Біз жақында аты әйгілі «АЛЖИР» музейіне бардық. Бұл – тарихымыздың ең қасіретті беттерін әйгілеп берген, саяси қуғын-сүргін жылдарының шындығын ашатын ерекше орын екен.
«Алжирде» азапталған аяулылар
334
оқылды

Астана қаласының маңында, Ақ­мола ауылында орналасқан лагерьде «Отанын сатқан халық жаулары» деген жала жабылғандардың әйелдері қа­мал­­ған. Әрине, оның ішінде қазақ зия­лы­ларының да әйелдері көп болып­ты. Азап түрмесінде 18 мыңнан астам әйел жазықсыз жапа шексе, олардың көбі күйеуінен бас тартпаған аяулы жандар еді.

Осы лагерьде әйгілі жазушы Бейімбет Майлиннің жұбайы Гүлжамал Майлина 5 жылын өткеріпті. Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова туған анасымен бірге 10 жылға сотталып, осы жерде болғанын естідім. Әзизаның аяулы анасы осы лагерьде өмірден өтіпті. Ал өзі 18 жыл ғұмырын қуғын-сүргінде өткізген.

Экскурсия барысында біз көптеген көрмені тамашаладық. Онда тұтқын­дардың тұрмыстық заттары, киімдері, хаттары мен құжаттары қойылған. Әсіресе, кеудесіне нөмір тағылған әйел мүсіні, оны бақылап тұрған күз­ет­шінің бейнесі ерекше әсер қалдырды. Бұл көріністен жас жүрегім түршікті.

Менің жүрегімді ауыртқан тағы бір тақырып – осы жерде дүниеге келген балалар. Ресми дерек бойынша, 1507 сәби лагерьде дүниеге келіпті. Оның көбі зорлық-зомбылықтан туған балалар екен. Ол сәбилердің туу туралы куәлігінде тек анасының аты-жөні көрсетілген, ал «әкесі» деген жол бос қалған. Себебі олардың әкелері  лагерь­дегі күзетшілер, НКВД қызмет­керлері болған...

«АЛЖИР» музейі тек тарихи орын ғана емес, ол  әділдік, адам құқығы және еркіндік туралы ойландыратын маңызды мекен екенін ұқтым. Бұл жерге барған әрбір адам өткен тарихты ұмытпау керек екенін түсінеді. Экс­курсиядан кейін біз жазықсыз жапа шеккен жандардың тағдырына құрмет­пен қарап, бейбіт өмірдің қадірін те­рең­і­рек сезіндік. Репрессия жылдары­ның шындығы соңғы жылдары біздің елімізде кең насихатталып жатыр. Осы­ның бәрі мұндай азалы тарихтың қайталанбауына кепіл болса керек.

Ақжүніс ҰЗАҚБАЕВА,

Ақтөбе қаласы