«Қазақ стилі» лақап атымен танымал қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF титулынан айырылғанымен, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы өзінде қалғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Боксшы әлеуметтік желідегі жазбасында алдағы уақытта рингке қайта оралатынын айтты.
– Қалай болғанда да, мен қазір WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын. Бір титул сақталды. Бұйырса, 8 айдан кейін рингке шығамын. Үлкен жорық жалғасады. Біз әлі аяқтаған жоқпыз, бәрі енді басталатын сияқты, – деді ол.
Жәнібек кәсіби бокс кейбіреулер үшін бизнес болса да, өзі спорт пен ұлттық рухты алға қоятынын жеткізді.
Сонымен қатар ол допингке қарсы екенін тағы бір мәрте атап өтті.
– Өткен нәрсе өтті. Ең бастысы – ел менің қандай боксшы екенімді біледі. Біз әлі әлем чемпионымыз. Алда талай жекпе-жек бар. Қолдауларыңызға рақмет, – деп жазды боксшы.
Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының титулынан айырылуына байланысты Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті де мәлімдеме жасаған еді.