Астанада Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» атты кітабы мен «Талдау мектебі» жобасының бесінші легіне қатысушылар әзірлеген «SMART GOVERNANCE: тиімді басқаруға қажетті деректер, аналитика және жасанды интеллект» тақырыбына арналған аналитикалық баяндамалар жинағы көпшілікке таныстырылды.
Мемлекет басшысының реформалары туралы жаңа кітап таныстырылды
167
оқылды

Жаңа туындыларда ұлттық мүдденің негізгі бағыттары қамтылған және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды реформалардың маңызына баса мән берілген.

Аталған жинақ – сарапшылар мен менторлардың «Талдау мектебінің» оқыту бағдарламасы аясындағы бірлескен жұмысының нәтижесі. Онда «Урбанистика, болашақ қалалар және өңірлік даму», «Энергетика және орнықты инфрақұры­лым» «Экология және климаттық саясат» «Агро­өнеркәсіп және ауылдық жерлердің орнықты дамуы» «Инклюзивтілік және әлеуметтік саясат», «Білім және адам капиталы», «Проактивті мемлекеттік басқару» секілді жеті негізгі бағыт бойынша зерттеулер топтастырылған. Туынды мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар қалың оқырманға да арналғанын атап өткен жөн.

Тұсаукесер барысында Мәулен Әшімбаев қазіргі жағдайда шешім қабылдау жан-жақты талдауды талап ететінін, ал аналитикалық қызмет мемлекеттік басқарудың маңызды стратегиялық тетігіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ ол осыған байланысты терең талдау жүргізе алатын мамандардың жаңа буынын даярлау қажеттілігі артқанын тілге тиек етті. «Талдау мектебінің» қыз­меті мен жарық көрген жинақ дәл осы стратегия­лық міндетті жүзеге асыруды көздейді.

«Жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттік бас­қарудың тиімді парадигмасын қалыптасты­ру – аналитикалық және тәжірибелік қызметтің аса маңызды бағыты. Мемлекеттік басқарудың болашақтағы үлгісі – нағыз smart governance, яғни ақылды, технологиялық және икемді басқару. Бұрынғы басқару тәсілдері бүгінгі әлемде толық­қанды нәтиже бере алмайды. Smart governance – Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың жаңғырту бағдарының маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте сіздердің ұжымдық зерттеулеріңіз Әділетті Қазақстанда жаңа басқару парадигмасын қалыптастыруға қосылған елеулі үлес екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы «Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» кітабы мен «Талдау мектебі» аясында әзірленген баяндамалар жинағының мазмұндық әрі тұжырымдамалық сабақтастығына тоқталды. Автор­дың әр жылдары жарияланған мақалаларының негізінде дайындалған еңбек елдегі жаңғыру үдерістерінің ішкі мәнін ашуға арналған. Кітапта жүргізіліп жатқан барлық өзгеріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі әрі дә­йекті саясатына табан тірейтіні айтылған. Жаңа туындының жеті тарауында экономикадан бастап ұлттық бірегейлікке дейінгі маңызды салалар жан-жақты зерделеніп, реформалардың философиялық мәні мен жаһандық маңызы кеңінен талданған.

«Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» кітабы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кешенді жаңғырту бағдарламасына арналған. Еңбектің әр тарауында Мемлекет басшысының ауқымды реформалар бағдарының негізгі бағыттарына талдау жасалады. Ішкі саясат пен экономика, өңірлік даму мен ұлттық бірегейлік, парламенттік реформалар және Қазақстанның халықаралық аренадағы орны зерделенді. Алайда кітаптың басты өзегі реформалардың мәнін, олардың философиялық негіздері мен жаһандық маңызын талдау екенін атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құруға бағытталған саяси бағдарын ілгерілету және жүзеге асыру жөніндегі бастамалар мен өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

– Бұл еңбектің негізгі миссиясы – соңғы жылдардағы өзгерістерді үзік-үзік оқиға деп емес, өзара ұштасқан біртұтас құбылыс ретінде көрсету. Мәулен Сағатханұлы оқырманға сол ауқымды суретті көрсетіп, ірі шешімдердің түпкі себептерін дәл түсіндіреді. Сондықтан бұл туынды реформалардың жай ғана тізімі емес. Бұл – Қазақстанның жаңа дәуірдегі шежіресі, мемлекетіміздің заманауи генезисі десек те болады. Мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізді өркендетуге бағытталған стратегиялық даму курсы жан-жақты талданған. Автор елде болып жатқан терең өзгерістердің ішкі логикасын жеткізеді. Кітаптың басты құндылығы, менің ойымша, осында сияқты.

Кітаптың тағы бір қыры. Бүгінде әлем жылдам өзгеріп келеді. Технология дамып жатыр. Экономика өзгеріп жатыр. Адамдардың да талабы өсуде. Кеше дұрыс деген нәрсе бүгін жарамай қалып жатыр. Осындай аласапыран заманда әр ел өз даму моделін табуға тиіс. Бұл – жай таңдау емес. Бұл – ұлт келешегіне қатысты мәселе.

Бұл еңбекте Қазақстан сыртқы жағдайға жалтақтап, тек бейімделіп отырған ел емес, керісінше, өз жолын, өз бағытын өз еркімен тауып жатқан дербес мемлекет ретінде көрсетілген.

Туынды дәл осы ізденістің мәнін түсіндіреді. Әр стратегиялық таңдаудың астарын ашып, неге дәл қазір, неге дәл осындай қадамдар жасалып жатқанына жауап береді.

Жалпы, бұл кітапта көтерілген маңызды мәселелер аз емес. Соның ішінде әділеттілік тақырыбын бөлек айтсам. Өмірімнің көп бөлігі құқық қорғау мен сотта өтті. Қоғамның әділеттілікке деген шөлін жақсы түсінемін.

Бұл еңбек тағы үш маңызды ой қозғайды. Біріншіден, біз кез келген реформаның нәтижесін тез көргіміз келеді. Бірақ оған уақыт керек. Кітап осы ақиқатты еске салады. Екіншіден, реформа тек биліктің ісі емес. Ол әр адамның ықыласы мен санасына байланысты. Себебі күшті мемлекет тек қана қуатты қоғаммен бірге қаланады. Үшіншіден, бұл туынды жастарға, мемлекеттік қызметшілерге, бизнеске пайдалы құрал. Ол билік туралы ғана емес. Ол еліміз туралы, адамдар мен болашағымыз туралы өте терең кітап. Мәулен Сағатханұлын да, оқырмандарды да жаңа еңбектің жарық көруімен құттықтаймын. Кітаптың ғұмыры ұзақ болып, ел игілігіне қызмет ете берсін деп тілеймін!, – деді Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов.

Кітаптарды көпшілікке таныстыру рәсіміне Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ сарапшылар мен ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары қатысты.