Шымкент қаласындағы Бадам өзені тағы да экологиялық дағдарыстың ошағына айналды.
Бадам өзеніндегі «балық қырғыны»
154
оқылды

Кейінгі күндері өзен бойынан балықтың жаппай қырылғаны туралы видеолар әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамның алаңдаушылығын тудырды. Кадрлардан өзен жағалауы өлі балыққа толып, судың тіршілік атаулыға қауіп төндіріп тұрғаны анық байқалады. 

Жергілікті тұрғындар түсірген бейне­ма­­­териалдардан кейін экобелсенділер да­был қақты. Солардың бірі Шымкент қа­ла­сы­ның экобелсендісі Сергей Ефремов Бадам өзе­нінің жағалауында бұрын-соңды бол­ма­ған сұмдық көрініске куә болғанын ай­тады. Оның сөзінше, жер бетіне то­лы­ғы­мен өлі балық шығып, өзен экожүйесінің күрт бұзылғаны анық байқалған. 

«Мұнда балық жайдан-жай қырылып жат­қан жоқ. Суда қандай да бір улы зат болуы мүмкін. Флора мен фаунаға хи­мия­лық заттардың тигенін жоққа шығаруға бол­майды. Адамдар балықты қап-қаппен жи­нап жүрді. Мұндай балықты тұтыну адам денсаулығы үшін өте қауіпті. Менің ойым­ша, бұл бүкіл экожүйеге ауыр соққы бол­ды», – деп дабыл қақты белсенді.

Алдын ала жүргізілген зертханалық тал­даулар өзен суының құрамында күкірт қышқылының бар екенін көрсеткен. Бұл де­рек жағдайдың кездейсоқ емес, тех­но­ген­дік сипатта екенін аңғартады. Ма­ман­дар­дың айтуынша, мұндай химиялық қо­сы­лыстар су экожүйесіне түскен жағдайда ба­лықтардың жаппай қырылуына әкелуі әб­ден мүмкін. Оқиғаға байланысты Шым­кент қаласының Экология департаменті жедел түрде әрекет етті. Мамандар өзен ар­насының үш түрлі нүктесінен су сы­на­маларын алып, балықтардың қырылу ай­ма­ғына дейінгі және кейінгі судың жағ­дайын салыстырмалы түрде тексеруге кіріс­ті. Сонымен қатар өзенге құйылған ағын­ды сулар да жеке зерттеуге жіберілді. Эко­логия департаментінің басшысы Ер­ма­хан Қозыбаевтың мәлімдеуінше, тексеру барысында маңызды дерек анықталған. 

«Арнайы экономикалық аймақ «Оң­түс­тік» аумағынан Елеман шағынауданына қа­рай тартылған кәріз құбыры Бадам өзе­німен қиылысатын тұсында жарылған. Со­ның салдарынан ағынды, сарқынды су­лар өзенге тікелей түскен. Қазір құбыр қал­пына келтіріліп, сарқынды судың тө­гілуі толық тоқтатылды. Заңды бұзған ме­­­кемеге қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары тағайындалуда», – деді ол.

Алайда басты сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр. Бұл құбыр нақты қай мекемеге тиесілі? Қазір екі нысан күдікке ілінген. Оның біреуі мемлекеттік құрылым болса, екін­шісі жекеменшік кәсіпорын. Тергеу нә­тижесінде кінәлі тарап анықталса, қол­да­ныстағы заңнамаға сәйкес тиісті шара­лар қабылданатыны хабарланды.

Балық өлекселерінен де сынамалар алы­нып, Шымкент қаласының аумақтық ве­теринариялық инспекциясына және Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Алдын ала мә­лімет бойынша, қырылған балықтардың арасында 2-5 жастағы қарабалықтар, торта, ти­бет талма балығы мен өзен абботиналары бар екені анықталған. Бұл өзендегі биоалуан­түрліліктің едәуір зардап шек­кенін көрсетеді. Қазір мамандар табиғатқа келтірілген залалды есептеу үшін өлі балық шабақтарын жинау жұмыстарын жүргізіп жа­тыр. Жиналған деректердің негізінде эко­логиялық шығын көлемі анықталып, құқық бұзушы тарапқа қатысты нақты шешім қабылданбақ.

Бұл жолы экоактивистер мен жергілікті тұр­ғындар мәселенің тек сарқынды сулар­мен шектелмейтінін айтып отыр. Өзен жағалауының қоқысқа толуы, бақылаусыз өндірістік қалдықтар мен экологиялық мәдениеттің төмендігі – Бадам өзенінің болашағына төнген үлкен қауіп. Бадам тек бір өзен емес, ол қала экожүйесінің бір бө­лігі, мыңдаған тіршілік иесінің мекені. Бүгінгі жағдай табиғатқа салғырт қараудың салдары қандай ауыр болатынын көр­сететін ащы сабақ. Егер нақты шешімдер қабылданып, жауапкершілік күшейтілмесе, мұндай экологиялық апаттар қайталана беруі әбден мүмкін.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы