Қазақстан делегациясы Азия мен Тынық мұхиты үшін БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 82-ші сессиясына қатысты. Іс-шара өңірдегі 50-ден астам елдің өкілдерін біріктірді.
Қазақстан БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының «Интеллектуалды үкімет» стратегиясын таныстырды
Фото: gov.kz
129
оқылды

Сессия аясында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жоғары деңгейдегі қатысушыларға үндеу жолдаса, Бангкок алаңындағы цифрлық күн тәртібінің практикалық аспектілерін бірінші вице-министр Ростислав Коняшкин таныстырды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Қазақстанның осы Сессияның тең төрағасы болып сайлануы делегация жұмысының маңызды бөлігі болды. Бұл еліміздің тұрақты даму саласындағы келісілген өңірлік күн тәртібін әзірлеудегі тәжірибесі мойындалғанын растайды.

Сенімді жасанды интеллектінің болашағы Қазақстан мен аталмыш комиссияның бірлесіп ұйымдастырған  Side Event  арнайы іс-шарасында жіті талқыланды. ЖИ-ді жауапты енгізу мәселесі қаралған жиынға Азия мен Тынық мұхиты үшін БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана мен өңір елдерінің байланыс министрлерін қоса алғанда, 100-ден астам қатысушы жиналды.

Ростислав Коняшкин еліміздің төрт негізге: сапалы деректерге, есептеу қуаттарына, таланттарды дамытуға және мықты институттарға сүйенетін «интеллектуалды үкіметке» көшу бағытын таныстырды. Қазақстанның бүкіл өңірде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесу үшін ашық серіктестікке және Smart Bridge жүйесі мен eGov сервистері сияқты сыналған шешімдерді бөлісуге дайын екені атап өтілді.

Бұл сессия 2024 жылы Астанадағы Министрлер конференциясында негізі қаланған бастамаларды дамытудың маңызды кезеңі болды. Бұған 2026 жылдың басында 15 ел делегациясының Аlem.ai халықаралық орталығына жасаған сапары тың серпін берді. Онда Қытай, Үндістан, Бангладеш және өзге де мемлекеттердің өкілдері Алматыда Өңірлік цифрлық шешімдер орталығын іске қосуға дайын екендіктерін білдірген болатын.

Жаслан Мәдиев өз үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке кураторлығымен Қазақстанда тұрақты цифрлық экожүйе қалыптасқанын, бүгінде еліміз БҰҰ-ның онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемде 10-орында тұрғанын айтты. Осы тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы аясында GovTech-технологиялармен алмасудың ашық платформасы ретінде Цифрлық шешімдер орталығын құруды ұсынды. Бұл бастаманы өңірдің 15 мемлекеті қолдап үлгерді.

Сессия аясында бірқатар екіжақты кездесулер, соның ішінде Маршалл аралдары, Самоа өкілдерімен және Таиландтың ETDA атқарушы директоры Чайчана Митрпантпен келіссөздер өтті. Қазақстан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының сараптамасымен, eGov мобильді шешімдерімен және Smart Bridge платформасымен бөлісуге дайын екенін растады. Сондай-ақ трансшекаралық киберқауіптермен күресу үшін 2025 жылғы Бангкок мәлімдемесіне тең автор ретінде қосылды.

Сессия жұмысы 24 сәуірге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде делегаттар Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі технологиялық ынтымақтастықтың қуатты қозғаушы күшіне айналатын Алматыдағы Өңірлік орталықты ашудың практикалық қадамдарын пысықтауды жалғастырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.