Байғанин ауданында басталған мазмұнды мерейтойлық кездесу Ақтөбе облысының Ойыл ауданы тұрғындарымен жалғасады.
Қазақ киносының аңызы Меруерт Өтекешоваға арналған шығармашылық кеш өтті
Фото: gov.kz
262
оқылды

Байғанинде қазақ киносы мен сахна өнерінің саңлағы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Меруерт Өтекешова құрметіне арналған тағылымды кеш өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап. Аудандық Мәдениет үйінде өткен мерейтойлық кездесу өнерсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырып, ұлттық мәдениетке деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

75 жылдық мерейтой иесімен жүздесуге арнайы келген Ақтөбе облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі кеңесшісі, облыстық мәслихат депутаты Күлпаршын Алпысбайқызы мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұлдыз Қожабекова жылы лебіздерін білдіріп, актрисаның қазақ руханиятындағы орнына ерекше тоқталды.

Кеш барысында Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов сөз сөйлеп, Меруерт Қаратайқызының ұлттық өнер мен кино саласына сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Аудан тұрғындарының ықыласын жеткізіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Еркін форматта өрбіген кездесуде көрермендер актрисаның шығармашылық жолына, кино мен театрдағы естен кетпес рөлдеріне, өмірлік ұстанымдарына қатысты сауалдарын қойып, шынайы әрі әсерлі жауаптарға куә болды. Әсіресе жастар тарапынан қойылған сұрақтар кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Мәдени кеш жергілікті өнерпаздардың ән-жырымен әрленіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тағылымы мол жүздесу ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, кейінгі буынға рухани тәрбие беретін әсерлі мәдени оқиға ретінде көпшілік жадында қалды.

Осындай мазмұнды мерейтойлық кездесу ертең Ойыл ауданы тұрғындарымен жалғасады деп жоспарланып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.