Әлемнің үздік теннисшілері қатысып жатқан жарыста Қазақстанның көшбасшысы Елена Рыбакина да өнер көрсетеді.
Елена Рыбакина әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілуі мүмкін
101
оқылды

Дубайда әйелдер арасындағы беделді WTA 1000 Dubai Tennis Championships турнирі басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлемнің үздік теннисшілері қатысып жатқан жарыста Қазақстанның көшбасшысы Елена Рыбакина да өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар қазақстандық спортшыны мықтылардың тізіміне енгізген.

Турнирге әлемдік рейтингтің алғашқы екі сатысында тұрған Арина Соболенко мен Ига Швёнтек қатыспайды. Қазіргі бірінші ракетка саналатын Соболенконың көшбасшылығына әзірге қауіп жоқ. Ал Швёнтек осы аптада әлемнің екінші ракеткасы атағынан айырылуы мүмкін.

Жаңартылған рейтингке сәйкес, Ига Швёнтек пен Елена Рыбакина арасындағы айырмашылық небәрі 280 ұпайды құрайды. Егер Дубай корттарында сәтті өнер көрсетсе, қазақстандық спортшы бірнеше күн ішінде поляк теннисшісін басып озып, әлемдік рейтингтің екінші сатысына көтерілуі мүмкін. Бұл – Рыбакинаның кәсіби мансабындағы ең биік көрсеткіш болмақ.

 

Рыбакина мықтылар тізімінде болғандықтан алғашқы айналымға қатыспайды. Келесі кезеңде ол әлемдік рейтингте 94-орында тұрған аустралиялық Кимберли Бирреллмен кездеседі.