Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы кезге дейін елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптаспағанын қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz
– Менің тапсырмаммен полиэтилен, бутадиен, карбамид және басқа да өнімдер шығарып, осы саланы жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жобалар іске қосылды. Үкімет бұл жобаларды уақытылы аяқтауға тиіс. Осындай мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобаларды іске асыру арқылы еліміздің негізгі химия өнімдеріне (полиэтилен, полипропилен) деген сұранысын өтейміз.
Өзімізде шығарылатын полимерді барынша өңдеу ісі жолға қойылмаған. Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылап суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады. Бұл орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек. Соның ішінде лизингпен құрал-жабдық, жеңілдікпен несие беру қажет. Бұл қадам азық-түліктен өзге өнімдердің бағасын төмендетуге зор мүмкіндік береді, – дейді ол.
Сонымен қатар Президент мұнай-газ химиясы және басқа да негізгі салалардағы өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстар қорын толықтыру маңызды екенін атап өтті.
– Қазір Үкімет тікелей мемлекеттік инвестицияға үміт артып отыр. Алдағы үш жылда бюджеттен геологиялық барлау жұмыстарына 500 миллион долларға жуық қаржы бөлу жоспарланған. Бұл өткен 30 жылда жұмсалған қаражатпен тең. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ бәрібір жеткіліксіз. Геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті болып қала береді. Онсыз геологиялық барлау жұмыстары әрдайым қазынадан бөлінетін қаржыға тәуелді бюджеттік жоба болып қалуы мүмкін, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.