Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ІІІ Республикалық мәслихат депутаттарының форумы өтті.
ІІІ республикалық мәслихат депутаттарының форумы: халықпен ашық диалог орнатуға ерекше назар аударды
Akorda.kz
144
оқылды

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ІІІ Республикалық мәслихат депутаттарының форумы өтті.  Басқосудың қатысушылары, сенаторлар мен депутаттар пікір білдіріп, онда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өзекті мәселелері талқыланғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Мәслихат депутаттары ел мүддесі жолында белсенді әрі жауапты қызмет атқаруы тиіс

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі.  Президент өз сөзінде мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейтудің маңыздылығына тоқталып, «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидаты аясында өңірлердің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жергілікті бюджеттердің тиімді жоспарлануы, аймақтардың қаржылық дербестігін арттыру, депутаттық корпустың жауапкершілігін күшейту және халықпен тығыз байланыс орнату мәселелеріне ерекше назар аударды.

Президент ауыл шаруашылығы саласын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, өндіріс көлемін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және өнімді өңдеу саласын дамыту қажеттігін айтты. Сондай-ақ ресурстарын тиімді пайдалану, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және су инфрақұрылымын дамыту мәселелері де маңызды стратегиялық міндеттердің қатарында екені айтылды.

Бүгінгі форумда көтерілген мәселелер өңірлердің дамуы үшін аса маңызды. Әсіресе, су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығын дамыту – аймақтардың тұрақты өсімі мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы негізгі бағыттардың бірі деп санаймын. Мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы көпір ретінде ел мүддесі жолында белсенді әрі жауапты қызмет атқаруы тиіс, – деді Жанболат Жөргенбаев.

Бахаргүл Төлегенқызы,  Астана қалалық мәслихатының депутаты: 

Халық пен мемлекет арасындағы негізгі байланыстырушы буын – мәслихат депутаттары

– Форумға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Оған еліміздің барлық өңірінен келген екі мыңға жуық мәслихат депутаты қатысып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының халық пен мемлекет арасындағы негізгі байланыстырушы буын ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, дәл осы жергілікті деңгейдегі депутаттар тұрғындардың мәселелерін жақсы білетінін және олардың шешілуіне ықпал етіп, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ететінін ерекше атап өтті, –  дейді Бахаргүл Төлегенқызы.

 Сәкен Арубаев, республикалық халықтық штаб мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Мәслихаттардың рөлі мен жауапкершілігі айтарлықтай күшейді

– Кеше Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы еліміздің саяси және экономикалық дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанын айқын көрсетті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан реформалардың басым бағыттарына тоқталып, мәслихаттардың рөлі мен жауапкершілігі айтарлықтай күшейгенін атап өтті.

Президент өңірлердің қаржылық тұрақтылығын нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, цифрландыруды ілгерілету және халықпен ашық диалог орнату мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының маңызына тоқталып, оның елдің саяси жүйесін жаңғыртып, демократиялық институттарды нығайтуға негіз болатынын жеткізді.

Жалпы, форумда айтылған бастамалар мен ұсыныстар өңірлердің әлеуетін арттыруға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екені анық, – деді Сәкен Арубаев.