Төрт түлікті тіркеу барынша қадағалана бастады. Өйткені мал төлдегенде тіркемей, селсоқ қарасаңыз, қаржылай қолдау да, дәрі-дәрмек те таппай, қиналып қаларыңыз анық. Сол үшін де мұндай олқылықтарға жол бермеу маңызды.
Тіркел десе, іркілме!
124
оқылды

Жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет үйінде өткен брифингте малды тіркеу талаптарына қатысты бірқатар өзгерісті жария етті. Министрдің айтуынша, ендігі жерде малына ен тақпағандарға айыппұл күшейе­ді. Сонымен қатар құжатсыз мал сатып, делдалдықпен айна­лысқан адамдар да қылмыстық жауап­кершілікке тартылуы мүмкін. 

– Мал туды ма, 7 күннен кейін биркасын құлағына ілу керек. Егер мал тіркелмесе, 30 мың теңге көлемінде айыппұл көзделген. Осы жұмыстарды жүргізе бастаймыз. Ал қағаз құжатсыз, ветеринариялық анық­тамасыз малды сатып алып, базарға апарып сататын делдалдар бар. Ондайларға «қылмыстық жауапкершілік» қарастырып отырмыз, – деген болатын Ауыл шаруа­шылығы министрі.

Бұл үдеріс «Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарына арналған кешенді жоспары» шеңберінде де жүзеге аспақшы. Малды тіркеуді оңтайландыру тетігі де жасалыпты. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері үшін «Төрт түлік» қосымшасы арқылы малды тіркеу мен түгендеу ісі жүзеге аспақ. Қосымша арқылы жануарды есепке қою, сатып алу-сату, сырғасын ауыстыру, төлқұжат алу және союдан кейін есептен шығару онлайн жүргізіледі. Сонымен бірге вакцинация туралы ескертулер мен салалық жаңалықтар қолжетімді екен. Бұл да өз кезегінде, малды есепке қою мен тіркеуден шығаруға жасалған ыңғайлы жол сияқты.

Мал шаруашылығы департаменті директоры Бағлан Аймұрзаев малды тіркетудің жай-жапсарын түсіндіріп берді.

– Егер малға вак­цинация алмайтын болса, заңды тұр­ғыда тіркемесе, жауап­кершілік қарас­тырылған. Малдың иесі дәрілетуге, тіркетуге өзі ұм­тылуға тиіс. Ветеринар соңынан жүгіріп жүрмеуі керек. Ауру малдың еті нарыққа шығып кетпес үшін, мал тіркеусіз қалмас үшін заңнамалық жағынан бәрін пысықтап отырмыз, – дейді департамент басшысы. 

Жауапкершілік әркімнің өзінде

Ұлттық статистика бюросының дерек­теріне сәйкес, елде жыл басында ірі қара мал басы 8,2 млн-ға жетіп, алдыңғы жыл­мен салыстырғанда өсім 2,4%-ды құрады. Қой мен ешкі саны 20,6 млн бас (+1,6%), жылқы – 4,6 млн бас (+5,6%), түйе – 294 мың бас (+4,8%) тіркелген. Ал ресми тіркеуге тұрудан бөлек жеке секторда тіркелмеген мал басы бұдан да көп көрінеді. 

«Қазақтың ақбас тұқымының респуб­ликалық палатасының» мүшесі Қуаныш Серғазыұлы төрт түлікті тіркемеу – әр шаруа адамының ар-ұятына тікелей байланысты екенін, малды тіркемей­тіндердің де көп екенін айтады. Мұндай салғырттық мал шаруашылығының дамуына үлкен тұсау болады деп санайды. 

– Малды тіркеу үшін мемлекет тара­пынан барлық жағдай жасалды. Дәлірек айтқанда, идентификациялық бирка, чип қойылады. Малды уақытында тіркей алмайтын себептері де бар. Мәселен, мал дәрігері шалғай елді мекендерді аралап жүрем дегенше біраз уақыт өтеді. Өйткені бір ауылда ветеринар ұқыпты істесе, екінші қасындағы ветеринар өз ісіне салғырт қарауы мүмкін. Одан кейін тіркеген күннің өзінде төл қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа күйіп шығын болып жатады. Осындай жағдайдың бәрін бірізділендіріп отыру қажет, – деді ол.

Жалған құжат жарға жығады

Малды жалған құжат жасап, жоқ төлді тіркегені үшін әзірге екі заң аясында жауапкершілік қаралады. Нақтырақ айтқанда, Қылмыстық кодекстің 190-бабы алаяқтық тармағы, ал жалған құжат жасау бойынша 385-баппен қаралады. Тіпті, қылмысы дәлелденсе, 3-7 жыл бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу көзделіп қойған. Сол себепті осы бағытта арнайы заң қағидаларын қатаңдау қажет екені сезіледі. 

2023-2026 жылдар аралығында Қаржы­лық мониторинг агенттігі деректеріне зер салсақ, Қарағанды облысында жалған құжат жасап, жоқ малды тіркеп, 253 млн теңге субсидияны заңсыз алу фактісі анықталған. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында кооператив басшысы 50 млн теңгеге жалған есеп жасап, малдың санын көбейтіп көрсетіп, ақырында жымысқы әрекеті әшкере болған. Осыған ұқсас жағдай биыл да туындап, құжат жүзінде жоқ малды тіркеп, жалған бухгалтерлік құжатпен 2,5 млрд теңгені қолды еткен ұйымдасқан топ құрықталып, 30 адам жазаға тартылды. Бұл бізге белгілісі ғана, ал анықталмағаны әлі қаншама?

Абай облысы «Кәсіподақтар орталығы төрағасы» Қуаныш Сүлейменов – ұзақ жылдан бері мал шаруашылығы саласымен айналысып келе жатқан білікті маман. Ол өз тәжірибесіне сүйеніп, малды тіркемеу мемлекетке де шығын, жеке фермердің өзіне де зиян деп пайымдайды. Себебі малдың төлі тіркелмесе, вакцина, субсидия сияқты қолдаулардан қағылып, салада түрлі жетіспеушілік туындайды екен.

– Кей фермерлер малдың санын көбейтіп, төлін уақытында тіркемейді. Малдың бәрін дер кезінде тіркеп, базаға енгізудің артықшылығы бар. Егер мал тіркелсе, сол өңірге, ауданға, ауылға қанша вакцина, қаржылай көмек керек екені анықталады. Мысалы, көктемде 1 мың бас қой тіркелмесе, күзде 1 мың бас екпе жетпей қалады деген сөз. Соның салдарынан олқылық кетіп, ауру-сырқау малдың саны көбейіп, шаруашылық шығынға бата бастайды. Сондықтан 9 түрлі мал ауруына вакцина салу үшін, халыққа ет-сүт өнімдері сапалы жету мақсатында, әр фермер уақытында өзінің мемлекеттік қаржылай қолдауын алу мен субсидияға шынайы қол жеткізуі үшін малды тіркеу ләзім болып есептеледі, – дейді ол. 

Тоқетері, малды тіркеу әр адамның өзінің жауапкершілігіне келіп тіреледі. Жалған құжаттың жарға жығатынын әлгіндей фактілер дәлелдеп тұр. Ал құзырлы органдар «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермейтіні белгілі. Сондықтан да бар малыңызды тіркеп, цифрлық мүмкіндікті емін-еркін пайдаланып, мемлекеттен берілетін екпе мен қаржылай көмекті алып, жайбарақат күн кешкеннен артығы жоқ-ау.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ