Дубайда әлемнің үздік арнайы бөлімшелерін біріктірген UAE SWAT CHALLENGE-2026 халықаралық турнирі аяқталды.
Kazakhstan — UAE SWAT CHALLENGE-2026 жеңімпазы
Фото: gov.kz
167
оқылды

Бес бәсекелі күн ішінде әлемнің 48 елінен 109 команда іс-әрекеттің шеберлігін, жылдамдығын, тактикалық ойлауын және үйлесімділігін барынша көрсетті. Қазақстан құрамасына еліміздің күш құрылымдарынан құралған Kazakhstan А, Kazakhstan B, Kazakhstan C, Kazakhstan D командалары және Kazakhstan Tomiris әйелдер командасы қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Айта кетейік, Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков Дубайда болып, әскери қызметшілерге қолдау көрсетіп, өз тәжірибесі мен тағылымын бөлісті.

Жарыстың бесінші күнінде қатысушылар ең серпінді кезеңдердің бірі — Obstacle Course (кедергілер жолағын) бағындырды. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша, Kazakhstan B командасы І орын иеленді, ал Kazakhstan A бесінші орынға жайғасып, үздік бестікке кірді.

Турнирдің басты жаңалығы Kazakhstan С командасының тамаша жеңісі болды, ол барлық жарыс күндерінің қорытындысында UAE SWAT CHALLENGE-2026 турнирінің жеңімпазы атанды.

Жалпы, рейтингте екінші орынды Kazakhstan А командасы жеңіп алды.

Сонымен қатар қорытынды кестеде қазақстандық командалар арасында позициялар келесідей бөлінді:

  • Kazakhstan B – 8 орын;
  • "Kazakhstan Tomiris – 18 орын;
  • Kazakhstan D – 20 орын.

Қазақстандық командалардың жеңісі мен жүлделі орындары – отандық арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жоғары жауынгерлік дағдыларының, дене дайындығы мен кәсібилігінің көрсеткіші. UAE SWAT CHALLENGE-2026-да сәтті өнер көрсету Қазақстанның халықаралық беделін нығайтты және біздің жауынгерлеріміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.