Көкшетауда созылмалы науқасы бар адамдар тегін дәрі-дәрмектерін ала алмай сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Бірақ кезек жеткенімен, өмірі үшін аса маңызды дәрісін ала алмай құралақан қайтатындар да көбейген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Түйткілді мәселе ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Бірақ қала тұрғындарын алаңдатқан жағдай сол күйі еш шешімін таппаған.
Жағдай әсіресе Назарбаев көшесі 13А мекенжайы бойынша орналасқан Viamedis емханасында қатты ушыққан. Дәрілік препараттар үшін келген науқастар таңазаннан бастап кезек күтетінін айтады. Ең өкініштісі, сол емхана ішінде орналасқан әлеуметтік дәріханаларда дәрі алуға келген жұрт дәрі-дәрмектердің қас пен көздің арасында таусылып қалатынын айтады.
– Дәріханаға хабарлассаң үнемі дәрі уақытында келмейді. Көп науқас адамдар дәрісін ала алмай дәріханалардан өз қаражатына сатып алуға мәжбүр. Ал мұнда кезек күтіп сығылысып тұрады. Өкініштісі, сол дәрілер лезде таусылып та қалады. Мәселен, мен қан қысымы жоғарылығымен есепте тұрамын. Мұнда берілетін дәрілер іс жүзінде көмектеспей де жатыр. Ақылы кардиологқа барған едім. Трипликсан жазып берді. Енді ай сайын әрбірін 7 мың теңгеден сатып алып жүрмін. Осылай емдейді, – дейді қала тұрғыны Надежда Дубинина.
Мәселені шешу үшін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қалалық емханаларда тағы бірнеше тегін дәрі-дәрмек босату терезелері ашылатынын хабарлады.
– 14 қаңтардан бастап Көкшетау қаласының қалалық емханаларына тегін дәрі-дәрмек құралдарын жөнелту басталды. Барлық емханаларда тегін дәрі-дәрмектің алғашқы ірі көлемдегі жеткізілімдері кезеңінде дәріханалардың жұмысы күшейтілді. Дәрі-дәрмек алу кезінде кезекті азайту мақсатында «Виамедис» емханасында препараттарды беру үшін 3-терезе ашылатын болады. Сонымен қатар «Виамедис» ЖШС филиалдарында дәрі-дәрмек беру пункттерін ашу мәселесі қосымша пысықталмақ. Аталған мәселе тұрақты бақылауда. Препараттардың болмауына қатысты мәселелер туындаған жағдайда емхананың пациенттерді қолдау қызметіне, сондай-ақ «СК-Фармация» ЖШС-ның 1439 тегін нөмірі бойынша Call-орталығына хабарласуларын сұраймыз, – дейді Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.