Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, қолданыстағы құрылыс талаптары тұрғысынан қарағанда, ғимараттағы бөлмелердің көлемі белгіленген нормаларға мүлдем сәйкес келмейді.
Аралда 40 мың тұрғынға бір емхана қызмет көрсетіп отыр – Мархабат Жайымбетов
332
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-министр Олжас Бектеновке Арал қаласында жаңа емхана салу туралы депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүгінде Арал ауданында 78,6 мың адам тұрады. Соның ішінде аудан орталығы – Арал қаласында 40 мыңға жуық тұрғын бар. Қала аумағы теміржол арқылы екіге бөлінген. Ал сол теміржолдың арғы бетінде орналасқан емхана 40 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетіп отыр.

«Өкінішке қарай, бұл нысан қазіргі заман талаптарына мүлде сай емес. 1960 жылы жатақхана ретінде салынған ғимарат кейін емханаға бейімделгенімен, уақыт талабына ілесе алмады. Тар бөлмелер, жеткіліксіз кабинеттер, инженерлік инфрақұрылымның жоқтығы – сапалы медициналық қызмет көрсетуге үлкен кедергі. Ыстық су, кәріз, желдету жүйесінің қарастырылмауы, күндізгі стационар мен арнайы кабинеттердің жетіспеуі - халық денсаулығына тікелей әсер ететін факторлар.

Арал өңірінің экологиялық ахуалы астын түртіп айтпаса да баршаға мәлім жағдай. Сол ахуалдың ауыр салдары ең алдымен халықтын денсаулығынан көрініс табуда. Аурушаңдық өсіп келеді. 2024 жылы 67 000 ауру түрлері тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш одан әрі артқан», - деп атап өтті депутат.

Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, қолданыстағы құрылыс талаптары тұрғысынан қарағанда, ғимараттағы бөлмелердің көлемі белгіленген нормаларға мүлдем сәйкес келмейді. Нысанның қазіргі аумағы тым тар әрі шектеулі болғандықтан, қосымша бөлмелер ашу мүмкін емес. Нәтижесінде, не ем іздеп келген науқастарға қолайсыз, не дәрігерлер заманауи талаптарға сай, сапалы қызмет көрсетуге бар мүмкіндіктерін қолдана алмай отыр. Осындай күрделі жағдайда медициналық көмектің қолжетімді әрі сапалы болуы – өмірлік маңызы бар үлкен мәселе.

«Бір топ депутат Арал ауданында болған кездесулерде халықтың басты сұранысы да осы жаңа емхана болған.  Осы мәселені шешу мақсатында жергілікті мемлекеттік орган 2025 жылы Арал қаласының екінші бөлігінде 250 келушіге арналған емхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізген. Қажетті жер телімі де, барлығы дайын. Жобаның жалпы құны – 6,6 млрд теңге. Бүгінде бұл бастаманың жүзеге асуы тек қаржыландыруға тіреліп отыр. Алайда ауданның да, облыстың да жергілікті бюджеті мұндай ауқымды жобаны көтере алмай тұр. Осы орайда, «AMANAT» партиясы ұлт саулығын әрдайым басты басымдық ретінде қарастырып, халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған бастамаларға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, құрметті Олжас Абайұлы, Сыр өңіріне көрсетіп отырған ерекше қолдауыңыз үшін шынайы ризашылығымызды білдіре отырып, Арал қаласында 250 келушіге арналған жаңа емхана құрылысына қаражат бөлу мәселесін қарастырып, қолдау көрсетуіңізді сұраймыз», - деді Мархабат  Жайымбетов.