Келушілер саны бойынша «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі көш бастап тұр. Қаңтар-шілде айлары ішінде паркке 600 мыңнан астам турист барған. Екінші орынды Алматы қаласына жақын орналасқан Іле-Алатау ұлттық паркі иеленді. 7 айда оның табиғи ландшафттарын 507 мыңнан астам турист тамашалаған. Үштікті Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық паркі түйіндейді. Бұл табиғи нысанды 350 мыңнан астам адам аралапты. Туристердің саны бойынша Шарын және Баянауыл ұлттық парктері де бестікке кіреді.
Бірақ дәл осы тұста мәселе шығады. Бұл тізімде Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы жоқ. Неге, бұл бағытта қандай іс атқарылып жатыр?
Әрине, экотуризмді дамыту керек. Қарағанды облысында саланы жүйелі дамытуға аз да болса басымдық беріле бастады. Осы бағытта кәсіпкерлерге Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экоқонақүйлер мен визит-орталық салуға арналған жобалар таныстырылып, құрылыс жүргізуге болатын нақты аумақтар көрсетілді. Ұлттық парк жерінің бір бөлігі туристік-рекреациялық аймақ ретінде айқындалған, бұл табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып туризмді дамытуға жол ашады екен.
Қазір ұлттық парк аумағында экотуризм нысандарын орналастыру үшін инвесторларға төрт жер телімі ұзақмерзімді пайдалануға, яғни 25 жылға дейін, сегіз телім қысқамерзімді пайдалануға берілмек, кәсіпкер тек 5 жылға ала алады.
– Қарқаралы ұлттық паркінің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары бекітілді. Туризмді одан әрі өркендету мақсатында қысқамерзімді пайдалануға қосымша 14 телім қарастырылып отыр. Сонымен қатар алты телімді ұзақмерзімді пайдалануға беру жоспарда бар. Мәселен, көпшілікке жақсы таныс Шайтанкөлге апаратын туристік соқпақ бойынан ұзақмерзімді пайдалануға арналған үш телім белгіленді, – деді Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев.
Оның айтуынша, экоқонақүйлер салуға қолайлы өзге де аумақтар анықталған. Атап айтқанда, Самал көлі маңы, Жауыртоғай және Комиссаровка сайлары инвесторлар үшін әлеуетті алаңдар ретінде ұсынылып отыр.
– Егер кәсіпкерлік тарапынан қызығушылық туып, нақты жоба ұсынылса, қолданыстағы талаптарға сәйкес конкурс жарияланады. Конкурс қорытындысы шыққаннан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бір жыл, ал нысанды салуға екі жыл мерзім беріледі, – деп нақтылады Руслан Төлепбаев.
Жеке бағыт ретінде визит-орталық салу жобасы ұсынылып отыр. Бұл нысан туристерді қабылдау деңгейін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ экотуризмнің өңір экономикасына қосатын үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Табиғат» музейін жаңғырту жоспарланған. Мұнда цифрлық экспозициялар мен интерактивті технологияларды енгізу көзделіп отыр. Музей аумағында орналасқан, көлемі 82 гектарды құрайтын зоологиялық вольерде бизондар мен маралдар жартылай еркін жағдайда ұсталады. Бұл нысанды да жаңартып, туристер үшін тартымды ету жоспарлануда. Бизнес өкілдерімен ынтымақтастық мемлекеттік-жекешелік әріптестік немесе бірлескен қызмет туралы келісім аясында жүзеге аспақ.
Кейінгі уақытта Ақмола және Қарағанды облыстары аумағында орналасқан «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жобалары да таныстырылды. Мұнда визит-орталық салу, сондай-ақ демалыс базасы мен глэмпингтер орналастыру жоспарланып отыр.
Туризм саласының дамуына заңнамалық өзгерістер де оң әсерін тигізуде. Инвесторлар үшін жер телімдерін алу және инженерлік инфрақұрылымға қосылу рәсімдері едәуір жеңілдетілген.
Қарағанды облысының туризм басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге бірқатар қолдау тетігі қарастырылған. Атап айтқанда, өтемақылар мен субсидиялар, сондай-ақ жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Экотуризмді дамыту туристік ағынды арттырып қана қоймай, өңір экономикасының тұрақты өсуіне серпін беретін маңызды фактордың біріне айналмақ.
Иә, қолға алынған жоспар орындалса Қарқаралы да экотуризмнің орталығына айналмақ. Бұл іс алдағы уақытта қалай атқарылады, оны уақыт көрсете жатар.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы