Шындығында қаланың шет аймақтарындағы ахуал алаңдатарлық күйде тұр. Нақтысы, қала аумағындағы Гагарин, Титов қыстағы және Тасбөгет кентіндегі тоз-тозы шыққан көпқабатты үйлерде тұрып жатқан қарашаның қарасы қалың. Әр күнінде ескі үйінің жыртығын жамап, түндерін қорқынышпен өткізіп жүрген жамағат базынасын талай мәрте жергілікті әкімдікке жеткізгенімен, түбегейлі нәтиже жоқ. Соның ішінде Тасбөгет кентіне қарасты Тасарық шағынауданындағы ахуал ондаған жылдан бері оң шешімін таппай тұр.
Негізі Тасарықтағы тозған үйлердің ахуалын газет бетінде бұған дейін де көтердік. Нәтиже-сінде, бірнеше көпқабатты үй апатты деп танылып, тұрғындары сол жағалаудан бой көтерген жаңа үйлерге көшірілді. Алайда сүрілуге тиіс бұл ескі үйлерді бұзудың орнына шатырын жаңалау сынды қарабайыр жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кезекті мұқтаж жандарға тұрғын үй есебінде беріліпті. Бұл жағдайға онсыз да өз үйлерін әлі күнге дейін апатты деп таныта алмай әлек болып жүрген тұрғындар наразылығын білдіріп отыр. Сонда апатты деп танылып, сүруге жіберуге шешім қабылданған мұндай үйлердің әлі де болса кезекті мұқтаж отбасыларға пайдалануға берілуінің мақсаты қандай? Тасарық халқын осы сұрақ мазалайды.
«Жалпы, Тасарық шағынауданының үйлері шаршаңқы жағдайда тұр. Бұған дейін апатты деп танылып, сүруге жіберуге шешім шығарылған бірнеше үй де бар. Бірақ бұрынғы тұрғындары жаңа үйге қоныстанғанымен, оған басқа адамдарды көшіріп, әлі пайдаланып отыр. Құжат бойынша сүруге жіберілуге тиіс үйлердің неге бұзылмай тұрғанын түсінбей жүрміз. Өзімізге келер болсақ, үйіміздің жағдайы өте мүшкіл күйге жетті. Қысы-жазы маса мен қандалаға таланып, өлместің күйін кешіп жүрміз. Өйткені өжіре суға толы. Ал одан шыққан күлімсі иіс үйімізге тарап, жайлы тұрмыс кешу мүлде мүмкін болмай қалды. Осы жайында қаншама рет айтсақ та, әкімдіктен қайран болар емес. Үйімізді апатты деп таныта алмай әлек болып жүрміз», – дейді Тасарық тұрғыны Эльмира Байдәулетова.
Тұрғылықты халықтың айтуынша, үйдің қазіргі күйі қауіпті. Жыл өткен сайын артқа қарай шалқалап, құлаудың аз-ақ алдында тұрғанын алға тартады. Тіпті жөндеу жұмыстарын жүргізуге де жарамсыз күйде деп есептейді. Соған қарамастан, халықтың жанайқайы ескерусіз қалып тұр екен.
«Көп жылдан бері Тасарық №9 үйдің тұрғынымын. Үйімізде тұру мүмкін емес. Уақыт өткен сайын жағдайы мүшкіл тартып барады. Өжіренің құбырлары түгел шіріген. Іргесі үгітіліп, үй бір жағына қисайып тұр. Қас-қағым сәтте опырылып, үйіндінің астында қаламыз ба деген қорқыныш басым. Бұл үйде қаншама отбасы тұрады. Әр үйде мәпелеп отырған балалары бар. Осы балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Алайда, қанша айтсақ та біздің талабымызды елеп, үйімізді апатты деп танытуға ниет білдірген жан әзірге қара көрсетер емес. Тіпті үйдің апатты жағдайда екенін білсе де, ешқандай шешім қабылданбай келеді. Енді кімге шағымданарымызды білмей отырмыз», – дейді Гүлдәрі Қабылбаева.
Осы орайда Қызылорда қаласының әкімдігінің мәлімдеуінше, 2020 жылдан бастап Қызылорда қаласы бойынша 72 тұрғын үй белгілі мөлшерде өзінің бастапқы конструктивтік қаттылығы мен төзімділігін жоғалтып, апаттық деп танылған. Соған орай апатты үйлердің тұрғындары арнайы санат бойынша құжаттарын тапсырып, осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын жеткізіп отыр.
«Меншік иелері «жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар» санатына (бұдан әрі – Санат) құжат тапсырған. Қазір аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегіне 577 отбасы тіркеуде тұр.
Осындай санаттағы азаматтарға 2021 жылы Сол жағалау шағынауданында салынған көппәтерлі тұрғын үйлерден 93 отбасына және 2022 жылы 29 желтоқсанда 60 отбасына, 2023 жылы 16 наурызда №126 тұрғын үйден 40 отбасына жаңа пәтерлер табысталды.
Сонымен қатар өткен 2025 жылдың 1 сәуірінде Титов тұрғын ауданынан 135 пәтерлік көппәтерлі тұрғын үй табысталып, 135 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар рет-ретімен атқарылып келеді», – деп мәлімдеді Қызылорда қаласы әкімдігінен.
Жалпы, жергілікті әкімдік тарапынан қала аумағындағы апатты үйлерге қатысты мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанын мәлімдеп отыр. Алдағы уақытта да аталмыш түйткілдерге қатысты тиісті жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Ал Тасарық тұрғындары талаптары тасада қалып келе жатқанына наразы. Жыл сайын жағдайларын жергілікті әкімдікке жеткізгенімен, еш қайран болар емес деп қынжылады. Әсіресе, Тасарық №9 үй тұрғындары артқа қарай шалқалап тұрған үйдің опырылып құламауына ешкім кепіл бола алмайтынын алға тартады. Сондықтан да тұрғын үйді апатты деп танып, халықты жедел түрде қауіпсіз үйге көшіру қажет деген талаптарын жеткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы