Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тағдырына бейжай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс айтты.
Референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір көрінісі болды – Қасым-Жомарт Тоқаев
110
оқылды

Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі. 

Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық. Кеше ғана елімізде жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұртшылық жаппай белсене қатысты. Азаматтарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз бір кісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақтап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты. Ұлы Абайдың «Бірлік – ақылға бірлік» деген өсиет сөзі осындай кезде айтылған болса керек. 

Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық. Мемлекет тағдырына бейжай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс айтамын! 

Ұлт мүддесін терең түсініп, Ата Заңды қолдап, дауыс беруді тарихи миссия санаған жұртшылыққа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл орайда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата Заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына алғысымды айтқым келеді», – деді Президент.