Ақмола облысында 5 жасар баланың тағдыры қоғамды алаңдатып отыр.
Үйге бармаймын: Ақмолада далада жалғыз табылған 5 жасар баланың оқиғасы елді шошытты
Фото: iStock
451
оқылды

Астрахан ауданындағы иен далада жалғыз жүрген бүлдіршінді кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар байқап қалып, полицияға хабар берген еді. Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға бойынша тың деректер пайда болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Куәгерлердің айтуынша, бала әбден жүдеп, ашыққан күйде болған. Денесінде көптеген жарақат пен тыртық іздері байқалған. Кейбір ақпарат көздерінде оның денесінен темекімен күйдірілген іздер де табылғаны айтылуда. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ. Ең алаңдатарлық жайттардың бірі – қорқып қалған бүлдіршіннің үйіне қайтудан үзілді-кесілді бас тартқаны. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында және полицияның күзетімен ауруханада жатыр.

Бала қалай табылды?

Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 17 маусым күні Астрахан ауданы аумағындағы далада 2021 жылы туған кәмелетке толмаған бала жалғыз жүрген жерінен табылған. Кешкі уақытта қараусыз қалған бүлдіршіннің денесінен жарақаттар мен сырылған іздер анықталған. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, балаға дене жарақатын әкесінің туған ағасы келтірген болуы мүмкін. Сонымен қатар құқық қорғау органдары ата-анасы айтқан нұсқаларды қоса алғанда, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп жатыр.

Екі бірдей қылмыстық іс тергелуде.

Қазір аталған факті бойынша екі бірдей бап азаптау және кәмелет жасына толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция барлық тергеу әрекеттерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізді, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.

Баланың қазіргі жағдайына қатысты Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.

Ведомствоның баспасөз хатшысы Мадина Смағұлованың айтуынша, бүлдіршін ауруханаға денесінің әр жері көгерген дене жарақаттармен жеткізілген. Алғашында ол Астрахан аудандық ауруханасына жатқызылып, кейін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған.

– Баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жарақаттары біртіндеп жазылып келеді. Бала әңгімешіл, қатарластарымен жақсы араласып жүр. Жалпы, жағдайы жақсарып келеді. Жақын күндері ауруханадан шығуы мүмкін», – деді Мадина Смағұлова.

Белгілі болғандай, бала жатқан палата полиция қызметкерлерінің бақылауында.

Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға.

Далада жалғыз жүрген бес жасар баланың табылуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар мен қауесеттер тарап жатыр. Осыған байланысты Ақмола облыстық Полиция департаменті азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Ал қоғам кішкентай баланың қандай жағдайда далада жалғыз қалғаны мен оның денесіндегі жарақаттардың нақты қалай пайда болғанына жауап күтуде.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.