Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Каристі қарсы алды.
Достықты нығайтуға басымдық беріледі
1,226
оқылды

Алдымен Ақордада құрметті мей­ман­ды ресми қарсы алу рәсімі өтті. Тарап­тар бір-біріне ресми делегация мү­шелерін таныстырды. Құрмет қа­рауылы ротасының бастығы мем­ле­кет­тер басшыларына рапорт беріп, екі ел­дің әнұраны шырқалды.

Бұдан кейін Қазақстан мен Эсто­ния президенттері  келіссөз жүргізді. Кез­десу бары­сын­­да мемлекеттер бас­шылары эко­но­микалық ықпал­дас­тықтың басым бағыттарын тал­қы­лады. 

Атап айтқанда, тараптар сауда-ин­вестиция, цифрландыру, жасанды ин­теллект, көлік-логистика, өнер­кә­сіп кооперациясы, ауыл шаруа­шы­лы­ғы, аса маңызды минералдар және бі­лім-ғылым салаларындағы ынты­мақ­тастық мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Қа­зақстанның Еуропа Одағындағы се­німді серіктесі екеніне назар ау­дар­ды.

– Бұл сапар екі мемлекет арасын­дағы өзара тиімді әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашады. Еліңізді Балтық өңі­ріндегі, сондай-ақ Еуропа Одағын­дағы өте маңызды серіктес ретінде қа­растырамыз. Эстония иннова­ция­лық және өркендеген мемлекет құру жолында таңғаларлық табысқа жетті. Сіздің еліңіз цифрлық жүйеге негіз­дел­ген мемлекет, үкімет және қоғам құру ісінде көш бастап тұр. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету, аза­мат­тарды ел басқару ісіне тарту бойынша көп­ке үлгі. Біз Эстонияның заң мен тәр­тіп қағидатын ұстануға, білім беру дең­гейін арттыруға және орнықты даму­ға бейілділігін жоғары баға­лай­мыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екіжақты ық­пал­дастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан мен Эстония барлық бағыт бойынша жан-жақты байланыс орнатқанын жеткізді. 

Екі ел арасындағы саяси диалог ашық әрі сындарлы сипатта өрбіп, өзара түсіністікті нығайтуда парла­мен­таралық ынтымақтастық маңыз­ды рөл атқарып отыр. 

Президенттің айтуынша, Қазақ­стан мен Эстония халықаралық ұйым­­­­­дар аясындағы ықпалдастықты жолға қойған. Негізгі өңірлік және жаһандық мәселелерде, соның ішінде бейбітшілікті, тұрақтылық пен ор­нық­ты дамуды қамтамасыз етуде ұста­нымдары ұқсас.

Кездесуде өзара қарым-қатынас­тың маңызды бағыттарының бірі са­на­латын экономикалық ынтымақ­тас­тыққа баса мән берілді. Президент Эсто­нияның 2005 жылдан бері Қа­зақстан экономикасына құйған тіке­лей инвестициясы 128 миллион дол­лардан асқанын атап өтті. Қазір елі­міз­де 80-нен астам эстониялық ком­пания логистика (CF&S Kazakhstan LLP), пошта қызметтері (Omniva) жә­не цифрлық сервис (Bolt) сала­ларын­да табысты жұмыс істеп жатыр.

Мемлекет басшысының пікірінше, Эстониядан үлкен бизнес-деле­га­ция­ның келуі Таллиннің серіктестік ая­сын одан әрі кеңейту ниетін танытады. Қазақстан эстониялық компания­лар­ға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гума­нитарлық байланысты тереңдету Қазақстан мен Эстония арасындағы достықты нығайтуға тың серпін бе­ре­ді деп санайды. Президент ғылым-бі­лім саласы екіжақты ынтымақ­тас­тық­тың ең перспективті бағыты бо­лып қа­ла беретінін айтты.

Өз кезегінде Алар Карис Қазақ­стан­ды Эстонияның Орталық Азия­да­ғы ең маңызды экономикалық се­рік­тесі деп атады.

– Эстония Қазақстан мен Еуропа Ода­ғы нарықтары арасында қуана-қуа­на дәнекер болады. Эстония биз­нес өкілдері Сіз атап өткен транзит жә­не логистика саласынан бөлек, Қа­з­ақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір. Бизнес-де­ле­гациямыздың құрамында 40 ком­па­ния бар. Олар логистика, транзит, ақ­параттық-коммуникациялық тех­нологиялар, киберқауіпсіздік, сон­дай-ақ білім және ғылым салаларында қыз­мет көрсетеді. Еуропа Одағының мү­шесі ретінде Эстония Орталық Азия­ның, оның ішінде аймақта көш бастап тұрған Қазақстанның ЕО-мен стратегиялық серіктеске айнал­ға­нына қуанады. Атап айтқанда, ЕуроОдақ Global Gateway жобасы аясында көлік және өңіраралық бай­ланыс сала­сындағы қатынастарды ны­ғайтуға ниет­ті, – деді Эстония Президенті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге сапармен келгені үшін Алар Кариске ризашылығын білдіріп, бүгінгі кездесуді шынайы достықтың нышаны әрі өзара ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.