Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен парламенттік дипломатияның климаттық сын-қатерлерді еңсеру жолындағы рөлі және Орталық Азияның орнықты даму перспективалары тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.
Су ұйымын құру бастамасын қолдау маңызды
108
оқылды

Өңірлік экологиялық саммит (RES-2026) аясында ұйымдастырылған іс-шараға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің басшылығы, сенаторлар, сарапшылар, ғылыми және талдау орталықтары мен салалық институттардың қызметкерлері, сондай-ақ Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері қатысты.

Сенат Төрағасы дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіріп, ХХ ғасырдағы ірі экологиялық апаттар – Арал қасіреті мен Семейдегі ядролық сынақтар­дың зардаптарын еңсеру Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік саясаттың басым бағыты бо­­лып келе жатқанын атап өтті. Қазір елі­міз бұл тәжірибені экономиканы декар­бо­низациялау, «жасыл» энергетиканы ен­гізу, суды үнемдеу және шөлейттенуге қар­сы тиімді күрес жөніндегі ұлттық бас­тамаларды белсенді іске асыру сияқты ауқымды жұмыстармен жалғастырып келеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елі­мізде экологиялық мәдениетті қалыптасты­руға, қоғамның жауапкершілігін арттыруға және орнықты даму қағидаттарын ілгері­летуге арналған «Таза Қазақстан» бағ­дар­ламасы жүзеге асырылуда. Қазақстан кли­маттық күн тәртібін ұлттық деңгейде ғана емес, өңірлік және жаһандық деңгейде де жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Ор­нықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру – осы бағыттағы маңызды қадам. Сондай-ақ Қазақстан Президенті БҰҰ аясында мамандандырылған Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ұсынды. Бұл бастама институционалдық үйлесімділікті күшейтуге, функ­циялардың қайталануын қысқартуға және су мәселесіне халықаралық деңгейде басымдық беруге бағытталған», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол RES-2026 Өңірлік эколо­гиялық саммиті климаттық күн тәртібі тақырыбына арналғанын тілге тиек етті. Бұл бастама экологиялық сын-қатерлер қауіпсіздікке төнетін негізгі тәуекелдердің бірі ретінде танылған ЕҚЫҰ ПА-ның 2025 жылғы декларациясымен үндесетіні де назарға алынды. Сенат Төрағасы «Ор­талық Азияның экологиялық ынтымақ­тастығы» атты қорытынды декларация цифрландырудан бастап БҰҰ институтта­рымен серіктестікке дейінгі тәжірибелік шешімдер табуды көздейтінін атап өтті. Аталған үде­рісте заңнамалық қолдау көрсету және қол жеткізілген келісімдердің орындалуын бақылау арқылы саяси бастамаларды нақты құқықтық тетіктерге айналдыру жолында Парламенттерге ерекше рөл жүктеледі.

Осыған байланысты Мәулен Әшім­баев бірқатар басым міндетті атап өтіп, кли­маттық күн тәртібін ілгерілетуде және маңызды жобаларды іске асыруда парламенттік дипломатияның рөліне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар талқылау барысында ауыл шаруа­шылығы секторында сұраныс артып отырған қазіргі жағдайда мұздық­тардың жедел еруі және Сырдария мен Әмудария өзендерінде ағынның азаюы Орталық Азия­ның су және азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отырғаны әңгімеге арқау болды. Сенат Төрағасы бұл сын-қатерлердің ауқымы шұғыл әрі үй­лестірілген әрекеттерді талап ететінін, өйткені эко­логиялық тоқырау өңірдің экономикалық тұрақ­­­ты­лығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететінін айтты.

Дөңгелек үстелге ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Пере Жоан Понс, ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Роберто Монтелла, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Хаолянь Шу қатысты. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның экономикалық және эко­логиялық қызметін үйлестіруші Бақыт Жүсіпов, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жө­ніндегі елшісі Зүлфия Сүлейменова, Әзербайжан Республикасы Милли Мә­жілісінің депутаты Азай Гулиев, Өзбек­стан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы комитет төрағасының орынбасары Бахтиёр Пулатов, ЕҚЫҰ ПА-ның Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі, Грек Респуб­ликасының депутаты Ангелос Сиригос, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұр­кен Шәрбиев сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Іс-шара соңында қатысушылар эколо­гиялық бастамаларды сараптамалық тұрғыдан қолдаудың маңызын атап өтіп, осы бағыттағы сындарлы диалогты әрі қарай жалғастыруға дайын екендерін білдірді.