«Таза Қазақстан» республикалық жобасы аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы ауқымды сенбілік ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара барысында әскери бөлім аумағы мен оған іргелес жатқан аймақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Таңертеңнен бастап әскери қызметшілер аумақты қоқыстан тазалап, талдардың түбін әктеп, гүлзарларды ретке келтірді. Әсіресе қолбасшылық басқармасы мен оған жақын орналасқан аумақтарға ерекше көңіл бөлінді.

Аталған шара отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік рухында өтіп, жеке құрамның ұйымшылдығын арттыруға және бөлімдегі қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға оң әсерін тигізді.
Шараға қатысқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары полковник Тимур Мұсабеков өз сөзінде мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды:
- Осындай игі шаралар әскери қызметшілердің туған жерге деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Тазалық – тәртіптің айнасы. Сондықтан біз үшін бұл тек сенбілік емес, бұл – тәрбие мен бірліктің көрінісі, - деді ол.

Айта кетейік, осындай сенбілік шаралары өңірлік қолбасшылыққа қарасты барлық әскери бөлімдерде ұйымдастырылды.
