Бағдарлама Израильдің Білім беру министрлігі және Аймақтық ынтымақтастық министрлігі ынтымақтастығында жүзеге асырылды, бұл арнайы білімге мұқтаж балаларды оқыту жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандум ережелеріне негізделген. Меморандум 2025 жылғы қарашада Астанада Қазақстан Республикасының Білім министрлігі мен Израильдің Аймақтық ынтымақтастық, Білім, Сыртқы істер министрліктері және Халықаралық ынтымақтастықты дамыту агенттігі арасында қол қойылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Халықаралық Innovative Approaches to Special Education («Арнайы білім берудегі инновациялық тәсілдер») курсы Израиль мемлекетінің Хайфа қаласында, Голда Меир атындағы MASHAV – Carmel Халықаралық оқу орталығында (MCTC) өтті. Оқыту бағдарламасы арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы заманауи инновациялық тәжірибелерді зерттеуге, ерекше білімге мұқтаж балаларды оқыту мен қолдаудың тиімді әдістемелерін енгізуге және білім жүйесі мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған.
Бағдарлама барысында қатысушылар Израильдің инклюзивті білім беру саласындағы озық тәжірибесімен танысты, білім беру мекемелері мен арнайы орталықтарға барды, сонымен қатар сарапшылар мен тиісті мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер өткізді.
2026 жылғы 12 ақпанда барлық қатысушылардың курсты сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттарды тапсыру рәсімі өтті.
Курс жоғары кәсіби деңгейде MASHAV, Голда Меир атындағы Халықаралық оқу орталығы (MCTC), Израильдің Аймақтық ынтымақтастық министрлігі және Білім министрлігі ұйымдастырды. Бағдарлама практикалық бағыттылығы, мазмұндық байлығы және жоғары деңгейдегі сараптамалық қолдаумен ерекшеленді.
Алынған білім мен практикалық тәжірибе Қазақстанда арнайы және инклюзивті білім беру жүйесін одан әрі дамытуға және жетілдіруге ықпал етеді.