Ресми статистикаға назар аударсақ, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қалаға 496 944 адам келген. Былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 4,9 пайызға өскен. Ашық дереккөзде жарияланған деректер көрсеткендей, алыс-жақын шетелден келген қонақтар Алматының тауларына ат басын бұрмай кетпейді. Десе де, кейінгі уақытта тауға шығатын туристер саны артқан сайын, қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібіне шығып отыр. Осыны ескерген Алматы қаласының әкімдігі таулы бағыттардағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөле бастады.
1 мың шақырымнан астам тау маршруты цифрландырылды
Әкімдік мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезеңде 10 басым бағыттағы маршруттарды жаңарту жұмысы аяқталуға жақын. Олардың қатарында Көкжайлауға шығатын жол, Нұрлытау шыңына баратын соқпақ, Бутаковка бағыты, Халық соқпағы, сонымен қатар Кімасар және Панорама бағыттары бар.
– Жоспарланған жұмыс аясында навигациялық белгілер, ақпараттық тақталар, бағыттамалар, қоршаулар мен қарау алаңдары орнатылып жатыр. Соқпақтарда қауіпсіздік құрылымдары, ағаш қаптамалар, сатылар және демалыс аймақтары жасалған. Тағы бір маңызды нысан – Алма-Арасан бастауы толық жаңғыртылды. Ұзындығы 775 метр болатын соқпақ жаңартылып, беткейлері бекітілді. Көпірлер қалпына келтірілді және қауіпсіздік жүйелері орнатылды, – деп көрсетілген әкімдік берген ақпаратта.
Одан бөлек, қазір Алматы тауларында цифрландыру жүйесін дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Қазірдің өзінде 1 мың шақырымнан астам тау маршруты толық цифрландырылған. Мұндай жүйе туристердің қозғалысын бақылап, төтенше жағдайда жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қала басшылығының дерегінше, 750 шақырымнан асатын маршрут көркейтіліп, жолдардың қауіпсіздігі күшейтіліпті. Сондай-ақ табиғат аясында демалуға жағдай жасау мақсатында 16 кемпинг-аймақ жасақталған. Әлемнің әр нүктесінен келетін туристердің жайлылығын қамтамасыз ету үшін 110-нан астам нысан мен 10 маршрутқа арналған аудиогид бес тілде қызмет көрсетеді.
Алматы қаласының ТЖД дерегіне назар аударсақ, 2025 жылдың алғашқы 9 айында ҚР ТЖМ құтқару бөлімшелері, Алматы қаласы ТЖД және еріктілер 300-ден астам іздестіру-құтқару жұмысын жүргізген. Іздестіру кезінде 482 адам құтқарылған. Олардың 88-і – кәмелетке толмаған балалар. Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Денис Ярцев жыл сайын тауға шығатын турист санының ұлғаюына байланысты жазатайым оқиғалар да көбейгенін айтады. Оның сөзінше, әдетте мұндай өсім кәсіби альпинистер мен туристер есебінен емес, керісінше, дайындықсыз келетін әуесқойлардың әрекетінен болады. «Туризм басқармасының мәліметі бойынша, біздің таулы аймаққа келетін туристік ағын жыл сайын шамамен 20 пайызға артады», – дейді Д. Ярцев.
Тауда саналы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру маңызды
Қысқы маусымның ашылуына орай Shymbulak тау курортында өткен ақпараттық сессияда кәсіби құтқарушылар, альпинистер мен сарапшылар таудағы қауіпсіздік мәселесін ортаға салды. Бүгінде Shymbulak демалыс орнының өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтсақ, техникалық жабдықтау, құтқару құралдарын жаңарту, арқан жолдарында профилактикалық жұмыстар жүргізу және эвакуациялау іс-шараларын ұйымдастыру негізгі басымдыққа айналған.
– Біз үшін тауда саналы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру маңызды. Әрбір қонақ қауіпсіздікті өз демалысының ажырамас бөлігі ретінде қабылдаса дейміз. Біз әр маусым сайын ақпараттық сессиялар өткізіп, дұрыс жабдықталу мен тау бөктеріндегі тәртіп ережелері туралы айтамыз. Сондай-ақ арнайы бейнероликтер мен нұсқаулықтар таратамыз. Курорт аумағында ski-патруль – кәсіби құтқарушылар тобы үнемі жұмыс істеп, жыл сайын шетелдік мамандардан арнайы дайындықтан өтеді. Олардың тәжірибесі мен кеңестері өте құнды, – деді Shymbulak Outdoor бөлімінің жетекшісі Махамбет Абдуллаев.
Құтқарушылар тау бөктерінде FIS халықаралық ережелерін сақтауды талап етеді. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, тіпті кейбір шетелдік курорттарда аталған ережелерді бұзған азаматтар заңдық тұрғыда жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Осы ретте кәсіби құтқарушы, Shymbulak Outdoor резиденті Александр Голованов тұрғындарға тауға шықпас бұрын дайындықты пысықтап алуға кеңес береді.
– Таудағы қауіпсіздік – ең алдымен, дұрыс таңдалған киім мен жабдыққа байланысты. Суықта тоңып қалмас үшін сапалы әрі ыңғайлы киім кию маңызды. Сонымен қатар қорғаныс құралдарын қолдану және өз деңгейіңізге сай трассаны таңдау жарақаттың алдын алады. Ең бастысы, нұсқаушылардан кеңес сұраудан тартынбаңыз. Бұл – денсаулығыңызды сақтап, демалыстың жақсы әсерде өтуіне мүмкіндік береді, – деді А.Голованов.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы