Жоғары деңгейдегі іс-шара барысында Бейбітшілік кеңесінің атқарушы органдарының мүшелері баяндама жасады.
Дональд Трамп Қазақстанды керемет әрі бай ел ретінде сипаттады
Фото: Ақорда
93
оқылды

Дональд Трамп Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қалпына келтіруге атсалысқаны үшін Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

АҚШ Президенті Кеңеске қатысушы елдердің басшыларын таныстыру барысында Қазақстанды керемет әрі бай ел ретінде сипаттады. 

Дональд Трамп Саммитке келген мемлекеттер басшыларын шешімтал әрекеттері арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық диалогты дамытуға елеулі үлес қосқан нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар деп атады.

Жоғары деңгейдегі іс-шара барысында Бейбітшілік кеңесінің атқарушы органдарының мүшелері баяндама жасады.

Жиынға қатысушыларға Газа секторын қалпына келтіру, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық қаржыландыру жоспары таныстырылды. 

Жоғарғы атқарушы кеңестің мүшесі Джаред Кушнер Газаны дамытуға арналған бас жоспар туралы мәлімет беріп, аймақ тұрмыс-тіршілікке және экономикалық өрлеуге қолайлы жағдай жасайтын заманауи кеңістікке айналуға тиіс екенін атап өтті.  

Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга Бейбітшілік кеңесінің қаржы механизмдері ашықтыққа және қаржыны нақты мақсаттарға бөлу қағидаттарына негізделетінін жеткізді. 

Ал Халықаралық тұрақтандыру күштерінің жетекшісі, генерал Джаспер Джефферс Газадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары жөнінде айтты. 

Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитеттің басшысы Али Шаат қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру және халықаралық серіктестермен ықпалдастық тәсілдерін ұсынды.

Сонымен қатар жиында АҚШ Вице-президенті Джей Вэнс, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Индонезия Президенті Прабово Субианто, Румыния Президенті Никушор Дан, Албания Премьер-министрі Эди Рама, Мысыр Премьер-министрі Мұстафа Мадбули және басқа да тұлғалар сөз сөйледі.

Вашингтондағы Бейбітшілік кеңесіне қатысушылар бірге суретке түсті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.