Қылышын сүйретіп қыс келгенде қарағандылықтардың басты мәселесі таза ауа болады. Міне, үш-төрт күн болды, қаланы көк түтін басып тұр.
Көк түтінге тұншыққан шаһар
449
оқылды

Қарағанды ​​– елімізде тау-кен өндірісі­нің астанасы және ауаның ластану деңгейі «өте жоғары» деп бағаланған алты қаланың бірі. Мақала жазылып жатқанда, Қара­ған­ды­да ауаның ластануын болжау бойынша 58-ші деңгейде тұрды. Бұл дегеніміз – ор­таша баға.

 «Жалпы, ауа сапасы көп адамға қо-лайлы, алайда сезімталдығы жо­ғары адамдар ұзақ уақыт көшеде жүрсе, тө­­мен және орташа ауырлықтағы бел­­гілер пай­да болуы мүмкін», – деп жаза­ды ме­терео­логтар.

Ауа сапасын бақылау үшін Қарағандыда төрт автоматты сынама алу стансасы және төрт қолмен сынама алу стансасы орнатыл­ған.

«Қазгидромет» мемлекеттік кәсіпорны ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қарағандыдағы ауа сапасы әдетте «жақсы» деп бағаланады. Ауа сапасының картасында Қарағандыдағы не­гізгі ауа ластаушы зат PM 2.5 бөлшектері – күйе бөлшектерінен (ірі көмір өндіру орталығының жақындығына байланысты), ас­фальттан және биологиялық ластаушы­лар­дан (микроорганизмдер мен аллерген­дер) тұратын ауадағы микробөлшектер еке­ні көрсетілген.

Жақсы деңгей текше метрге он екі мик­рограммға дейін деп саналады. Қарағандыда бұл деңгейлер аудан бойынша әртүрлі: ау­дан қала орталығынан және өнеркәсіптік ны­сандардан неғұрлым алыс болса, деңгей соғұрлым төмен болады, демек ауа сапа­сы­ның индексі соғұрлым жоғары болады.

Ауа сапасының индексі (АСА) туралы ақ­парат беретін  халықаралық дереккөздер мен веб-сайттар Қарағандыны көбінесе «орташа» санатқа жатқызады.

Қарағандының ауасы көміртегі тотығы­мен, күкірт диоксидімен және азот окси­ді­мен де ластанған таза ауа – бұл заттар қазба отын­дарын жағу кезінде, әсіресе іштен жану қозғалтқыштарында (автокөліктерде), сон­дай-ақ өнеркәсіптік қазандықтар мен пештерді пайдалану кезінде пайда болады. 

Жылы айларда қала өте шаңды болады, бұл тыныс алуды қиындатады және терінің тітір­кенуін тудырады. 

Қарағанды ауасының ластануына өнер­кәсіптік нысандардың қалаға жақын орна­ласуы да әсерін тигізуде. Қаланың ішінде бірнеше фабрика мен сыра қайнату зауыты орналасқан. Екі жылу электр стансасы, ЖЭО-1 және ЖЭО-3, қала шегінде орна­лас­қан – Майқұдық және Пришахтинск тұр­ғын аудандарынан екі-үш шақырым қа­шықтықта. Кеніштермен бірге олар да Қарағандыдағы ластанудың негізгі көзі.

Жергілікті жылу электр стансаларынан бас­қа, елдегі ең ірі болат құю зауыты Қара­ған­ды ​​металлургия зауыты қаладан небәрі 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Жыл сайын атмосфераға қоршаған ортаға зиян­ды заттардың рұқсат етілген шекті шы­ғарындыларының бұзу мен асып кету­лері жиі қайталанады.

Компания айып төлейді, бірақ жағдай келесі жылы тағы қайталанады. Мұндай ірі кә­сіпорынның стандарттарды бұзуы Қара­ған­ды ​​мен Теміртаудағы ауа сапасын на­шар­латады.

Қарағанды ​​тұрғындары бірнеше күннен бері таза ауа жұта алмай жүр. Кеш батса бол­ды таңға дейін қаланы қою түтін басып тұр. Пәтерлер желдетілмейді, ал далада серуен­деу денсаулыққа зиянды.

Экология департаменті бұл жағдайды ауа райының тұнық болуымен байланыс­тыра­ды. Негізгі себеп жеке үйлердегі жа­ғыл­ған пеш түтінінен және де қаладағы кө­лік­тер саны артуынан шығып отыр. Ауаның лас­тану деңгейі қала ішіндегі аудандарда қауіп­сіз­дік стандарттарынан асып түсуде.

«Көбінесе жоғары ластану жеке үйлер пешінен  шығатын түтіннен болады. Ал тыныш ауа райы күшейте түседі», – дейді Қарағанды ​​облысы бойынша Экология департаментінің баспасөз хатшысы Диана Сапарқызы.

Ал экологтар болса, бұл жағдайда өз пі­кір­ін айтуда.

«Жыл сайын қаламызда жағдай на­шарлай түсуде. Қарағандыдағы ауа сапасы туралы айтып отырмын. Сізге ешқандай құралдың да, қанша ластаушы заттың рұқ­сат етілген шектен асып түсетінін көр­се­тетін «Қазгидромед» веб-сайтын қараудың да қажеті жоқ. Барлығын мұрныңыз сезіп,  көзбен көріп отырсыз», –  дейді эколог Дмитрий Калмыков. 

Шенеуніктер қалада тыныс алу 10 жыл бұрынғыға қарағанда, шынымен де, қиын­дағанын мойындайды. Бүгінде аллергиямен ауыратындар саны да артқан. Түтіннен құ­тылудың бірден-бір жолы газдандыру бо­латын. Бүгінгі күні газдандыру жұмыс­тары жалғасуда, бірақ көпшілігі әлі күнге дейін газ алған жоқ.

«Қазір 8 500-ден астам жеке тұрғын үй газ желісі жеткізілді. Оның ішінде 6 400-ден астам үйге техникалық шарттар берілген. Оның 4 300 үйі газға қосылды. Иә, айыр­ма­шылық бар. Біз біраз үйді қосқаны­мыз­бен, кейбір адамдар әлі қосылмаған», –  деп түсіндіреді облыстық Энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының энергетика және газдан­дыру бөлімінің басшысы Адай Қуаныш.

Таза ауа жұту үшін газдандыру толық аяқ­талуы керек. Ал Қарағанды облысында газ­дандыру жұмысы 2036 жылға дейін біт­пейді.

Былтыр Қарағанды ​​халықаралық рей­тинг­­тер бойынша әлемдегі ауа сапасы ең лас үш қаланың қатарына енгенін ұмытпайық.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы