Кооператив 2028 жылға дейін 5 000 бас ұсақ мал өсіруді жоспарлап отыр.
Ұлытау облысында Еділбай қойын өсіретін ірі кооператив құрылды
Фото: istockphoto
237
оқылды

Қоскөл ауылдық округі – Ұлытау ауданының шалғайда орналасқан елді мекендерінің бірі. Округ құрамына Нарөлген және Құлжанбай атты екі елді мекен кіреді. Қоскөлдің жалпы жер көлемі 733 778 гектарды құрайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

2024 жылдан бастап ауыл халқының саны артып келеді. Қазіргі таңда Қоскөл ауылдық округінде 645 адам тұрады. 

Бүгінде ауылдық округте 61 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы 1 шаруа қожалығы асылтұқымды ірі қара өсірумен айналысса, 6 шаруа қожалығы селекциялық жұмыстар жүргізіп отыр.

2025 жылы Қоскөл ауылында «Еділбай–Қоскөл» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Кооператив жетекшісі – Эльмира Қашқынбаева.

Мемлекеттік бағдарлама аясында кооператив 2,5% сыйақы мөлшерлемесімен 28 млн теңге несие алып, асылтұқымды Еділбай қойын сатып алған. 2025 жылдың қараша айында Қарағанды облысы Шет ауданынан 180 бас аналық қой, 10 бас қошқар әкелінді.

Кооператив 2028 жылға дейін 5 000 бас ұсақ мал өсіруді, 2 000 басқа арналған бордақылау алаңын іске қосуды жоспарлап отыр.

Қоскөл ауылындағы №11 жалпы білім беретін мектеп 1978 жылы пайдалануға берілген. Мектеп 392 орынға арналған, екі қабатты ғимаратта орналасқан. Қазіргі уақытта мұнда 112 оқушы білім алады.

Сондай-ақ ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істеп тұр. Мұнда 1 акушер, 3 медбике, 3 техникалық қызметкер еңбек етеді. 2023 жылы облыстық бюджет есебінен облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы жаңа ФАП ғимараты салынды. Бұған қоса, ауылға жаңа жедел жәрдем көлігі де берілді.

Ауылда бір клуб және бір  кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Аудандық бюджеттен 67 млн 40 мың теңге бөлініп, спорт нысаны салынды. 

Ал 2025 жылдың тамыз айында Қоскөл ауылының 50 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткен.