Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери оркестрі ҚР Қарулы Күштерінің Орталық оркестрінен «Наурыз мейрамы» челленджін қабылдап, мерекелік эстафетаға қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұлттық ұланның музыкалық ұжымы ұлттық нақыш пен көктемгі жаңару рухына толы салтанатты құттықтауын орындап, челленджді қолдады.

Өз үндеуінде музыканттар Наурыздың түрлі буын өкілдерін біріктіретін бірлік, бейбітшілік пен берекенің символы екенін атап өтті.
«Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Әр шаңырақта бейбітшілік, береке мен зор денсаулық салтанат құрсын. Қуаныш, жылу және шабыт тілейміз, әр күніңіз жарық пен ізгі эмоцияларға толы болғай. Елімізде әрдайым бірлік пен тыныштық сақталып, әр отбасы молшылық пен бақытта өмір сүрсін», – делінген құттықтауда.

Мерекелік эстафетаны одан әрі жалғастыру үшін, Ұлттық ұлан оркестрі «Наурыз мейрамы» челленджін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестріне жолдады. Осылайша, әскери шығармашылық ұжымдар арасындағы ізгі тілектер тізбегі мен мәдени байланысты нығайту жалғасын тапты.

Мұндай бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, дәстүр сабақтастығын нығайтуға және қоғамдағы әскери қызметтің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.