Жамбыл облысында мыңдаған адам пәтерге заңсыз тіркелген. Мұндай сұмдық статис­ти­каны өңірдің Көші-қон қызметі басқармасы мәлімдеді.
Заңсыз тіркеудің залалы
286
оқылды

«Резеңке пәтерлер» атауымен айдарланған акция барысында тәртіп сақшылары 839 мекенжайды аралап, онда заңсыз тіркелген 16 306 адамды анықтаған. Сонда жалған тіркеуде тұрған бұл азаматтар кімдер? Олардың заңсыз әрекетіне жол берген пәтер иелеріне қандай тәртіптік шара қолданылды? Жалпы, мұндай заңсыздықтың жолын кесу мүмкін бе? Осы сауалдар төңірегінде толғанып көрдік.

Әңгіменің әлқиссасын әріден бас­тасақ, шетел азаматтарын пәтерге тіркеу – бұрыннан келе жатқан әдіс. Көп жағдайда елімізге жұмыс іздеп келген шетелдіктер осындай қадамға барады. Ал қара жұмысқа келгендер құрылыс ны­сан­дарына тіркеле алмайтындықтан, жалған тір­келу құжатын алу үшін пәтер іздейтіні анық. Бұл қызметті ұсынатындар да қазір жетіп артылады. Тиынын төлесең, уа­қыт­ша тіркеуге тұрғызуға дайын азамат көп. Тек шетелдік азамат тіркеуде бол­ған уа­қы­тында заңбұзушылық жасамаса бол­ғаны. Қарап тұрсаңыздар, кәдімгі жол­ға қойылған бизнес. 

 Жамбылдағы Көші-қон қызметі бас­қармасының негізгі мақсаты – осы пәтер ие­лері мен заңсыз тіркеуге тұрғандарды анық­тау. Биылғы рейдтік шара барысында 839 мекенжайда жалған тіркеу белгілері бай­қалса, 16 306 адамның басым бөлігі ме­­­­кенжайларда мүлде тұрмаған. Нәти­же­сінде, 82 адам азаматтарды нақты тұрғы­лық­ты жерінсіз тіркегені үшін жауап­кер­ші­лікке тартылған. Бұдан бөлек, он күн­нен бір айға дейін тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған 414 дерек белгілі болған. Сондай-ақ 143 адам жеке басын куәландыратын құжат­сыз, жарамсыз құжатпен немесе уақытша тұру орны бойынша бір айдан астам тір­кеу­сіз өмір сүргені де әшкереленіп отыр. Тағы 35 жағдайда пәтер иелері бұрыннан тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығару бойынша шара қабылдамағаны үшін де жауапкершілік жүгін арқалаған. 

Жамбыл облысы Полиция депар­та­менті Көші-қон қызметі бас­қар­масы бастығының міндетін атқарушы Арай Данабекқызының айтуынша, қазір «ре­зеңке пәтерлерді» болдырмас үшін тиіс­ті шаралар қолға алынып жатыр екен.

– Жамбыл облысы бойынша наурыз айы­нан бастап «резеңке пәтерлер» жо­ба­сы қолға алынған болатын. Осы акция шең­берінде шетел азаматтары жиі тір­кеу­ге тұратын мекенжайларды тексеріп, заң­­бұзушылықтар анықталды. Бұрындары тұр­ғын үй кітапшалары болатын болса, қа­зір мекенжайларға электрондық код бе­рі­леді. Міне, осы код арқылы бір пә­тер­де қанша адам тіркеуде тұрғанын анық­тау­ға болады. «Резеңке пәтерлердің» дені Тараз қаласы мен Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында анықталып отыр. Бұл тұста бір айта кетерлігі, «резеңке пәтерлер» ба­рак үйлерде орналасқан. Яғни, мұндай үй­лерге бір ғана мекенжайлық код бері­ле­тіндіктен, «резеңке пәтер» ретінде көрі­ніс тапқан. Қазір осы мәселелерді біржақ­ты қылу үшін жан-жақты тексеріс жұмыс­тары жүріп жатыр, – дейді Арай Дана­бек­қызы.

Әрине, барак үйлер мәселесі өзекті екені түсінікті. Алайда «резеңке пә­­­терлердің» барлығы бірдей барак үйлер емес екені белгілі ғой. Сондықтан мұндай заң­сыздықтарды бір мәселеге итеріп, бүр­кемелеуге әсте болмас. 

Жалпы, ресми мәліметке сүйенсек, жыл басына бері Жамбыл облысына 5 969 ше­тел азаматы келген. Бұл өткен жыл­мен салыстырғанда өсім көрсетуде. Ше­кара асқандар – толықтай ТМД ел­дері­нің азаматтары. Осы тұста ерекше на­зар аудара­тындығы өңірге табан тіреген 5 969 шетел азаматының 5 320-ы жұмыс із­деп келген. Тек 157-і тұрақты тұруға жә­не 18 адам оқу үшін аймаққа қоныс ау­­дар­ған. Тағы 474 азамат өзге мақсат­тар­мен өңір шекарасынан өтіп отыр. Байқап тұр­саңыздар, кеденнен өткен 5 969 шетел азаматының 90 пайыздан көбі «екі қолға бір күрек» іздеп келген. Ал бұл азамат­тар­дың барлығы бір жерге тіркеуге тұруы ке­рек қой. Міне, «резеңке пәтерлер» қай­дан шығатынын осыдан аңғара беріңіздер. 

Әрине, мұнда Көші-қон қызметі бас­­­­­қармасы жұмыс істемей жа­тыр деуден аулақпыз. Есепті кезеңде кө­ші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 940 ше­тел азаматы жауапкершілікке тар­ты­лып, 269 адам ел аумағынан шығарылған. Осы тұста тағы бір статистикаға көз жү­гірт­сек, заң бұзушылардың дені өзбек пен қырғыз азаматтары екен. Ал көктем шыға облыста құрылыс саласы қарқын алаты­нын ес­кер­сек, өзбек пен қырғыз ағайын­дар Әулиеа­та­ға қандай мақсатпен қайы­ры­лып жат­қа­нын аңғару қиын емес. 

Байыбына бармай, байбалам салудан ау­лақпыз. Алайда көші-қон барда заңсыз әре­кеттермен қатар, түрлі айла-амалдар да жүретіні белгілі. «Резеңке пәтерлер» со­ның бір көрінісі ғана. Бәлкім, құзырлы са­ла мамандарына заңсыздыққа жол бер­гендерге әкімшілік айыппұл ғана жазып қой­май, қатаң шаралар қолданса мұндай бол­мас па еді. Беті аулақ әрине, алайда ер­тең өңірге келіп, пәтерге заңсыз тіркел­ген шетел азаматы өзі бірдеңеге ұшырап  әлде айналасындағыларға бір қатыгездік әрекет жасап жатса, кімді кінәлап, кімнен жауап аламыз.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы