Бүгін Тәуелсіздік сарайында өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде халықтың өмір сүру ұзақтығы ұзарғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Елімізде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,9 жасқа жетті. Бұл – осы аймақ елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. 2023 жылдан бері ана өлімі 35 пайызға азайды. Ал сәби өлімі 20 пайызға қысқарып, тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті.
Соңғы жеті жылда 1 259 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 нысан бой көтерді.
Былтыр Астанада науқастарды емдейтін Протондық терапия орталығы ашылды. Бұл – біздің аймақтағы теңдессіз нысан. Сондай-ақ өткен жылы «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Әйелдердің денсаулығын қорғауға арналған бұл бағдарламаның да мән-маңызы айрықша.
Менің тапсырмаммен 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Соның аясында жыл сайынғы бөлінетін квота саны 7 есе артты (яғни, 1 мыңнан 7 мыңға дейін көбейді). Бүгінде 11 мыңнан астам сәби осы ЭКО тәсілімен дүниеге келді, – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.