқының мәдениеті мен әдебиетін көтере отырып, өзге халықтың әдебиеті мен мәдениетін жоққа шығаруға болмайды, – деп сөзімді аяқтап ойымды түйіндедім. Соны айтуым мұң екен, уни­верситеттің біраз мұғалімі қитұрқы сауалдар қоя бастады. Менің алдымда сөй­легендерге құр қол шапалақтай сал­ған. Конференция аяқталғанда көзілдірік киген бір оқытушы қасыма келді де:

– Байқа, бала! Әкеңе сеніп жүрсің бе? Жаңағы сенің айтып отырған сөздерің ойыншық емес. Неге қарсы шығып отыр­ғаныңды сен сезбейтін сияқтысың, – деп қатаң ескерту жасады.

Бәлкім, мұндай конференциялардың сол кезде көп өткенінен бе, әлде әлі жас қой деп аяды ма, әйтеуір менің сөздеріме ешкім ерекше көңіл бөліп, соңы дауға айнала қойған жоқ. Дегенмен тұмаудай жабысып, тамағымды жыбырлатқан шын­дықты айтып салғаныммен, әлде­кімдер мәселе көтеріп, оқудан шығарып жібере ме деген күдік күні бойы көңілім­нен кетпей қойды.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ