Бақылау сынағы жеке жауапкершіліктің айқын үлгісі болып, бүкіл жеке құрамға талапты күшейтті.
Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы дене дайындығы бойынша сынақтан сүрінбей өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі
246
оқылды

Елорданың «Алатау» спорт сарайында Қорғаныс министрінің орынбасарларымен, Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері басшыларымен дене дайындығы бойынша бақылау сабақтары өтті. Жоғары офицерлік құрамның өкілдері – 12 генерал бақылау нормативтерін тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Бақылау сынағы жеке жауапкершіліктің айқын үлгісі болып, бүкіл жеке құрамға талапты күшейтті. Олар дене дайындығы бойынша сынақтар тапсырып, № 3 жаттығуды (белтемірге тартылу) және № 37 жаттығуды (1 шақырым жүгіру) орындады.

– Дене дайындығы – әскери қызметтің ажырамас бөлігі. Командирлер әрдайым жеке құрамға үлгі болуы тиіс. Сондықтан талап қоюмен қатар, өздері де сол талаптарға сай болуы қажет. Әскер – бұл тек техника ғана емес, ең алдымен рухы мықты, физикалық тұрғыдан дайын, білімді әрі тәртіпті жауынгер, – деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.

Қысқы оқу кезеңінің қорытындысы бойынша бақылау сынағын Спорт комитетінің офицерлері қабылдады. Нормативтерді орындаумен қатар, жаттығуларды орындау техникасы, төзімділігі және жалпы дене дайындығының деңгейі ерекше назарға алынды. 

Министрлік мәліметінше, спорттық іс-шараның басында медициналық қажетті құрал-жабдықтармен және санитарлық көлікпен қамтамасыз етілген дәрігерлік-фельдшерлік бригада тұрды.

Жалпы министрліктің басшылық құрамы жақсы физикалық дайындық деңгейін және белгіленген нормативтерді толық көлемде орындауға дайын екенін көрсетті. Үздік нәтиже көрсеткен офицерлер келесі жиында марапатталатын болады. Ал алынған көрсеткіштер алдағы дене дайындығын жоспарлау кезінде ескерілетін болады.

Бақылау сабақтарына ведомство басшылығының қатысуы Қарулы күштерде дене дайындығына қойылатын талаптардың баршаға бірдей екенін және ол жауынгерлік даярлықтың ажырамас бөлігі болып қала беретінін көрсетті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.